Мырзахметовтың жобасы қаңтарылып қалуы мүмкін
Жылдың соңы Бердібек Сапарбаев үшін қарбаласқа толы болды. Кейбіреулер «жақында зейнеткерліккке кетуі мүмкін» деп жүрген Жамбылдың әкімінің әзірге қимылы ширақ.
Бердібек Сапарбаев жыл аяқталар тұста Елбасының қабылдауында болды. Тұңғыш президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және пандемия жағдайында азаматтарды қолдауға бағытталған шаралар туралы баяндады. Н.Назарбаев Жамбылдың әкіміне «Қамқорлық» бастамасын қолдап, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының базасында оңалту орталығын ашқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірге инвестиция тарту жұмысы жөнінде ақпарат берілді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, осы жылдың соңына дейін Жамбыл облысына 368 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылады.
Ал мұның алдында Сапарбаев коронавирусына қарсы қазақстандық QazCovid-in қазақстандық вакцинаны қабылады. Вакцинация клиникалық зерттеулерден тыс ерікті түрде егілді.
Аймақ басшысы вакцина тиімді тестілеумен және қолданыстағы алдын алу шараларымен бірге пандемияны бақылауға алуға көмектесетін маңызды құралға айналатынын атап өтті.
- Әлемдік сарапшылар қауіпсіз және тиімді вакцинаны жасау мен өндіруді жеделдету үшін көп жұмыс істеуде. Қордай ауданында орналасқан биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институты өзіміздің қазақстандық вакцинамызды да әзірледі. Еріктілерге арналған клиникалық зерттеулердің алғашқы екі кезеңі сәтті өтті, оларда жақсы нәтиже көрсетті және жанама әсерлер болған жоқ. Қазіргі таңда Таразда клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі жүруде. Қазақстандық вакцина оң нәтиже көрсетіп, жаппай қолдануға ұсынылады деп үміттенемін, - деді Бердібек Сапарбаев.
Сапарбаев сондай-ақ, жыл аяқталмай жатып бірқатар ауданның әкімдерін қабылдап, есептерін ала бастады. Жуырда өңір басшысы алты әкімді қабылдады. Жиында облыс басшысы Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовке біраз ескертулер жасады.
- Пилоттық жоба бойынша мәселе бар. Ең нашар жүріп жатқан Байзақ ауданында. Екі ауылдық округ енген. Екеуінің де нәтижесі нашар,- деп ескертті аймақ басшысы.
Сапарбаевтың қандай пилоттық жобаны айтып отырғаны түсінікті сияқты. Естеріңізде болса, былтыр Асқар Мырзахметов ауылдағы халықтың тұрмысын көтеру үшін пилоттық жобаны жасап, оны үкіметте қорғаған болатын. Бұл жобаны тіпті премьер А.Маминнің өзі де мақтаған еді. Жаңа жылдан бастап жоба Жамбыл облысының 10 ауданындағы 11 ауылдық округте жүзеге аса бастады. Алайда ақпанда Мырзахметов қызметтен кеткен соң бұл жобаны соңы сиырқұйымшықтанып кеткенге ұқсайды. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда жобаның алғашқы кезеңіне 7,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Екінші кезеңін қаржыландыру тоқтап қалған. Мырзахметовтың жасаған пилоттық жобасы қаңтарылып қалуы әбден мүмкін болып тұр.