Жемқорлық, жөнсіздік, арыз жазу... Түркістанның білім саласын жаңа оқу жылында не күтіп тұр?
Қазір атқамінерлер де, депутаттар да жаңа оқу жылына дайындық мәселесімен шапқылап жүр. Жаңа оқу жылының жаңалығы да аз емес. Әкімдіктің таратып жатқан ақпараттарына құлақ түріп көріңіз: Биыл Түркістан облысындағы 961 мектепте 510 мыңнан астам бала білім алады. 1-сыныпқа 54 мыңнан астам бала барады. 5 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Жыл соңына дейін тағы 16 мектептің құрылысы аяқталады.
Облыс бойынша үш жылда 200 мектеп салу жоспарланған. Биылдан бастап тұрмысы төмен отбасылардың балаларына мектеп формасын алу үшін ақша бөлінді...тағысын тағылар. Сол баяғы жалпақшешейлік. Білім саласындағы ахуалды мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жағдайлармен, ақшамен бағалау. «Жаңа оқу жылында Түркістанның білім саласы тағы да масқара жағдайға ұшырамас үшін, білім саласын жайлаған жөнсіздіктерді, сыбайлас жемқорлықты тамырымен жою үшін не істейміз?» деген мәселеге бас қатырған ешкім жоқ.
Масқара дегенді тым асыра айтып отырғанымыз жоқ. Еске түсіріп көрелік, былтырғы оқу жылында облыстағы мектеп директорларының, білім бөлімі басшыларының сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталуы тоқтаған жоқ. Олардың алды сот үкімімен сотталды. Бір білім бөлімінің басшысы «кісі өлтіруге тапсырыс берді» деген күдікпен қамауда отыр. Пандемияның кезінде оқушыларды қашықтан оқыту үшін бюджеттің миллиардттарын жұмсап алған ноутбуктерден шикіліктер анықталып, қылмыстық іс қозғалды. «Жақында осы іс бойынша тұтқындаулар басталады» деген әңгімені де құлағымыз шалды. Арыз жазу жағынан Түркістан облысының ұстаздары алдыңғы орында екенін жуырда өңірге келген оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетоватың өзі айтты. Өңірдегі мектептердің 90 пайыздан астамы аттестациялаудан өта алмады. Мектепке маманды арнайы порталмен қабылдау жобасы үмітті ақтамады. Осы жобаны мақтап, «Президент әкімшілігі үздік деп тауып, өзгелерге үлгі етті» деп жүретін, «заочник» директорлармен күресемін» деген Рахымбек Жолаев ақыр аяғында ештеңені өзгерте алмаған күйі қызметінен кетіп тынды... Осыдан кейін Түркістанның білім саласынан үлгі алатындай қандай кейіп қалды дейсіз?!
Облыстың ұстаздары демалыстан оралып, қызметтеріне енді кірісіп жатқан тұста, Түркістан облысындағы білім саласында басшылық еткен тағы екі қызметкерге сот үкімі шықты. Сайрам ауданық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Құралай Шадиева мен аталған аудандағы мектеп директор Арман Пернебаев жемқорлық баптары бойынша кінәлі деп танылып, екеуі де ірі көлемде айыппұл салу жазасына кесілді.
Сот үкіміне қарағанда, Қарасу ауылындағы мектепте математика пәні мұғалімінің орны босаған. Осы бос орынға тұру үшін Д.Қайназарова деген азаматша мектеп директоры Арман Пернебаевқа жолығады. Пернебаевтың сотта берген жауабына сүйенсек, мектептегі бос орындарға вакансия «jumys snation.kz» порталы арқылы жарияланады. Мұғалімдікке үміткерлер тестіні портал арқылы онлайн тапсырады. Тесттен оң нәтиже алған үміткер аудандық білім бөлімінде құрылған комиссиядан әңгімелесуден өтеді. Одан оң қорытынды алған үміткерді жұмысқа қабылданады. Соңында мектеп директоры бұйрық шығарады. Әрине, мұның бәрі ресми түрде айтылатын процестер ғана. Ал шын мәнінде жағдай мүлдем басқаша өрбіп отырған сияқты.
Әңгімелесу барысында Д.Қайназарова директордан тесттен өтудің жол-жобасын сұрайды. Ал директор бұл қызмет үшін 200 мың теңге ақша қажеттігін айтады. Ақшаны ол білім бөліміндегі тестке жауапты қызметкерлерге беретінін жеткізген. Ертеңіне ол ақшаны қарамағында мұғалім болып істейтін азаматшаның «Каспий голды» арқылы алған. Ақшаны аударғаннан кейін Д.Қайназарова антикорға барып арызданған.
11 қазанда Пернебаев Қайназароваға жұмыс қабылдау мәселесін аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиеваның шешетінін білдіреді. «Ставканың» 800 мың теңге екенін де ескерткен. 800 мың теңгені директор ертеңіне- 12 қазанда Қайназаровадан Шымкент қаласында алады. Ақшаны ол екіге бөліп, қалтасына салған. 10 минуттан кейін жол-жөнекей көлікті антикордың қызметкерлері тоқтатқан. Директор осы жерде «нақты айғақтармен» қолға түскен. Арада бір жарым сағат өткенде өзінің жауапкершіліктен құтылып кете алмайтыны түсінген А.Пернебаев алған ақшаның 400 мың теңгесін «өзін қызметінде бетімен жіберген тікелей басшысы Қ.Шадиеваға беретінін» мәлімдеп, Шадиеваға шара көру туралы антикорға арыз жазып берген.
Осыдан кейін аталған құзырлы органның қызметкерлері Шадиеваға қатысты жедел-іздестіру амалдарына кіріскен. Пернебаев тиісті жазу құралдарымен жарақталып, Шадиевамен кездесуге жіберілгені айтпаса да түсінікті шығар. Басшы мен директор 13 қазанда аудандық білім бөлімінің конференц залында жолыққан. Екіарада әжептәуір әңгіме болғанға ұқсайды. Соңында директор басшысына 400 мың теңгені берген. Арада бес минут өткенде Шадиева «нақты айғақтармен» қолға түскен. Оқиғаның қысқаша мән-жайы осы ғана.
Сот барысында А.Пернебаев кінәсін толығымен мойындайды, бірақ ол бұл іске Шадиеваның қатысы жоқ екендігін айтады. Ол тергеу барысында антикордың қызметкерлері тарапынан қысым жасалып, олардың Шадиеваға қарсы арыз жаздыруға мәжбүрлегенін алға тартқан (сот осы мәлімдеме бойынша қаулы шығарып, оны облыстық прокуратураға жолдаған. Тергеп-тексеру амалдарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізген. Нәтижесінде Пернебаевтың уәждеріне «дәлелін таппады» деген баға берілген). Қызығы сол, Шадиеваның өзі сот барысында ақша алғанын мойындаған. Тіпті жауап беру барысында Пернебаевтың әкелген ақшасын үстелдің үстіндегі құжаттардың астына қоюды көрсеткенін де мәлімдеген. Неге? Шамасы ол да жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтынын, дәлірегі ақшаны алу-беру барысынан жазылған бейнежазбаларды енді жоққа шығарудың мүмкін еместігін түсінген сияқты. Пернебаев пен Шадиеваның арасындағы сөздерден бөлім басшысының ақшаның не үшін беріліп жатқанын жақсы білгенін байқауға болады. Дегенмен адвокаты Шадиеваның құзырына мектепке маман қабылдаудың кірмейтінін алға тартып, оның әркетін алаяқтық бабымен дәрежелеуді сұранған. Сот өтінішхатты қанағаттандырмаған.
Сот Пернебаевты «алаяқтық», «пара беруге айдап салу», «пара алу» және «пара беру» баптары бойынша кінәлі деп тауып, оған бас-аяғы 40 миллион теңге айыпұл салу жазасын тағайындады. Ал Шадиева «пара алу» бабы бойынша, 20 миллион теңге айыппұл салуға кесілді. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.
Осылайшка Түркістанда тағы бір шулы іс бойынша үкім шығарылды. Ал енді осындай масқаралық үшін облыстық білім басқармасынан біреу-міреу жауап беріп, орын алған жайтқа қатысты тиісті талдау жүргізіле ме? Әлде бәрі әдеттегіше «жабулы қазан жабулы» күйінде қала бере ме?
Жаңа оқу жылының қандай «сый» әзірлеп отырғаны әзірге бір Аллаға ғана аян.
"Рейтинг" газеті, тамыз, 2022 ж