Ұстатқан кім, босатқан кім? Антикордың тірлігі түсініксіз болып тұр

Oinet.kz 17-08-2022 2237

Ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтерге қарағанда, биыл Түркістан облысы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша өңірлер арасында бірінші орында келеді. Мақтанатын жағдай емес, әрине. Облыста жемқорлыққа байланысты шу көп, түсініксіз жағдайлар жиіледі. 

Screenshot_1.jpg

Бұған дейін жазғанымыздай, Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов өзгелердің түсіне де кірмеген, жүз мың доллар парамен ұсталды. Қызық болғанда оны өзімізді емес, өзге өңірдің құзырлы органы құрықтады. Сот Түркістанда емес, Алматыда өтті. Бюджеттің жүз миллиондаған теңгелерін жеді деген басшылардың біразы бостандыққа шығып кетті... 

Президент жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді ұдайы тапсырып отырады. Ал Түркістанда коррупцияға қарсы күрес керісінше, ойыншыққа айналып бара жатқан сияқты. 

«Рейтинг» газетінің редакциясына келген, қоғам белсендісі, «Ұлы дала ауылдары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Оңдасын Назаров сыбайластарды әшкерелеумен, жазаға тартумен айналысатын антикорға деген сенімнен мүлдем айырылғанын алға тартты. Аталған құзырлы органның басшылары «сыбайластыққа қарсы күрес әр азаматтың борышы» дегенді үнемі айтады. Сыбайластықты әшкерелегендерге сыйақы беруге уәде етеді. Ал шын мәнінде айтылған сөз, іспен қабыспайды. Антикор арызданушылардың өздерін орта жолда тастап кетеді. Осыдан кейін қайдағы сенім, қайдағы абырой-бедел?!  Мәселені басынан бастап айтайық.

Назаровтың айтуынша, оның қоғамдық ұйымы Мақтаарал, Жетісай аудандық әкімдіктерінен мемлекеттік тапсырыстар алып отырған. Тапсырыс дегенде жұртшылық арасында әртүрлі тақырып аясында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, кездесулер, әңгімелесулер ұйымдастыру көрінеді. Биыл ұйым Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінен дінге қатысты тендерді ұтып алған. Екі лоттан тұратын тендердің талабы бойынша ұйым теологтардың қатысуымен дін тақырыбында кездесулер ұйымдастырып, бильбордттар ілуі тиіс болған. Екі лотқа берілген қаржының көлемі 886 мың теңгені құрайды. Назаров тендерді орындауға енді кірісе берген кезде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен бас маман (есепші) Бексұлтан Айдағараевтың тарапынан күтпеген ұсыныс түскен. 

– Олар маған «тендердің барлық жұмыстарын өзіміз тындырамыз» деді. Әрине тегін ештеңе жоқ қой.  «Сіздің шотыңызға тендердің 886 мың теңгесін аударып береміз, соның 697 мың теңгесін әкеліп беріңіз, қалғаны өзіңіздің сыйақыңыз» дегенді білдірді. «Ешнәрсені уайымдамаңыз, бәрін өзіміз жауып тастаймыз, тендерді ертерек бітіру қажет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті асықтырып жатыр» дегенді айтты. Заң бойынша олардың мемлекеттік тапсырысты орындауға араласуға құқықтары жоқ. Бұған дейін шенеуніктер  тендерді орындау барысында «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп басымды қатырып, сандалтушы еді. Сандалмаудың сыры осылай «тіл табысып жұмыс істеуде» екенін сол кезде түсіндім,– дейді Назаров.

Осыдан кейін ол Түркістан облысы бойынша  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Сарыағаш аймақтық басқармасына арызданады. Арыз дереу қабылданып, антикордың қызметкерлері жедел-іздестіру амалдарына кіріскен. 29-шілде мен 2-тамыз аралығында қызметкерлер Назаровты жазғыш құралдармен жарақтап, Есенбеков пен Айдағараевқа екі-үш мәрте жолықтырған. Назаровқа кездесу барысында қандай сөздер айтылуы тиістігі алдын ала түсіндірілген. 2-тамызда ақша сұраған екі шенеунікті ұстау туралы шешім қабылданады. 

– Өзара келісіп, дәлірегі қойған талаптарға мойынұсынған соң  бөлім басшысы мен есепші ешқандай қабылдау актілерінсіз менің шотыма тендердің ақшасын түгелдей (886 мың теңгені) аударып берді. Оны антикордың қызметкері екеуміз  банкке барып, шешіп алдық. Мен енді келісім бойынша 886 мың теңгенің 697 мың теңгесін бөлім басшысы мен бас маманға апарып беруім тиіс. Антикордың қызметкерлері ұстайтын адам туралы барлық ақпаратты біліп отырады екен. Тіпті қайда жүргенін, ғимараттың қай бөлмесінде отырғанына дейін айтып отырды. Бір кезде «Есенбеков әкімдіккке кірді» деген ақпарат келді. Қызметкерлер қолыма ақшаны беріп, мені сонда жіберді.  Ішкі саясат бөлімінде мен алдымен Айдағараевпен жолықтым. Кейінірек басшының өзі де келді.  Ақыр аяғында Есенбековтің кабинетінде мен ол екеуіне 696 мың теңге ақшаны бердім.  Басшы «ақшаны үстелдің үстіне қоя салыңыз» деді. Осыдан кейін бәріміз шығып кеттік.  Артынша ғимараттың іші у-шу болды. 15 шақты қызметкер сау етіп келіп, екеуін ұстады,– дейді Назаров. 

Антикордың қызметкерлері  екі шенеунікті бірнеше сағат бойы әкімдікте ұстап отырған. Кейін Сарыағаш аймақтық басқармасына алып кеткен. 

– Ал мен операция біткен соң, үйіме қайтып келдім. Қызық ертеңіне басталды. Таңертең антикордағы қызметкерлердің бірі маған ұсталғандардың босатылғанын хабарлады. Мен аң-таң болдым. Егер күдіктілер нақты айғақтармен, ауыр айыптармен ұсталса, олар не үшін босатылады? Бәлкім тілхатпен жіберілген шығар дедім. Ең қызығы бұдан кейін болды. Есенбеков те, Айдағараев та ертеңіне әкімдікке барып, жұмыстарын жалғастыра берген. Қазір де түк болмағандай орындарында отыр. Алғашқыда Сарыағаштағы қызметкерлер «бәрі дұрыс болады, сабыр қылыңыз», «бәрін түсіндіріп береміз» деген еді. Алайда ешқандай түсінік жоқ. Бар білгенім, ұсталғандар антикордың облыстық департаменті бастығы орынбасарларының бірінің нұсқауымен босатылған көрінеді. Не үшін, қандай негізбен босатылғаны белгісіз. Айналып келгенде бәрі жұмбақ, бәрі құпия. Мұның артында нендей жағдайлардың, қандай ықпалды тұлғалардың тұрғанын мен білмеймін. Бірақ бәрі күдікті, күмәнді. Осыдан кейін Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, генерал Қанат Қожахметовтің қабылдауына кірмек болдым. Генералдың қабылдауына кіру мұң болды. Түркістанға екі күн сандалып жүріп, бастыққа кіре алмадым, – дейді таусыла сөйлеген Назаров.

Түркістаннан таба алмаған әділдікті Нұр-Сұлтаннан іздеген Назаров дүйсенбіде елордаға ұшып кетті. Ендігі ойы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастығы Олжас Бектеновтің қабылдауына кіру. 

Мәселенің мән-жайын білу үшін біз дүйсенбіде Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязовпен хабарластық. Ол бөлім басшысы мен бас маманның әкімдік ғимаратында ұсталғанын жоққа шығарған жоқ.  Бірақ ертеңіне екеуі жұмысқа келіп, қызметтерін жалғастыра берген. 

– Бізге құзырлы органдар тарапынан ешқандай хабарлама келіп түскен жоқ,– деді аппарат басшысы. 

– Ал ұсталды деген қызметкерлердің өздері не дейді?

– Мен олармен осы жөнінде сөйлестім. Айтуларынша, ұсталған соң, оларды антикорға алып барған. Әртүрлі сұрақтар қойып, жауап алған. Осыдан кейін «керек кезде шақырамыз» деп босатып жіберген. 

– Сонда ешқандай қылмыстық іс қозғалмаған ба?

– Айтуларынша, қозғалмаған сияқты. Ешқандай құжаттарға қол қоймаған,– деген аппарат басшысы өзі де бұл іске түсінбей отырғанын байқатты. 

Біз жұма күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облыстық департаментінің бастығы Қанат Қожахметовтің атына журналистік сұрау жолдап, Назаровтың арызы бойынша түсінік сұрадық. Оған әлі жауап келген жоқ. 

Жалпы Жетісайдағы бөлім басшысы мен бас маманның ісінде бір кілтипан бар сияқты. Назаровтың айтуынша, олар тендерге бөлінген 886 мың теңгенің 697 мың теңгесін сұраған. Неге 697 мың теңге? Неге 600 немесе 700 мың теңге емес? Бұл «откат» па, әлде басқа ма? Ұсталған қызметкерлер бір күннен кейін неге бостандыққа жіберілген? Егер олар тілхатпен шықса, қызметтерінен неге шеттетілмеген? Аппарат басшысы «қылмыстық іс қозғалмаған сияқты» дейді. Ал Назаровқа антикордың қызметкерлері қылмыстық істің нөмірлерін жолдаған. Қайсысына сенеміз? Егер қылмыстық іс қозғалып, айыптау үкімімен аяқталса, онда таяқтың бір ұшы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбекке де тиеді. 

Әрине, алдағы уақытта мәселенің ақ-қарасы анықталатын шығар. Бар гәп антикордың бұл істі құпиялап, осы уақытқа дейін арызданушыға мән-жайды түсіндірмегенінде болып тұр ғой. Генералдың оны қабылдамай, сандалтуына не себеп?  Қанат Қожахметовтің департаменттің бастығы лауазымына тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Қызметтік тәжірибесіне, шеніне, атағына қарап ел үлкен үміт күткен генералдың мұнысы не? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының антикордың басшыларына қатысы жоқ па?

P.S. Кешегі күні редакцияға хабарласқан Оңдасын Назаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтың қабылдауына кіргенін, төрағаның агентіктің Түркістан облыстық департаменті қызметкерлеріне қатысты тексеру жүргізуге тапсырма бергенін хабарлады.

Істің қалай өрбитінін біз бақылауда ұстайтын боламыз.    

"Рейтинг" газеті, тамыз, 2022 ж

«Қытаймен, Қырғызбен шекараны жапсақ жалаңбұт қалғандай екенбіз»: Оңғар Қабден
​Жемқорлық, жөнсіздік, арыз жазу... Түркістанның білім саласын жаңа оқу жылында не күтіп тұр?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу