Экс-депутаттардың ендігі тағдыры не болмақ?

Oinet.kz 13-01-2021 1383

OINET.KZ хабарлайды - Сайлау біраз адамды төрге шығарса, біраз азаматты төрден түсіріп жатыр. Өкілеттігі осыменен тәмам болатын, Мәжілістің жаңа құрамына ілікпей қалған  депутаттардың (дәлірегі енді бір-екі күнде экс-депутат болатын) ендігі қызметтік тағдыры не болады? Билік елге еткен еңбегін елеп-ескеріп, мандаттың орнына мансап ұсына ма әлде жұмыссыз қалдыра ма? Бұған дейін тәжірибелерден байқалғандай, екеуі де әбден ықтимал.  Бәрі де экс-депутаттардың қарымына ғана емес, ауыздарының салымына,  маңдайларына жазылған бақ пен сорға байланысты. 

Жылқышиев Қайназаров Қаныбеков.jpg

Фотода солдан оңға қарай: Байділда Жылқышиев, Уәлихан Қайназаров, Сәкен Қаныбеков

Мерзімі бітіп бара жатқан Мәжілісте Түркістан облысынан бірнеше депутат өкілеттік етті. Солардың ішінде Бәйділдә Жылқышиев, Уәлихан Қайназаров, Сәкен Қаныбековтың аты-жөндері билік партиясының ұсынған тізіміне енбей қалды. 

Уақтысында Оңтүстікте біраз ауданның әкімі, кейінгі жылдары облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін тапжылмастан он жыл бойы, тіпті зейнет жасына жеткеннен кейін де атқарған, 2016 жылы Мәжілістің мандатын иеленген  Бәйділдә Жылқышиевтің енді біреуге артар өкпесі жоқ шығар деген ойдамыз. Жылқышиев осыменен құрметті зейнеткерлікке шығуы мүмкін. 

Ал екінші экс-депутат Уәлихан Қайназаровтың зейнет жасына жетуіне әлі бір жыл бар. Уәлихан Анарбайұлы тоқсаныншы жылдары Түркістан қаласының әкімі қызметін атқарған. Бұдан кейін біраз жылдары кәсіпкерлік салада жүрді. Одан кейін мемлекеттік қызметке қайта оралды. Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі болған. 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұдан кейін алты жыл облыстағы ірі, әрі күрделі  ауданның бірі-Сайрамға әкім болды. 

Жалпы, Уәлихан Қайназаров мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Елдің мұң-мұқтажын жақсы түсіне білетін азамат. Мәжілістің қабырғасында ол Оңтүстік өңірі үшін өзекті болып отырған біраз мәселені көтерді. 

- Барлық нәрсе ақшамен шешілмейді және шешілмеуі де тиіс! Бәрін ақшамен санайтын болсақ, адамгершілік, қарым-қатынас дегеннің бәрін ақшамен өлшесек батыстағыдай  жүйе орнайды. Ұлт өзінің құндылықтарын жоғалтады. Билік, қызмет уақытша. Саяси лауазым иеленгеннен өз міндетіңді орындауды ойлайсың. Маман ретінде, адам ретінде пайдалы өмір сүруді ойлайсың, - деген болатын У.Қайназаров былтыр "Рейтинг" газетіне берген сұхбатында. Қайназаровқа енді қандай қызметтің бұйыратынын уақыттың еншісіне қалдырдық. 

Ал 55 жастағы С.Қаныбековке зейнкерліктің ауылы әлі алыс. Ресми биографиясында Сәкен Әсембекұлының еңбек жолын 1988 жылы қарапайым колхозшы болып бастағаны жазылған. Бертінде Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лаузымын атқарды. 2006 жылы Ордабасы ауданының әкімі болды (бұл кезде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев еді). Өңірдің тізгіні Асқар Мырзахметовке тиген соң Қаныбеков жылы орнын суытты. Ол бір-екі жыл Президент әкімшілігінде жұмыс істеп, Оңтүстікке облыс әкімінің орынбасары болып оралды. Осылайша осыменен карьерасы өшеді деген Қаныбеков қайта өсіп, көпшілікті аң-таң қалдырған. Облыс әкімінің орынбасары лаузымын  алты жыл атқарды. 2016 жылы Мәжіліс депутаты атанды. Айтпақшы, Мәжіліс депутаттарының ант беру рәсімінде Қаныбековтің мінберді шатастырып, отырғандарды күлкіге қарық қылғаны бар еді. Сәкен Әсембекұлының бес жыл бойы Парламент партасында бұдан басқа есте қаларлық әрекеттерін немесе мәселе көтергенін байқамадық. 

Қызметті үнемі өсіп келе жатқан Сәкен Қаныбековтың жұмыссыз қалмауы әбден мүмкін. Өйткені бүкіл Қазақстанға танымал Қаныбековтер әулетінің ықпалы туралы әңгімелер көп айтылады.  Forbes Kazakhstan журналының тұжырымы бойынша Қаныбековтер отбасы Қазақстандағы ең бай деген елу бизнесменнің қатарына кіреді. 2020 жылғы мәлімет бойынша (47-орын) Қаныбековтер әулеті атақты Сейітжановтар әулетімен бірге «Саутс ойл» компаниясына иелік етеді (39 пайыз акция). Бұдан бөлек меншіктерінде «Sky Logistics Service», «Нимэкс-Транс», «Алем-Капитал» және «South Petroleum» компаниялары бар. Қаныбековтер сондай-ақ, «Евро-Азия Эйр» әуе компаниясының да қожайыны (100 пайыз акция) саналады. 

Яғни, Сәкен Қаныбековке шенеуніктің қызмет бұйырмаса да жұмыссыз қалмайтыны айдан анық.

Құрманбекова Мәжіліс мандатынан құр қалды
Мәжілістегі ең кәрі депутат Косаревтың орнын енді кім басады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу