Түркістан облысында тұңғыш рет әйел адам әкім болды

Oinet.kz 05-04-2021 3100

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, Арыс қалалық мәслихаты депутаттарының қолдауымен, Арыс қаласының әкімі болып Гүлжан Мамытқызы Құрманбекова тағайындалды. Жаңа әкімді қала активіне арнайы таныстырған Өмірзақ Естайұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Гүлжан Құрманбекова.jpg

Облыс әкімі Арыс қаласының жаңа басшысының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеп отыр.

«Арыс - өте маңызды аумақ. Қалада  жасалатын жұмыстар жеткілікті. Шағын және орта бизнес саласын, ауыл шаруашылығы саласын дамыту керек. Ең бастысы бизнесті жандандырып, инвестиция тарту керек. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Гүлжан Мамытқызы өте тәжірибелі. Бюджет, қаржы, әлеуметтік салаларынды жетік меңгерген. Өзімнің кеңесшім болған. Тәжірибесі мол, еңбекқор азамат. Алда атқарылар істер көп»,- деді облыс әкімі.

Арыс қаласының жаңа әкімі Гүлжан Құрманбекова өзіне артылған сенімді ақтап, Арыстың дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Гүлжан Құрманбекова 1965 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Алматы халық шаруашылық институтын бітірді. Еңбек жолын Шәуілдір жолаушылар автокөлігі мекемесінің кассирі болып бастаған.

1987 ­– 1992 жылдары Қызылқұм аудандық қаржы бөлімінің кіріс есебінің инспекторы, тексеруші –инспекторы, аға экономисті қызметтерін атқарған. 1992 – 2004 жылдары ОҚО қалалық қаржы бөлімінің аға тексеруші-инспекторы, бас экономист, бас маман-бас экономисті.

2004 – 2005 жылдары – ОҚО білім департаментінің бас маманы, Шымкент қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2007 – 2010 жылдары – Шымкент қаласының қаржы бөлімінің бастығы. 2010 – 2020 жылдары – Шымкент қаласының экономика және қаржы бөлімінің бастығы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2020 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің экономика, қаржы мәселелері бойынша кеңесшісі болды.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Шынайылық, адалдық – шыңға жеткізеді
Әлия Назарбаева да Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне араласуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу