Серікзат Дүйсенғазин: «Айтыстан көлік мініп байып кеткен ақын жоқ»

Oinet.kz 14-06-2014 1420

Screenshot_11.jpg

Классик атанған ақындар шоғыры биік, өміршіл өлеңдерін жас кезінде жазыпты. Сіз қырықтың қырқасына шығып қалдыңыз, сүбелі туындыңыз жазылды ма?  

– Ең алғаш ақындықтың ауылына өлеңді ауызша айтып емес, жазып келдім. Бозбала кезімнен жазатынмын. Кейін поэзияға ұқсас, айтыс өнеріне яғни, поэзиямен діңгегі бір болғанымен, жапырағы бөлек өнерге кеттім. Суырып салмаға қабілетімнің барлығынан және домбыра тарта алатындықтан көп уақытымды айтыс өнеріне арнадым. Қосымша поэзиядан да қол үзген жоқпын. Бірақ, сіз сұрағандай классикалық өлең жаздым деп айта алмаймын. Егер ондай өлеңім болса сыншылар, әдебиетшілер, журналистер, қарапайым оқырман, ел-жұрт бар өз бағасын бере жатар. Кезінде махаббат, жастық туралы да жаздық. Дегенмен табиғат, ауыл тақырыбы жаныма жақын. Іштен шыққан дүние болғасын өлеңдерімді бөле жара қарамаймын. Алайда, өзіме ең жақын, сүйікті өлеңім «Көкдөнен» деген туындым. Себебі, осы өлеңмен мүшәйраға қатысып, жүлделі орын алғам. Енді өлең болғаннан кейін кез-келген ақында жақсы өлең де, жаман өлең де болады. Төрт аяғы тең түскен ақындардың өзі кемде- кем. Мысалы, көркемдік тұрғыдан алып қарағанда ұлы ақын Абайдың поэмалары классикалық туындылар қатарына жатпайды. Ал өлеңдері әлемдік поэзияның жауһары ғой. Жақында бір әдебиетші ағамыздың «қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағалидың кітабын шығару менің қолымда болса, тек 100 өлеңін ғана таңдап жарыққа шығарар едім» дегенін естідім. Бұл жерде әркімнің өлеңге деген талғамы басқа. Мамандардың көзқарасымен қарайтын болсақ, кез-келген ақынның өлеңдерінен кемшілік табуға болады екен. Сол сияқты, менің де жетістігімнен кемшілігім көп деп есептеймін. Кемшілікке ұрынбайтын ақын кемде-кем. Сондықтан сәтті шыққан өлеңдерім де бар, нашар, сәтсіз шыққаны да бар, сәтті өлеңнің сәтсіз шумақтары да бар болуы заңдылық. 

Осыдан 20 жыл бұрынғы Серікзат қандай еді?

– 20 жыл бұрын жәй ғана бозбала еді. Өмірге деген көзқарасы басқа еді. Қыздарға ғашық болып жүрген Серікзат еді. Өлеңім де бар еді: Бойжеткен көрсек бұлқанып бойда қан тасып, ағызып шауып алатын албырттағы кез, -деген. Алып-ұшып тұратын кеудемізде бір желік болатын. Қыздар көрсек, мақтанып өлең оқығымыз кеп, атқа мінсек алдынан шауып өткіміз келіп тұратын. Ал қазір енді басқамыз. Себебі, адам уақыт өте келе толысады, өмірге көзқарасы өзгереді. Айналаға басқаша көзбен қарайсың. Отбасы құрасың, әке боласың. Балаларыңа ақыл айту керексің, ол үшін өзің өсу керексің. Солай ғой? Университетте білім алдық. Оны бітіріп үлкен ғылыми ортаға түстік. Бағыма орай, үлкен академиктерге, ғалымдарға шәкірт болдым, бірге қызмет жасадым. Атақты Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Сейіт Қасқабасов, Ақселеу Сейдімбек сияқты зиялылардың тәрбиесін көрдік, тәлімін алдық. Олардың әрқайсысы бір-бір Алатау екенін білесіз. Сондықтан жиырма жыл ішінде көзқарасымның өзгермеуі мүмкін емес қой. 

Бала кезде екінің бірін арманшыл ғой. Сіз қазір армандай білесіз бе?

– Арман деген кез – келген адамда, кез-келген жаста болады. Егер арманымыз жоқ болса, қиялдамайтын болсақ, онда адами қасиеттен де жұрдай болатын едік. Академик ағамыз айтып еді: мен қарапайым сиыршының баласы едім, академик болдым, - деп. Сол сияқты менде қарапайым ауылдағы көп қара сирақ баланың бірі едім, енді міне Астана қаласында отырмын. Соған қарағанда арманымның көп бөлігі болмаса да, бірталай пайызы орындалған сияқты. Келешекке арман көп. Бастысы, халыққа қызмет ету. Барлық мәселелерді қамти алмасақ та,  өз мамандығым, салам бойынша жұмыс істеп, қазаққа тамшыдай болса да қызмет етіп, еңбегімді сіңіргім келеді. Бағытым ғылым мен өнер жолында болған соң, биігіне жеткің келеді. 

Үлкен ғалымдардан тәлім-тәрбие алдым дедіңіз. Қазіргі таңда  филология ғылымдарының кандидатысыз. Яғни, өзіңіз қандай ұстазсыз?

– Қандай ұстаз екенімді шәкірттерім айтар. Мақтанғаным емес, бірақ басқа қалалардан маған шәкірт болғысы келетін өскелең ұрпақтың қатары да аз емес. Әлеуметтік желілерден өтініш білдіріп жатады. Көбінесе ренжиді, себебі, олар басқа қалада болғандықтан өтініштерін орындай алмайтын кездер болады. Басқа қаладан келіп, шәкірт болып жатқандар да бар. Мысалы, Мейіржан Әлібеков деген ақын қазір айтыстарды жүргізіп жүр. 5- 6 сыныпта жүрген кезінде келіп, маған шәкірт болуға өтінішін білдірді. Бірақ, ол Сәтбаев қаласында, мен Астанада болғандықтан қиын болатынын, шәкірт болу үшін қасымда жүріп, тәжірибемді көру керек екенін айттым. 5 айдан кейін ата-анасын көндіріп, Астанаға көшіп келді. Осындай шәкірттерімнің қатары аз емес. Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Сырым Әуезхан, Жақсылық Орынбасар, Мейірбек Сұлтанхан, Жандарбек Бұлғақов, Алтынбек Сүйінбекұлы, Ұмтыл Зақанұлы, Айбек Қали, Ажар Ерболған, Ақерке Асан деген сияқты бізді ұстаз санайтын талантты шәкірттер, іні-қарындастарым бар. Көбінің айтыс пен поэзия сахнасына шығып, белгілі болып жатқандарына қарағанда, ұстаздығым жаман емес сияқты. Ал енді университетте сабақ беруге келетін болсақ, көбіне қолайыма жағатын сабақтарды беремін. ХХ ғасыр басындағы әдебиет, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әдебиеті, Айтыс өнері деген сияқты пәндерден дәріс оқимын. Бұл енді күнде өзім зерттеп жүрген, ішінде қайнап жүрген, практикада көріп жүрген сабақтар. Сондықтан өз пікірімде сабақты жаман бермейтін сияқтымын. Әрине, өзім үшін әлі де көп ізденіс керек. Дегенмен әріптестерімнің ұстаздығыма пікірі жаман емес. 

  Дәл осы жерде сізден айтыс туралы сұрамауымыз мүмкін емес. Сахнада бірде жеңдіңіз, бірде жеңілдіңіз. Сіздің ішкі ойыңызша, айтыста кімнен оңбай ұтылдыңыз?

– Менің айтысқаныма 25 жылдай болып қалды. Жеңдік те, жеңілдік те. Бокста керемет соққылар болады ғой, сол сияқты керемет жауаптарға тап болған кездеріміз болды. Қайта жауап таппай қалған кездерім болған емес. Дегенмен, ана бір жылы Қарағандының Шет ауданында Бекарыс Шойбековпен айтысарда бір қызық оқиға болды. Жолдан ұйықтамай келіп, қатты шаршағандықтан өлеңімді дұрыс айта алмай, берекем қашқаны бар. Бірақ, біреуден оңбай ұтылғаным есімде жоқ. 

Өз көңіліңізден шыққан айтысыңыз қандай?

– Бұл сұрағың адамға үлкен балаңды жақсы көресің ба, әлде кіші балаңды жақсы көресің ба деген сияқты екен. Баланың бір-бірінен артықшылығы жоқ. Өлең деген нәрсе адамның бір баласы сияқты. Сол үшін бөліп жарғым келмейді. Бірақ екі – үш айтысты үлкен дәрежеге жеттім. Соның бірі халық ақыны Төлеу Көбдіковке арналған республикалық айтыста бас жүлде, мына іргедегі Қорғалжын ауданында өткен республикалық айтыста бас жүлде және Ұзынағашты Жамбыл атамыздың құрметіне арналған республикалық  айтыста бас жүлде алғаным. Осы үш айтысты сәтті айтысым деп санаймын. Басқа да жүлде алған айтыстарым көп.

Жүрсін Ерман жүрген айтыспен, Жүрсіннің өз өлеңіндегі сөзбен айтсақ,  «Бақаны бар Байбектің» айтысының айырмашылығы қандай?

– Енді «Бақан ұстаған Байбек» деуге келмейтін шығар. Ол кісі еліміздің бір партиясын басқарып отырған адам. Оның қасында жүрмегесін, оғаш қылығын көрмегесін, елге қызмет көрсетіп жүрген адамға тіл тигізуге қақым жоқ деп ойлаймын.  Ал Жүрсін айтыстың биік тұлғасы. Екеуінің де өз әлінше қызметі бар. Жүрсін айтыс өнерін дамытуға қырық жылға жуық үлесін қосқан адам. Ал Бауыржан Байбек – жас саясаткер. Байқасаңыз, қазір Жүрсіннің айтыстары да «Нұр Отанның» қолдауымен өтіп жатыр. Сондықтан Жүрсін де, Бауыржан Байбек те қазақ мемлекетінің болашағы үшін қызмет етіп жүрген азаматтар деп есептеймін. Ал айтыс мемлекет үшін, ұлт үшін маңызды өнер. Айтысты халық айтысы, мемлекет айтысы деп бөлмейміз, Байбек өткізсе де, Жүрсін өткізсе де, басқа өткізсе де айырмашылығы жоқ, сол баяғы ықылым заманнан келе жатқан қазақтың ұлттық өнері болып қалады. 

– Сіздердің жас кездеріңізде ел көзіне түскен мықты айтыскерлер көп еді. Қазіргі жастардың қауқары қаншалықты? 20 жастағы айтыскерлігіңізден мықты ма, әлде әлсіз бе?

- Қазір мықты ақындар бар. Жандарбек, Мейірбек, Сырым, Талғат Мықи, Қанат Мырзахан, т.б. барлығы да жақсы айтысады. Тілдері кестелі, ойлары ұшқыр. Ең маңыздысы сахнада халықпен жұмыс істей алады. Айтыскерлік шеберлікті еркін меңгерген жас ақындар көктемгі шөптей қаулап өсіп келеді. Ол айтуға оңай нәрсе. Айтыстың күрделі өнер екендігін айтысқа түскен адам ғана түсінеді.

Қазіргі қазақ әндеріне көпшіліктің көңілі толмайды. Сын көп. Сізде ауық-ауық ән жазасыз. Өзіңіз жазған сол әндер өз көңіліңізден шыға ма?

– «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, қазір өзіме ұнамайтын әндер көп. Бәлкім ол басқаға ұнайтын шығар, оны тағы жоққа шығара алмаймыз. Қарапайым халыққа көбіне жеңіл әндер ұнайды. Ал зиялы қауым ондай әндерді тыңдамауы мүмкін. Әнге мәтін жазу оңай шаруа емес. Әннің кілтін тауып,  әр нотаға сәйкесінше керекті әріптерді діл түсіру өте қиын. Сондықтан ол көбіне сазгермен, әншілермен ақылдасып, бірігіп жасалатын жұмыс. Кезінде Шәмші ағамыз да әндерін  ақындармен ақылдасып отырып жазған. 

Айтыста жүріп 20 шақты көлікті жүлдеге алғандар бар. Айтыста жүргелі бері сіз қанша көлікті тақымға бастыңыз?

– Айтыстағы жүлделерімнің барлығын дерлік қосқанда 20-30 шақты көлік шығатын шығар. Бірақ оны көліктей алмаған соң олай есептемейміз. Өз басым айтыстан көлік мініп байыған ақынды көргем жоқ. Меніңше, айтыстың көлігінен гөрі көркемдік маңызына, халыққа берер пайдасын көңіл бөліну керек. Айтыс тек өнер ғана емес, ұлттық идеологияның орталығы. Келген халық рухани ләззат алып, елге, жерге деген патриоттығы оянып қайтатын жер. Ал ол дәл қазіргі уақытта ауадай қажет болып тұрғанын білесіздер.

Сұхбатты жүргізген Майра Айтбай және Қайырлы Болатбаева,  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші курс студенттері

Бекжан Тұрыс: «Жындыханада үш күн жаттым»
Кенжехан Төлебаев: Жастармен жұмыс жасау бір ғанибет
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу