Бұхарбай Парманов «показухаға» құмар әкім бе?

Oinet.kz 05-02-2021 1680

Қайбір жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің елге есеп беруін көзбояушылыққа балап, оны жаңа форматқа көшіру қажеттігін айтып еді. Биылғы есеп беру пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта өтіп жатыр. Атқамінерлер көзбояушылықтың көкесін карантинде көрсетіп жатыр десек, қателеспейміз.  Онлайн есеп дегеніңіз рахат екен. Әкімдер ел аралап әуре болмайды. Ғимараттан шықпай-ақ, айналдырған бір сағаттың ішінде тірлігін тындыра салады. Сейсенбіде Шымкент қаласындағы  Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов та елге онлайн есеп берді. Жиынға қала әкім Мұрат Әйтенов, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бас-аяғы бір сағатта өте шыққан жиынның жартысы Б.Пармановтың баяндамасына арналды.

Бұхбарбай Парманов.jpg

Жалпы,  Шымкенттегі төрт ауданның ішінде проблемасы екі есе көп осы Абай ауданы саналады. Ауданға қарасты елді мекендердің біразы қалаға осыдан бірнеше жыл бұрын  Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан өткен. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі мемлекеттің  назарынан тыс қалып кеткен, әлеуметтік мәселесі бастан асады. Алайда Пармановтың баяндамасын тыңдасаңыз, Абай ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тіптен сүйсініп кетесіз. Әкімдердің ерен еңбегінің арқасында ауылдарға ауыз су тартылып, жолдар жөнделуде. Жарықтың мәселесі шешіліп, көшелер жарықтандырылуда.

Айналдырған 6-7 сауалдан кейін жиын ақырына жақындады. «Дежурный» сұрақтармен ғана шектеліп ашық пікірталас, батыл ой бөлісу болған жоқ. Сонда Парманов «показухаға», яғни көпшілікті алдап соғатын көзбояушылыққа құмар әкім бе? Әйтпесе сөзімен ғана сүйсінтіп қоймай шешімін таппай шиеленісіп кеткен күрделі мәселелерді елдің ашық талқысына салмай ма?  Айталық Абай ауданында шешілмей жатқан проблемалар әлі де шаш етектен.

Қайбір күні редакцияға  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекенінің тұрғындары хабарласқан болатын. Олардың  айтуынша, шенеуніктер былтыр халыққа берген уәдесін орындамаған. Алдымен ауыз судан бастасақ.

Аталған ауылдың тұрғындары атам заманнан құдықтың суын ішеді. Былтыр әкімдік ауыз су құбырының құрылысын бастаған. Оны қазан айында аяқтау жоспарланған. Алайда құрылыс аталған мерзімде бітпеген. Желтоқсанда қалалық әкімдік Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекенінде ауыз су құрылысының аяқталғанын,  мердігер мекеме тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізу, қазылған жерлерді қайта қалпына келтіру, көшелерге шағал төсеу  жұмыстарының атқарылып жатқанын жариялады. Алайда міне, қаңтар айында да халық сол баяғыша құдықтан су ішіп отыр. Ал көшеге тас төседі деген шылғи өтірік.

– Шұңқырларды қазу, көму жұмыстарынан кейін жолдардың бәрі шаң-тозаңға, топыраққа айналды. Осы уақытқа дейін аяз болғандықтан, жер қатып жатты. Күн жылынғалы бері көше батпаққа айналды. Көлік түгілі, жаяу адам жүре алмайды. Ешқандай тас төсеу жұмыстары жүргізілген жоқ, сенбесе әкімдер келіп көрсін, – деді бізге хабарласқан тұрғын.  Сонда елді алдап отырған кім? Бұхарбай Парманов па әлде қалалық әкімдік пе? Тәуелсіздіктің 20 жылдығы елді мекеніндегі ауыз судың азабы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында шешіле ме, әкім мырза?!

Әкімдік былтыр ауылдағы жекеменшік трансформаторлардың мәселесін шешіп, мемлекеттің балансына аламыз деп уәде берген. Алайда бұл уәде де орындалмаған. Неге орындалмады? Ал газдың проблемасына келгенде тұрғындар әкімдіктен мүлдем үмітін үзген. Жақын жылдары көгілдір отын келмейтін болған соң, әр отбасы 275 мың теңгеден ақша жинап, газды жекеменшік компания арқылы кіргізудің амалына кіріскен. Міне, сізге парадокс. Сонда жекеменшік компанияның қолынан келген шаруа әкімдіктің қолынан келмей ме? Әлде Пармановтың қолынан келмей ме?  

Абай ауданы Шымкент.jpg

Абай ауданы Шымкент қаласы.jpgЕстеріңізде болса, былтыр жазда ақпарат құралдарында (соның ішінде «Рейтинг» газетінде) Бадам өзенінен тас ұрлауға қатысты жарияланған ақпараттардан кейін қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған өзенге барып, заңсыз тас өндірушілердің әрекетіне тосқауыл қоюды тапсырып, бұзылып бара жатқан өзен арнасын бекіту жұмыстарына 427 миллион теңге қаралғанын жеткізген еді. Жуырда біз осы мәселені көтеріп жүрген белгілі дінтанушы, Жаңа талап ауылының биі Абдулла Бахадырмен қайта хабарласқан едік.

– Обалы не керек,  аудан әкімі Парманов осыдан кейін қолынан келгенше жұмыс істеді.  Құқық қорғау орындарының, қаладағы басқа да мекеме өкілдерінің басын қосып, жиын өткізді. Әкімнің арқасында  тас ұрлаушылармен ауыз жаласып кеткен учаскелік инспектордың орнына басқа қызметкер тағайындалды,– деді А.Бахадыр.  Алайда бұл шаралардың бәрі 1-2 айға ғана созылған. Осыдан кейін тас ұрлау қайта басталған. Ұрылар енді өзеннің басқа тұсынан,  Қызылжар жақтан «шабуыл» жасауға көшіпті. Ал полиция, қаланың басқа да құзырлы орындары, аудан әкімдігі сол баяғыша пәрменсіз. А.Бахадыр бізге  тас ұрлауға қатысты «свежий» суреттер мен видеоларды да жіберді.

Әкімнің берген осындай тапсырмасының, тұрғындарға берілген уәделердің орындалуы есеп беруде айтылуы тиіс еді. Алайда Абай ауданының әкімі карантиннің сылтауымен, сырғытпа жауаптармен құтылып кетті. Есеп беруді қорытындылаған Мұрат  Әйтенов Пармановтың былтырғы атқарған есебіне оң бағасын берді, биыл атқарылуы тиіс жұмыстардың жай-жапсарын жария етті. Осыменен бәрі бітті. Ешкім жылдағыдай  проблемаларды «жырлап»,  әкімдердің жүйкесін  жұқартпайды. Бұған дейінгі жылдарда Пармановтың елге есеп беруі жайлы «Рейтинг» газетінде жарық көрген сараптамада жазылғандай қоғам белсенділерінің «атқарған жұмысыңыз плинтустан да төмен, Парманов мырза!» деп, баға беруі бұл жолы жоқ. Осыдан кейін онлайн есеп беру әкімдер үшін  рахат болмағанда қайтсін!  

"Рейтинг" газеті, 

4 ақпан, 2021 ж

Мұтановтың мақсаты – майлы шелпектен айырылмау ма?
Заманбек Нұрқаділовтың қарындасы баспаналы болды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу