Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
– Осы танымал адамдар «атаққұмар» емеспін дегенді жиі айтады. Сіз де бір сұхбатыңызда «даңққұмарлыққа қызықпаймын» депсіз. Алайда, мемлекеттік сыйлықтардан кенде емессіз ғой...
– Иә, үш бірдей атағымның бары рас. Алайда, мен оларды біреуден тіленіп, сұрап алған емеспін. Олар маған өздері келді десем, қателеспеймін. Мысалы, «Дарын» сыйлығын алғанда жасым шектеу мөлшерінен асып кеткен болатын. Комиссия мүшесінде болған режиссер Болат Атабаев жас өнерпаздардың тізіміне қарап шығып: «Бұл театрда атаққа Бекжан мен Данагүл ғана лайық», – деп біздің құжатымызды өзімізге айтпай, тапсырып жіберіпті. Осылайша «Дарынды» қалай алғанымды өзім де білмей қалдым. Ал, «Еңбек сіңірген қайраткері» атағын аларда бір режиссер ағамыз сыртымнан құжатымды беріп жіберіпті. Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иелену үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Оны Мұқағали ағаны еске алу кешінен кейін тапысырып, мені таңқалдырды. Ұлағатты ұстаздардың өнегесін көргеннен кейін ешқашан сыйлық үшін табалдырық тоздырып, тыраштанған емеспін.
– Сізді қарапайым халық Ақылбай ақсақал ретінде біледі. Сол Ақылбайды сағынасыз ба?
– Шын сөзім, сағынамын! Неге десеңіз, мен оған дейін театрда талай шалдың образын жасадым. Әуезов театрындағы қарттар рөлінің көбісі маған бұйырғыш. Бірақ, мені елгі Ақылбай шал танытқан соң «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей ол халыққа да, маған да ыстық. Егер сол бағдарламаның жалғасы түсірілсе, қайтабан Ақылбай болу бақытынан бас тартпас едім. Өйткені, қазіргі таңда қазақ телевизиясына «Ұят болмасын» секілді ұлттық нақышы өрілген бағдарламалар жоқтың қасы. Көк жәшікте жеңіл-желпі дүниелердің қаптап кеткеніне кейде көңілім құлазып қалады.
– Ақылбай ақсақалда кейін Алдар көсе де болдыңыз. Мұны екінің бірі біле бермейді. Сізде мақтанып айтпайсыз.
– Оны несіне мақтана айтамын? Дубляж жасауға өтініш алдым. Қуана қуана келістім. Соңында шошыдым. Себі, мультфильмнің кешкіліктері көп еді. Аудармасы адамды өлтіреді. Орысшадан тікелей сүйкей салған. Ұйқас, мән-мағына тапсаң, Құдай ақы! Сөйтіп «Алдар көсені» қайтадан аударып, дыбыстап шықтым. Өмірде қазақи қоңырлығымнан жаңылмаған адаммын. Сондықтан, балалар алдында жауапкершілікті сезіндім де туындыға ұлттық болмысты беруге барымды салдым. Біткен іске сыншы көп. Бұл туынды туралы да көпшіліктің пікірі сан түрлі. Бірақ шетелдің балалар кейіпкерінен «Алдар көсе» мың есе артық қой.
– Сізді тойларға қызмет көрсетуге шақырып тұратын болар. Намыстанбайсыз ба? Қалай дегенімен, атағыңыз, өнердегі дәрежеңіз бір төбе адамсыз...
– Жиі шақырады. Кәсіби әнші болмасам да шақырған жерге баруға тырысамын. Нарықтық заманда қосымша қаражат көзің болмаса, бір жалақымен жанұяны асырау қиын. Ал театр әртістерінің жалақысы өздеріңіз білесіздер, мардымсыз. Сондықтан, бұл еңбегіме, тойдағы пайдама намыстанбаймын. Мен ешкімнің үйіне түсіп, ұрлық істеп жатқан жоқпын ғой!
– Қарап отырсақ, сіздерге бәрі оңай сияқты. Бір образдан біреуіне өтіп жүре бересіздер...
– Оңай дүние қайдан болсын! Образ немесе кейіпкерді сомдау әртіске сеніп тапсырылғаннан кейін оған қиянат жасауға болмайды. Мен образға енбес бұрын көп ізденем. Әсіресе, белгілі тұлғаларды ойнау өте қиын. Кейіпкеріңнің жандүниесіне үңіліп көру үшін ол туралы мәліметтер, ақпараттар, шығармаларды оқып-зертттеу қажет. Мәселен, Баққожа Мұқайдың «Өмірзаясында» жындының рөлін ойнау үшін 3 күн жындыханада отырғаным бар. Адам бойындағы талантын еңбекпен ұштастырғанда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізе алады.
– Реалистсіз бе әлде, арманшылсыз ба?
– Арманшылмын. «Арманы жоқ адам, пәрмені жоқ адам» дейді дана қазақ. Бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерімнің, қажыр-қайратымның барлығы осы арманшылдықтың арқасы деп білемін.
Мұрағаттан: 12.06.2014