Шымкенттегі қорқытып-үркіту мен заңсыздыққа тосқауыл бола ма?
OINET.KZ - Шымкенттік жәбірленушілер қалалық соттың шығарған қаулысына наразы. Олардың ойынша, судья жәбірленушілердің мүдделерін ескерместен, алаяқтық қылмыс жасады деп күдіктелген шетел азаматшасын бостындыққа шығарып жіберген.
Бұған дейін Oinet.kz порталында жазылғандай, жуырда Шымкент қалалық тергеу сотының қаулысымен жергілікті тұрғындардың сеніміне кіріп, ірі көлемде ақшаларын алып, қайтармаған Қырғызстан азаматшасы, қазіргі уақытта Шымкентте ықтияр хат арқылы тұрып, базарда сауда жасайтын Кенжегүл Карыяева екі айға қамауға алынады.
Жәбірленуші Камила Орынбаеваның айтуынша, қырғыз саудагері одан қаражатты осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын алған. Ақшаны ол шетелден көлік алып келіп сататын күйеуінің бизнесіне салуға, түскен пайданы бөлісіп отыруға уәде еткен.
-Дәл сол кездері саудагерлікпен айналысатын менің жұмысым онша жүрмей тұрған еді, осы себепті Кенжегүлге ірі көлемде ақша бердім. Ақшаның жетпеген бөлігін біреулерден қарызға алдым. Алдын ала келісім бойынша біз көлік сатудан түсетін пайданы тең бөлісіп отыру жөнінде ауызша уағдаластық жасадық. Арада біраз уақыт өтті. Уәде орындалған жоқ. Кенжегүл әртүрлі сылтауларды айта бастады. Бірде ол «көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізу үшін тағы ақша бер, кейін бәрінен құтыламын» деді. Мен оған банктен тағы 2 миллион теңге несие алып бердім. Осылайша Кенжегүлге берген ақшалардың жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жетті. Осы ақшаны екі жылдан астам уақыттан бері әлі қайтара алмай жүрмін,-деді К.Орынбаева.
Ақша уақытында қайтарылмаған соң К.Орынбаева 2019 жылдың жазында Абай аудандық полиция басқармасына арызданады. Адвокат жалдайды. Қылмыстық іс қозғалады.
-Тамызда тергеуші «қылмыс құрамы жоқ» деп істі қысқартып, енді мәселені азаматтық тәртіппен шешу керектігі жөнінде қаулы шығарды. Болмаған соң Шымкент қалалық полиция департаментіне бардым. Департамент басшысы, генерал Ералы Жұмаханбетовтың қабылдауына кірдім. Ол тергеушілерге тиісті тапсырмалар берді. Арада төрт ай өтті. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Мен осыдан кейін Жұмаханбетовтың қабылдауына қайта кірдім. Осы жерде тергеушілердің істі тағы да қысқартып тастағанын білдім. Генералдың тапсырмасына қарамағындағы осылайша салғырт қараса, біз сияқты қарапайым халықтың талап-тілегіне назар аударады дегенге сенуге бола ма?-дейді арызданушы.
Шымкент қаласы Полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Б.Сәрсенбаевтың шығарған қаулыларына қарағанда, бұл істе жәбірленуші жалғыз Камила Орынбаева ғана емес. 22 мамырда Кенжегүлдің үстінен Шымкент қаласының тұрғыны Л.Тулбаева деген азаматша арызданған. Арызында, ол Кенжегүлдің 2019 жылдың қаңтарында «киім алып беремін» деп, 2 миллион теңгесін алып, осы уақытқа дейін қайтармағанын көрсеткен. Орынбаева мен Тулбаеваның арыздары бір іске біріктірілген.
Бұдан бөлек жуырда Карыяевадан жапа шеккен Бағила Әшірбекова деген азаматша полицияға арызданған. Оның айтуынша, Кенжегүл одан 2019 жылы «көлік әкеліп беремін» деп, 3 миллион теңгесін алған. Ақша содан бері қайтарылмаған. Бұл құзырлы органдарға арызданған, қылмыстық іс қозғалған, бірақ нәтиже жоқ. Осыдан кейін тағы бір жәбірленуші Шолпан Сәттібаева құзырлы органдарға арызданады. Кенжегүл Карыяева оның 4 миллион теңгесін алып, қайтармаған. Қырғыз саудагерінен зардап шеккендердің саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін.
Жәбірленушілер Ішкі істер министріне дейін арызданған соң жуырда тергеушілер Кенжегүл Карыяеваны қамауға алады. Тергеу соты оның шетелге қашып кетуі мүмкін екендігін негізге ала отырып, екі айға қамауға алу туралы қаулы шығарады. Бірақ 12 шілдеде Карыяеваның адвокаты Шымкент қалалық сотына апелляциялық арыз берген. Сотта адвокат Карыяеваның қылмыстық ісі негізсіз қайта қозғалғанын алға тартқан. Судья Әуезов осыны негізге ала отырып, күдіктіге 10 миллион теңге кепіл мөлшерін айқындап, «егер осыншама қаржыны немесе мүлікті кепілге қойған жағдайда қамаудан босатылсын» деген қаулы қабылдаған. Карыяева артынша аталған соманы кепілге қойып, бостандыққа шығып кеткен.
-Сот отырысына дейін біз тергеуші Мұхтар Сыздықовқа күдікті Кенжегүл Карыяеваның күйеуі Замирбек Сазыевтың жәбірленуші Бағила Әшірбековаға қысым көрсеткені туралы бейнежазбаны ұсындық. Олар тіпті жәбірленушілерді белгісіз ер азаматтар арқылы «арызыңды қайтып ал» деп, қорқытып-үркітуге көшті. Күдіктінің адвокаты жәбірленуші Ляззат Тулбаеваның күйеуіне де осындай әрекеттер жасаған. Жәбірленушілердің бірінің «Автонұр» базарындағы орны себепсізден себепсіз жабылды. Оған да «арызыңды қайтып ал» деген талап қойылған. Яғни, бұл іске базар басшылары да мүдделі болып отыр ма деген күдігіміз бар.
Бүгінгі күні Кенжегүл Карыяеваның жәбірленушілерге келтірген шығыны 18 миллион теңгені құрайды. Осындай ірі көлемде шығын келтірген шетел азаматшасы ертең Қырғызстанға қашып кетсе, шығынның орнын кім толтырады? Судья Әуезов пе?-дейді Камила Орынбаева.
Осыған байланысты жәбірленушілер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отыр.
- Президент мырза, Шымкенттегі қорқытып-үркіту мен заңсыздыққа тосқауыл қоюға жәрдем беріңіз,-дейді Камила Орынбаева.