Шөкеев премьер бола ма? Сайлаудан кейінгі ауыс-түйіс елді алаңдатып отыр
Қазір көпшілікті сайлауда қай партияның көп дауыс алатыны емес, сайлаудан кейінгі сценарий қызықтырып отыр. Мұның себебі түсінікті. Екі жылға жуық жұмыс істеген Мамин үкіметі отставкіге кетеді. Ал министрлер кабинетінің қайта жасақталуы биліктің тұтастай бөлігінде қыруар ауыс-түйістермен жалғасатыны айтпаса да белгілі.
Соңғы жылдары Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңадан сайланған Мәжілістің алдында үкімет өзінің қызметін доғарады (Конституцияның 70-бабы). Заңға сәйкес алдымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев келісім алу үшін парламентке жаңа премьердің кандидатурасын ұсынады. Үкімет басшысы тағайындалған соң он күн мерзім ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы президентке ұсыныс енгізеді. Яғни, келесі аптада мына жақта Мәжіліс мандаттарды бөлісіп, төрағаларын, комитет жетекшілерін сайлап, ал мына жақта Үкімет жаңа құрамын жасақтап, абыр-сабыр болады деген сөз. Қызықтың бәрі сайлаудан кейін басталады. Жаңа премьер кім болуы мүмкін? Бұл сұраққа жауап берерден бұрын Мамин үкіметінің жұмысына қысқаша шолу жасай кетсек.
Жалпы Асқар Мамин Үкімет жетекшісінің креслосына кездейсоқ немесе ойда-жоқта келген кадр емес. Елорданың әкімі болған, Қазақстан темір жолына жетекшілік етті. 2016 жылдың қыркүйегінде премьер Бақытжан Сағынтаевқа бірінші орынбасар болды. 2018 жылдың ақпанында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оны премьерлікке тағайындады. Арада бір ай өтпей жатып Елбасы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, отставкіге кетті. Яғни, Мамин тарихта Назарбаевтың дәуірінде тағайындалған ең соңғы премьер ретінде қалып отыр.
Жаңа үкімет жұмысын әу бастан-ақ алып кете алмады. Мұны небәрі 1 жыл 11 айға жуық «ғұмыр кешкен» Мамин командасындағы ауыс-түйістердің көп жасалғанынан аңғаруға болады. Алғашқыда вице-премьерлікке Әлихан Смайылов, Гүлшара Әбдіхалықова және Жеңіс Қасымбек тағайындалған еді. Бүгінде соның біреуі-Ә.Смайылов қана креслосын сақтап қалды. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде алғашқы құрамдағы 14 министрдің жартысынан астамы басқа қызметтерге ауысып кетті. Үкіметте кадрлық ауыс-түйістер ғана емес, құрылымдық өзгерістер де көп жасалды.
Маминнің командасы пандемия, төтенше жағдай сияқты өте күрделі кезеңде жұмыс істеді. Үкіметтің сын сағатта сыр бергені де жасырын емес. Биыл маусым, шілде айларында елде коронавирус, белгісіз өкпе қабынуы өршіді. «Кез-келген төтенше жағдайға тас-түйін дайын отырмыз» деген Үкімет жағдайды бақылаудан шығарып алды. Ауруханада орын жетіспеушілігі болды. Көптеген азаматтардың өз беттерінше ем қабылдауына мүмкіндігі болмады. Себебі дәраханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы орын алды. Президент осы кездері жұмысын ширатпаса, Үкіметті отставкіге жіберетінін мәлім етті. Осы келеңсіз жағдайлардан кейін денсаулық сақтау саласында біраз былық ашылды. Министр Біртанов қызметінен кетті. Кейінірек медицина саласында экс-министрден бастап біраз шенеуініктердің үстінен іс қозғалды.
Хош, сонымен Маминнің орны енді кімге бұйырады? Бұл мәселеге келгенде көп болжам жасауға болады. Соның ең ықтималдарына тоқталсақ. Жалпы Тәукелсіздік алғалы бергі отыз жылға жуық мерзімді алып қарасақ, Қазақстанда премьер-министр тағайындаудың қалыптасқан дәстүрі, қағазға жазылмаған заңдарының бары байқалады. Мәселен Терещенкодан Маминге дейін 10 премьердің барлығы дерлік сол үкіметтің өз ішінен тағайындалған екен. Үкіметке 1997-99 жылдары жетекшілік жасаған Нұрлан Балғымбаев қана бұл «дәстүрге» бағынған жоқ. Ол премьердің креслосына «Қазақойл» компаниясының басшылығынан келді. Алайда Балғымбаев оған дейін Үкіметте мұнай және газ министрінің тізгінін ұстаған болатын. Ал одан басқа премьерлердің барлығы да еңбек жолында вице-премьер лауазымын атқарған, яғни үкіметтің ішкі асханасымен толық таныс шенеуніктер еді. Олардың ішінде Д.Ахметовтан басқасының бәрі Үкімет басшысылығына тікелей вице-премьерліктің креслосынан ауысып келді. Яғни, Тәуелсіз Қазақстанның 12-інші премьеріне лайық кандидатты алдымен вице-премьерлердің арасынан іздеу қажет сияқты. Алдымен бірінші вице Әлихан Смайыловтан бастасақ.
Бірінші вице-премьерді Үкіметті басқаруы мүмкін №1 кандидат деп атасақ, қателеспеуіміз мүмкін. Әлихан Смайылов еңбек жолында Статистика комитетінің төрағасы, президенттің көмекшісі, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «Қазагроның» жетекшісі, Қаржы министрі лаузымдарын атқарған. Жасы 48-де. Соңғы уақытта оның беделі мен танымалдылығының айтарлықтай өскенін де айта кету керек. Қасқасы, Әлихан Смайыловтың қаржы, экономика саласында жинаған тәжірибесі постпандемиялық кезеңде экономиканы аяққа тұрғызу, дағдарысқа қарсы күресте кәдеге асуы әбден ықтимал.
Премьерлікке вице-премьер Ералы Тоғжановтың кандидатурасы да қарастырылуы әбден мүмкін. Роман Склярды да атап өту керек. Несі бар, өзге ұлттың өкілі демесеңіз, Склярдың қазақшасы Маминнен көш ілгері екендігін мойындау керек. Ал министрлердің ішінен тек Бақыт Сұлтановтың кандидатурасына ерекше тоқталуға болады. Б.Сұлтанов уақтысында елорданың әкімі, оның алдында үш премьердің үкіметінде вице-премьер-Қаржы министрі лауазымын атқарған. Яғни, алдағы ауыс-түйістер Бақыт Сұлтановтың бағын жағып жатса, таңқалуға болмайды.
Ал облыс әкімдерінің ішінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевті айырықша атап өтуге болады. Екеуі де уақтысында вице-премьерліктің тізгінін ұстаған. Мұның ішінде Өмірзақ Шөкеевтің мүмкіндігінің әлдеқайда жоғары екендігі рас. «Шөкеев премьер болады» деген әңгіме қазірдің өзінде бар.
Өмірзақ Естайұлы төрт өңірдің әкімі қызметін атқарды. Уақтысында Үкімет жетекшісінң бірінші орынасары лаузымына дейін көтерілген. Одан кейінгі жылдары «Самұрық-Қазына» қорына жетекшілік етті, Ауыл шаруашылығы министрі болды. Былтыр тамызда Түркістан облысына жасаған сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шөкеевтің атқарған жұмысына өте жоғары баға беріп кеткенін білеміз. Сондықтан Өмірзақ Шөкеевті премьерлікке лайық негізгі кандидат деп атуға әбден болатын сияқты.
Былтыр күзде шетелдің ақпарат құралдарында Қасым-Жомарт Тоқаевтың премьерлікке Сауат Мыңбаевтың кандидатурасын қарастырып жүргені туралы ақпарат таратты. Сауат Мыңбаев Мәскеуде білім алған. Мемлекеттік қызметтегі жұмысын 1995 жылы Қаржы министрінің орынбасары лауазымынан бастаған. 25 жылдық карьерасында Сауат Мыңбаев Қазақстанның бес министрлігіне басшылық жасаған. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, екі мәрте вице-премьер лауазымын атқарған. Соңғы жылдары мұнай және газ министрі, одан кейін «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясына жетекшілік етті. 2018 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан темір жолында басқарма төрағасы лауазымын атқарады. Яғни, жоғарыдағы ақпаратты да негізсіз деуге болмайтын сияқты.
Не де болса, бәрін тақсыр уақыттың төрелігіне тапсырдық.
"Рейтинг" газеті, №1, 6 қаңтар, 2021 ж