Айдос Тоқтарбаев, акробат: Әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енуден үміттімін

Oinet.kz 16-04-2019 1288

Screenshot_10.jpg

- Айдос, ел сенің кішкене жәшікке сыйып кететін, қылыш жұтатын өнеріңе куә. Халықты тағы қандай өнеріңмен таңқалдырмақ ойың бар?

- Біраз уақыттан бері жаңа шоудың жұмысымен шапқылап жүрмін. Соңғы кездері ел көзіне көрінбей, тасада қалғаным да сондықтан. Халыққа ұсынғалы отырған кезекті өнерім--екі жүк көлігінің ортасына шпагатпен отырамын. Көліктер қозғалған кезде мен екеуінің ортасында дәнекер ретінде тұрамын. Осылай 30 метрге дейін «шынжырдың» қызметін атқармақпын. Бұл трюкты әлемде жасап көрген  «мықтылар» болған. Алайда сирек. 

- «Буынсыз адам» екеніңді қай кезден бастап сезіне бастадың?   

- Бұл Алланың маған берген ерекше сыйы деп білемін. Бесікте жатқанымда-ақ  аяқтарымды, қолдарымды майыстырып жататын болған екенмін. Мұны көргендер мені «мүгедек» деп ойласа керек. Өсе келе  үш жасым­да қабілетімді марқұм туған ағам Ардақ байқап, буын­да­рымды жазып, түрлі жаттығулар жа­сатқан. Ол маған екі столдың ортасына шпагатка отырғызып, шарбақтарға аяғымды тік көтертіп үйрететін, түрлі трюктарды жасатқызды.  Сондай-ақ Ван Дам, Джеки Чан секілді актерлардың фильмдерін үзбей көріп, олардың іс-әрекеттерін қайталауға тырысатынмын. Мектепте оқып жүргенде денешынықтыру сабағында шыбықтай майысқақтығым бірден көзге түсе бастады.  Осылай жастайымнан «буынсыз бала» атандым.

- Қауіпті трюктардан кейін жараланған кездеріңді айтсаң.  

- Ия  талай рет қабырғам, мұрным, саусақтарым  сынған. Қауіпті трюктар кезінде бір қимылды дұрыс жасамай қалсаң «оңбай таяң жеуің» мүмкін. Мәселен ауыр затты көтеріп лақтырғанда дұрыс айналмай қалса саусақтарыңды зақымдайды. Қылыш жұтқан кезде де сасқалақтап, денеңді қатты ұстап қалсаң қылыштың жүзі тамағыңды кесіп кетеді. Одан кейін он күндей тамақ іше алмай, қиналып жүресің. Сондықтан жараланып қалуың әп-сәтте, байқамай қаласың. 

- Осындай сәттерде қарапайым адам болуды аңсайтын шығарсың.

- Ондай сәттер болып тұрады. Бірақ Алла берген талантты бойда бұғып қалғым келмейді, кейде мамандығың үшін жанпида етуің керек. Дегенмен бала күнімде мені барлығы футболшы немесе басқа да спорт иесі болады деп күткен. Себебі футбол ойнағанда мен қақпада тұратынмын. Көзімнің қырағылығы мен «нерв жүйесі» дейді ғой, сол қабілеттемінің арқасында ойыншының аяғы допқа тимей жатып доптың қай бағытқа бет алғанын сезіп,  әрі жеңіл секіргендіктен допты бірден қағып ала қоямын. Спорттан бөлек журналист болуды армандадым. Әдеби кітаптарды оқығанды жаным жақсы көреді. Әсіресе Әзілхан Нұршайықов ағамыздың шығармаларын  оқығаннан кейін журналист болуға деген ынтызарлығым артып кететін.   

- Бір сұхбатыңда «цирк өнері біздің елімізде көтерілмейтініне көзім жетті» депсің. Қазақ циркіне неліктен көңілің толмайды?

- Біздің елімізде шындығын айту керек цирк өнерін бағаламайды. Цирк әртістері - өмірлерін  қауіпке тігетін өнер иелері. Манежде халықтың көңілінен шығамыз деп жүріп   мертігіп, тіпті мүгедек болып қалуың да мүмкін. Осылай ақ тер көк терге түсіп жүрген жандардың айлығын естісең шошисың. 30-40 мыңның айналасы ғана. Бұған қарағанда базарда арба сүйреп жүрген адамдардың табысы көп шығар. Жергілікті әртістердің шетелге асып кететіндіктері де сондықтан. Шетелде әртістерге, соның ішінде ерекше мамандық иелерінің өнерін жоғары бағалап, мықты жарнама жасайды, беделін асырады. 4-5 мың доллардың көлемінде жалақы береді. Шетелде болып келген курстастарым елге қайтып оралғанда қазақ циркінің бүгінгі жағдайын көріп, жыларман болды. Өнерлі азаматтарға үкімет тарапынан ешқандай көңілдің бөлінбейтіні шындық. Өз басым трюктарымды фильм етіп түсіріп, басқа да жоспарларымды жүзеге асыру үшін талай есіктің табалдырығын тоздырғанмын. Қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге «Өнеріме қолдау көрсетіңіз десең» «Бұл өнеріңнен бізге келіп кетер пайдасы бар ма?» дейді. Талай жыл қазақ өнерін әлемге паш етсем деп тыраштанып келе жатқаныммен, демеудің жоқтығынан жоғары өрлеу қиын болып тұр.   Қазақта  талантты адамдар көп, бірақ  олардың ақшалары жоқ. Біздің әлемдік деңгейде шыға алмай отырған себебіміз де осы. 

- Шетелге кетпек ойың бар еді, айнып қалған сияқтысың ғой?

- Жоқ, айныған жоқпын. Шетелге баруға көптеген ұсыныстардың түскені рас. Алайда ақымақтығымнан келіп тұрған мүмкіндіктерімді жіберіп алдым. Алдағы уақытта тағы ұсыныстар түсіп жатса, кетуді құп санап жүрмін. Алайда тұрақтап қалатын ойым жоқ. Тек басқа елдердің де өнерін көріп, адамдармен араласып, тәжірибе жинақтағым келеді. Қанша дегенмен өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болған артық қой. Ол жақтан жинақтап келген тәжірибемді осында іске жаратып, қазақ циркін дамытуға күш салғым келеді. 

- Жоғарыда Ван Дам, Джеки Чанға еліктеп өстім дедің. Бүгінде саған еліктеп жүргендер бар ма?

- Кейде ата-аналар «менің балама да өнеріңді үйретсең» деген өтініштерін айтып жатады. Жалпы болашақта жас балаларға ұстаздық етіп, кішігірім үйірме ашу ойымда бар. Ол үшін өзім біраз білімді, өнерімді шыңдап алуым керек. Жастардың арасында мені өзіне ұстаз санайтындары да кездеседі. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде оқитын Жұмат есімді жігітке онша-мұнша элементтерді күн сайын жаттықтырмасам да  үйретіп тұрамын. Ол әуеде арқанмен жүреді. Өте талантты жігіт, болашағынан зор үміт күтуге болады.   

- Ерекше қабілетіңнің күнделікті өмірде пайдасы тиіп жататын шығар...

- Әрине, көп пайдасы тиіп жатады. Әр түрлі ситуациялардан осы өнердің арқасында шығып жатамын.  Адам сыймайтын, өте алмайтын жерлерден оп-оңай өтіп кете беремін. Асығыс кездері, немесе есік жабық сәттерде  екінші қабатқа шығып, одан қайта  секіріп түскен кездерім де болды. 

- Қазақстандық КИнЭС ре­кордтар кітабына екі рет ендің. Тағы қандай белестерді бағындырғың келеді?

- 2004-2006 жылдары Қазақстанның рекордтар кітабына екі мәрте ендім. Яғни «Буынсыз адам» және «Сауыт адам» деген атпен рекорд жасап тіркелгеннен кейін алдыма әлемдік Гиннестің рекордтар кітабына енуім керек деген мақсат қойдым. Алдыңғы жылдары Өскемен қаласында алаңға жиналған 5 мың жұртышылықтың көзінше   қысқа толқынды пештің көлеміндей ғана болатын қорапшаға емін-еркін кіріп, әрі-бері қозғалып, қимылдар жасадым. Қойылымды таспаға түсіріп Гиннестің рекордтар кітабына тіркейтін мамандарға жібергенмін. Соның жауабын күтіп жүрмін. 

Мұрағаттан: 23.10.2014


Жанар Байсемізова: Қазақтың «қан тартады» деген сөзінің қаншалықты қастерлі, шын екенін түйсіндім
Рустам Ибрагимбеков: «Қолға қалам аларда... қобалжимын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу