Кентаудың әкімінің парамен ұсталғаны туралы ақпарат тарады

Oinet.kz 25-02-2022 1523

OINET.KZ - Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың ірі көлемде парамен ұсталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Желіге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігінің 24 ақпанға арналған жедел ақпараты жарияланды. Осы ақпаратқа қарағанда, агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізген жасырын тергеу амалдарының нәтижесінде Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың ұсталғаны көрсетілген. 23 ақпанда әкім әлдебір фирманың директоры және Түркістан қаласындағы банк бөлімшесінің директоры арқылы аса ірі көлемде, дәлірегі 98 500 доллар көлемінде пара алған. Параны «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Кентау көшелерін күрделі және орташа жөндеуден өткізіп жатқан мердігер компанияның басшысынан, төлемақыларды кедергісіз беру үшін алған. Мәліметте Махажановтың Алматыдағы Полиция департаментінің тергеу абақтысына қамалғандығы жазылған. 

Screenshot_4.jpg

Біз осы оқиғаның анық-қанығын білу үшін Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртаймен хабарласқан болатынбыз. Ол қазіргі уақытты Түркістан қаласында оқуда жүргендіктен ештеңе білмейтіндігін, енді мән-жайды білу үшін Кентауға кетіп бара жатқанын алға тартты. Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбай телефон тұтқасын көтермеді. Ал Түркістан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегілер толық мәліметтерді жақын арада Сыбайлас жемқорлықа іс-қимыл агенттігі тарататынын хабарлады. Сондықтан әзірге әліптің артын бағып көрелік. 

Screenshot_5.jpg

Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде тағайындалған болатын. Осыдан бір жарым жыл бұрын ол қарамағындағы ауыл әкімінің парамен ұсталып, сотталуына  байланысты бір рет отставкіге арыз беріп, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев оны сөгіс жазасымен қызметінде қалдырған. Былтыр желтоқсанда Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үстінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Бұл қылмыстық ісі бойынша қазынаға келтірілген шығынның көлемі 58,8 миллион теңгені құрайтыны хабарланды. Егер бөлім басшысына айыптау үкімі шықса, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов тәртіп бойынша екінші қайтара отставкаға арыз беруге міндетті еді. 

Енді міне, отставкіге екінші рет арыз жазуы мүмкін деген әкімнің парамен ұсталғаны туралы деген ақпарат тарап жатыр. Егер ол расталса, мұның соңы облыстың басшыларына да оңай соқпайтыны түсінікті.

Украинадағы қазақстандықтар елге жеткізілмек
Қазақстан Украинаға әскер жіберуден бас тартты ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу