Мәжілістегі ең кәрі депутат Косаревтың орнын енді кім басады?
OINET.KZ хабарлайды - Күні кеше сайлау бітіп, партиялар мәжіліс пен мәслихаттан орындарын сайлап жатыр. Парламент депутаттарын түгендеп үлгерді. Кеше «Nur Otan» 76 болашақ мәжілісменнің тізімін жариялады. Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 9 депутат ұсынылды. "Ақжол" мен "Халық" та өз депутаттарының тізімін берді. Енді бірер күнде Мәжіліс жұмысын жаңа құраммен бастайды.
Бұрын саясаткерлер Сенат пен Мәжіліс деген палаталары бар Парламентті саяси мансаптары тәмам болғандардың "Қарттар үйі" деп атайтын. Соңғы шақырылымда "Қарттар үйінің" ең кәрісі - Владимир Косарев еді. 1937 жылы дүниеге келген Косарев Парламентте жасы 83-ке келгенше армансыз отырды. Енді ол қаласа да, қаламаса да жаңа құрамға жылы орнын босатады.
Біз жаңа мәжілісмендердің өмірбаяндарына үңіліп, туған жылдарын қарап шықтық. Парламентке көбіне зейнет жасынан асқан "кәрілер" - Қазақстан Халқы Ассамблеясынан келіпті. Араларында ең қартаңы - Сауытбек Әбдірахманов екен. 1951 жылы Оңтүстік өлкеде дүниеге келген Әбдірахманов биыл мерейлі 70 жасқа толады.Бар өмірін журналистикаға арнаған Әбдірахманов 2003-2004 жылы, бар болғаны 1 жыл ғана Ақпарат министрі болып қызмет атқарды. Шамасы министрлік өзіне сеп емес екенін түсінді ме, одан кейін мемлекеттік қызметке жоламады. Министрліктен кейінгі қызметін өзінің бұрынғы орны - «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті болып жалғастырды. 2016 жылға дейін қызмет ауыстырмады. Осы жерден зейнетке Парламентке кетті. Енді жаңа құраммен тағы 5 жыл депутаттық қызметін жалғастырады. Қазіргі уақытпен есептегенде Косаревтың рекордын бұзуға әлі 13 жыл уақыт керек екен. Бұл жағы қалай болатынын уақыт көрсетеді.
Әбдірахманов – қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген кітаптардың авторы, олардың арасында «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары», «Коран и Пушкин», «Әдебиет әлемі», «Өнер өлкесі», «Абыз Әбіш» кітаптары, «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының қос томдық антологиясы, сондай-ақ журналистік іссапарлармен әлемнің елу сегіз мемлекетін аралаған қаламгердің шетелдік репортаждары жарияланған «Қашаған құрықтаған Қазақстан» жинағы бар. Бейбарыс сұлтан туралы арабтың халықтық романын, В. Гюгоның «Аласталғандар» романын аударған.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары бар. І дәрежелі «Барыс» орденімен, «Парасат» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен наградталған. Бірнеше медальдің иегері. Журналистика саласындағы Президент сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Пушкинистика саласындағы еңбегі Ресей Сөз өнері академиясының «Ревнители просвещения» медалімен аталып өткен.