Бекзат Молдабергенов, әнші: «Жанарым-айдың» әлі екі жылдай «нанын» жейтін шығармын»

Oinet.kz 16-04-2019 1131

Screenshot_16.jpg

- Бекзат, жақында Қызылорда қаласында жеке шығармашылық концертіңді бердің. Алғашқы кешіңді халық қалай қабылдады?

- Концерт мен ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Бірінші қолға алған үлкен ісім болғандықтан аздап қобалжыған едім. Алайда менің де өнерімді бағалайтын тыңдаушыларды көріп, олардың қошеметінен кейін бойдағы қорқыныштың бәрі сейіліп кетті. Кештің керемет өтуіне продюссерімнің қосқан үлесі көп болды. Сценарии, идеяның барлығы сол кісінікі. Концерттен кейін «болдым» деп тоқтап қалмай, қазір шығармашылық жұмыстарымды одан әрі жетілдірудемін. Қараша айында еліміздің Шығыс, Батыс, Оңтүстік өңірлерін аралап, концерт беруді жоспарлап отырмын. Одан бөлек бір әніме бейнебаян түсіргелі жатырмын.

- Продюсермен бірлесіп жұмыс істеп жүргеніңе көп болды ма?

- Продюсерім Мира Келімбетовамен өткен жылы  «Саз әлемі» жобасынан кейін бірге жұмыс істей бастадық. Өзі ұсыныс жасаған соң бас тарта алмадым. Себебі оның маған шын ниетпен көмектескісі келетінін, өнеріме жанашырлық танытып жүргенін білетін едім. Бір жылдың ішінде өзара сыйластықпен, түсіністікпен біраз әндер жаздыртып тастадық. 

- Бейбіт Қорғанның «Шоқ қыздары» мен Ақылбек Жеменейдің «Қызыл өрігі» тойдың  көркі  болып еді. Сен де  «Жанарым-ай» әнің арқылы талай тойларға шақырту алған боларсың? 

- Жасыратыны жоқ, мені елге танытқан және асырап келген осы ән. Негізінде «Жанарым-ай» әнінің шыққанына үш жылдай болып қалды. Алғашқы жылы ән елге тарай қойған жоқ. Оны халықтың құлағына жеткізген «Жайдарман» еді. «Жайдарманда» әзілдің басында, соңында қысқаша әндер қойылатынын білетін шығарсыздар. «Қорқыт құрамасы» КВН командасы әзіл барысында осы әнді қойып жүрді. Арада шамалы уақыттан кейін әннің толық нұсқасын, оның орындаушысын іздестірушілер көбейе бастады. Осылайша ән халыққа тарап кетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Тараз қалаларында сұраныс жоғары болды. Қазірде осы әнді сұраушылар көп. «Жанарым-айдың» әлі екі жылдай «нанын» жейтін шығармын. Жалпы қазір «Жайдарман» арқылы танылған әндер көп. Мысалы Абай Бегейдің «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деген жолдары бар әні және қазір хит болып тұрған Асхат Тарғыновтың «Мария Магдалена» әнін де халыққа жеткізген осы «Жайдарман».   

- «Жайдарман» демекші өзің де «Қорқыт құрамасы» КВН командасында өнер көрсеттің емес пе?

- Ия. Аталған команданың біраз жігіттерімен қарым-қатынастамын. Бірде олар маған командаға қосылу жайлы ұсыныстарын жеткізген. «Әзілге икемі жоқ ойыншыны қайтесіңдер?» деген едім, «Жайдарманда» орындалатын әндердің барлығы тірі дауыста айтылуы керек деген талап қойылғанын айтты. Мен жерлестерімнің көңілін қалдырмай, келісімімді бердім. Маған сахнада ән айту ғана жүктелді. Осылайша бір жылдай көңілді жігіттермен бірлесіп жұмыс істеп көрдім. 

- Арнайы той үшін ән жаздырасың ба?

- Жоқ, әндерімді мынау тойға, мынау концертке деп бөліп-жарған емеспін. Ән жаздырар кезде өңдеушілерге тойға да, сахнаға да өтімді болсын деген талап қоямын. 

- «Қазір қазақ эстардасында «жылауық» әндер мен «жылауық» әншілер көбейіп кетті» деген пікірге алып қосарың...

- Расында да қосылуға болатын секілді. Бірақ барлық сазгер мен әншілерге топырақ шашуға болмайды. Себебі әр әншінің табиғаты, болмысы болады. Кейбір әншілердің болмысына мұңлы әндерді айтқан сай келіп жатады және өзіне жарасымды. Кез-келген әншінің репертуарын алып қарасаңыз махаббат туралы әндер кездеседі. Бірақ тек қана зарлап қалған әндерді шырқауға тағы болмайды. Өз басым көңілді әндерді көбірек жаздыруға тырысамын.

- Жас өнерпаздарды сынаушылар да, мінеушілер де көп. Саған тыңдармандар тарапынан көбінесе қандай сындар айтылып жатады?

- Сын түзелмей мін түзелмейді ғой. Сондықтан сынды жақсы қабылдай білетін адаммын. Алайда кейде адамдар жөнсіз сынап, артық кетіп жатады. Мұндай сындарды әлеуметтік желілерде жастардың тарапынан жиі оқимын. Уақыттың тапшылығына байланысты парақшаларымда көп жағдайда көмекшім отырады немесе парақшам күні бойы қосулы қалып кететін кездер болады. Осындай сәттерде әсіресе, жас қыздар «көкірек екенсің» деген сыңайлы пікірлері жазып жібереді. Кейбірі тіпті, боқауыз сөздерді де қолданып жатады. Мұндайларға мән бермей, сабырлық танытамын әрдайым. Ал өнеріме тікелей қатысты сындар «Саз әлемі» байқауында біраз айтылды. Өмірде көңілді адам болғаныммен өнерде өзімді тұйық, сабырлы ұстайтын адаммын.   Осыны байқаған сарапшылар, мамандар «сахнада билемейсің, күлімдеп тұрмайсың» деген ескертулер жасаған. Қазір осы олқылықтардың орнын толтырдым, ән айтқанда билейтін де болдым, күлімдеуді де үйрендім.  

- «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей бойыңда басқа тағы қандай өнерің бар?  

- Асып-тасып бара жатқан өнерім жоқ. Дегенмен аздап аспаздық қабілетім бар. Бала күнімнен анамның жанына отырып ас әзірлегеніне қарап, үйренгенмін. 

Мұрағаттан: 30.10.2014

Рустам Ибрагимбеков: «Қолға қалам аларда... қобалжимын»
Әлия Дәулетбаева, ақын: «Жүрегімді құлыптап, өлеңге орын қалдырмаған кездерім де болды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу