Былтыр талай шенеунікті қалтыратқан Нығматулин ел есінде несімен қалды?

Oinet.kz 14-01-2021 1998

OINET.KZ хабарлайды - Былтыр Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин халыққа біршама жақындай түсті. Шынымен жаны ашып жақындады да, әлде популист әкімдер секілді ел алданда ұпай жинағысы келді ме, ол жағы белгісіз. Белгілісі, былтыр шіренген талай шенеунікті үрейден қалтыратты. Мысты һәм сұсты Нығматулин өзіне тесіле қарап тергеуге алғанда кез-келген шенеунік қара терге малшынады. 

Нығматулин.jpg

Сонымен былтыр қандай шенеуніктер Нығматулиннен сөз естіді? Және Мәжіліс спикері қай мәселеге келгенге ашуға бой алдырды? Oinet.kz тілшісі осы жөнінде ізденіп көрді.

Әдетте ел тарапынан Нығматулинге деген аса бір махаббатты осы уақытқа дейін байқай қоймап едік. Дегенмен наурыз айында Мәжіліс спикері жұрт ықыласына ерекше бөленді. Наурызда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наринэ Микаелян цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкіліне қазақ тілінде сұрақ қойған еді. 

Ал вице-министр Асхат Оразбек орыс тілінде жауап қайтарды. Бар қазақшасы "сұрағыңызға рахмет" қана болды. Одан әрі "во-первых, надо сказать...", - деп орысша зуылдай жөнелді.

Шенеуніктің бұл әрекеті мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинге ұнамай қалды.

- Әрине, бізде аударма бар. Осы залда отырған әрбір азаматқа қай тілде сөйлеймін десе жағдай жасалды. Бірақ, құрметті Асхат Елубайұлы, басқа ұлттың азаматы мемлекеттік тілде сұрақ қойып тұрғанда, қазақ тілінде сайрап тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Соны ойлауымыз керек, - деді ол.

Депутаттар төрағаның сөзінен кейін ду қол шапалақтады. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желіге тарағанда халық қазақ тілін қорғап сөз сөйлеген Нығматулинге разылықтарын білдірді. 

Осы жайт әсер етті ме, Нығматулин белсенділігін арттырды. Қазан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Нығматулиннен сөз естіді. Министр мәжілістің жалпы отырысында экологиялық кодекстің жобасын қорғады. Өз кезегінде мәжіліс төрағасы заң жобасының шикілігіне назар аударып, министрге ауылға барып келуді ұсынды.  

- Заң жобасын қарасақ былай: мәселен Қарағанды облысы Ұлытау ауданы тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оны декларациялау үшін ол облыстық табиғи ресурстар басқармасына баруы керек. Ал ол облыс орталығында орналасқан. Ол, тіпті, 5 емес, 1 тауығын декларациялау үшін 700 шақырым жүруі керек. Кодексте осылай жазылған. Неліктен? Сіз кодексте «100 және одан төмен бас үшін» деп жазасыз. Оған яғни мал болсын, құс болсын кіреді. Ол санға 99 малды да, 1 малды да кіргізуге болады. Әлбетте, бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін кері әсері мол екенін түсініп алу керек. Бұл норманы жазған кезде ойлану керек еді, – деді Нұрлан Нығматулин.

Ол заң жобасының нормаларын жазған адамдар ауылда болғанына күмән келтірді.

- Шіркін, осы норманы жазған адамды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ол адам тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін еді. Қалай ойлайсыз, министр мырза? Кодексті қабылдағаннан кейін ауылға барып келіңіз, – деді Нұрлан Нығматулин. 

Нығматулиннің министрге айтқан бұл сыны қарапайым халықты қуантып, айызын қандырды. Және оның мемлекеттік ақшасын оңды-солды шашатын Үкіметке айтылған сыны да көпшіліктің көңілінен шықты. Коворкинг орталығын ашамын деп ақшаны дұрыс игере алмаған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке: 

- Сіз, қателеспесем, былтыр жазда министр болдыңыз. Сондықтан осы коворкинг орталықтарға бөлінген миллион долларлар туралы білмейтін де шығарсыз. Коворкинг орталық деген не, алдымен, соның басын ашып алу керек еді. Ол жай ғана сұқбаттасу, әңгімелесу алаңы, аталған жағдайда жұмыс берушілер мен студенттердің қарым-қатынас алаңы. Қазір бәрін шетелдің әдемі сөздеріне ауыстырып, көп ақша алады да, оны кейін игермейді. Айтыңызшы, бұл ұлттық қордан ақша алатындай соншалықты үлкен проблема ма еді?. Мен олай деп ойламаймын. Ұлттық қордың қаржысын шашуға болмайды. Ол туралы Елбасы да, президент те үнемі айтып жүр. Сондықтан ұлттық қордың әр тиыны қатаң бақылауда болуы қажет. Ол ақшаны тек ерекше жағдайда ғана алуға болады, – деп спикердің ескерткені әлі есінде.

Нығматулиннің сын садағына Мәдение және спорт министрі, Қаржы министрі және Денсаулық сақтау министрлігі жиі ілініп жүрді. Өкініштісі, ел арасында көбіне экономикалық-қаржылық проблемаларды жіті түсінбейтіндер көп. Сол себепті де Нығматулиннің министрлерді осы тақырыпта сынға алғаны халық тарапынан өз бағасын алмады. Ал фонограммаға қатысты айтқан ұсынысын көпшілік бірден қолдап шыға келді. Яғни Мәжіліс спикері әншілерге фонограммамен ән айтуға тыйым салуды ұсынды.  

- Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз айтысты жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуға тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады, –  деді Нұрлан Нығматулин. 

Қазір карантинге байланысты концерттер өтпей жүр. Егер індеттің беті қайтып концерттік іс-шараларға өткізуге рұқсат берілсе, Нығматулиннің ұсынысы қаншалықты жүзеге асатынын біле алатын боламыз. 

Жалпы былтырғы жыл Нығматулин үшін жемісті жыл болды десек қателеспейміз. Әлемді індет шарпыған кезде Қазақстандағы көптеген проблемалар менмұндалап көрініп қалды. Соның бәрін Мәжіліс спикері ой таразысынан өткізіп, жауапты адамдарға ащы сын айтып, нақты тапсырмалар берді. 

P.S. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нығматулинді Мәжіліс спикерлігіне ұсыныпты. Нақты спикер кім болатынын ертең білетін боламыз.

Нығматулиннің Мәжіліс спикерлігінен үміті үзілді
Аудан әкімдерін сайлау көзбояушылық болмай ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу