Кешегі әкімдер бүгін қайда жүр?

Oinet.kz 04-06-2020 2094

Screenshot_5.jpg

Фотода Шымкент қаласының экс-әкімі Ерлан Айтаханов

Кеше әкім еді, қазір қайда? Қызмет қай кезде де атқарып отырған лауазыммен емес, елге сіңірген еңбекпен бағаланса керек. Жұртшылықтың еңбек кітапшасына аудан, қала  әкімі немесе облыс әкімінің орынбасары болып істеген деген бір ауыз сөзді жаздыру үшін, дәлірегі еңбек өтілі үшін уақытша қонақтап кететін шенеуніктерді емес, мемлекеттік қызметтің «отымен кіріп, күлімен шыққандарды» жақсы танитыны сондықтан. Іздейтіні де рас. Осы аптада «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы хабарласқан оқырманымыз  Орынбасар Досымбеков уақтысында өңірде лауазымды қызметтерді атқарған, бірақ соңғы кездері биліктің ауылынан алыстап кеткен азаматтарға іздеу салды. Көзі ашық, санасы ояу оқырмандар әрдайым біздің басты тірегіміз саналатындықтан оның сұранасына орай экс-шенеуніктерді түгендеп, журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік. 


Screenshot_2.jpg

Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВ:

Бәрі басшыларға байланысты ғой

Мемлекеттік қызметтегі карьерасын сонау комсомолдан бастаған, Сарыағаш ауданы мен Кентау қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарған Әбдібақыт Мақұлбаев қызметсіз жүрген жоқ.

– Мен осыдан бір ай бұрын, дәлірегі 30 сәуірде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының басшысы қызметіне тағайындалдым. Қазір осы лауазымды атқарып жатқан жайым бар, – деді экс-әкім.

– Кентаудың әкімі қызметінен  2018 жылдың желтоқсанында босатылған едіңіз. Содан бергі аралықта не қызмет атқардыңыз?

– Ешқандай қызметте болғаным жоқ. Әкімдіктен кетер кезде сол кездегі облыс басшысы маған басқа қызметті уәде еткен болатын. Алайда ол жұмыс болмай қалды. Кейін облыс басшысының өзі  ауысып кетті. Ал жаңа басшылық тарапынан ұсыныс болған жоқ.

– Әкімдікке қайта оралсам деген жоспарыңыз жоқ па?

– Ол жағын кім біледі. Бәрі де басшыларға байланысты ғой, – деді Ә.Мақұлбаев.


Screenshot_3.jpg

Бақтияр МАМАЕВ:

Жаңа қызметке шақырып жатыр

1 маусымда  Сайрам ауданының бұрынғы әкімі Бақтияр Мамаевты әлеуметтік желідегі достары туған күнімен құттықтаған болатын. Енді жуық арада оны жаңа қызметімен құттықтайтын сияқтымыз.

– Мен Сайрам ауданының әкімі қызметінен былтыр желтоқсанда босатылдым. Содан бергі аралықта хабарласып, қайда жүргенімді сұрап жатқандар көп. Бүгінде мен үлкен бір компанияда кеңесшілік қызметті атқарып жүрмін, – деді экс-әкім.  – Мемлекеттік қызметке жақын арада ораласыз ба? – Осы салада  27 жылдан бері істеп келемін. Қазір денсаулығыма байланысты аздап ем қабылдап жүрмін. Облыс басшылығы жаңа қызметке шақырып жатыр. Бұйыртса барып қаламын.

– Егер құпия болмаса ол не  қызмет?

– Оны әзірге айтпай қоя тұрайын. Барлық нәрсенің өз сәтімен болғаны жақсы.


Screenshot_1.jpg

Болатбек ҚЫСТАУОВ:

Маңыздысы елге қызмет ету

Уақтысында Қазығұрт ауданының әкімі, одан кейінгі жылдары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болған Болатбек Қыстауовтың кейінгі жылдары Шардара ауданының әкімі қызметін атқарғаны белгілі. Ол былтыр жазда қызметінен босатылды. Содан кейін жұртшылықтың Қыстауовты «жоғалтып» алғаны рас. Бұрынғы әріптестері  экс-әкім соңғы бір жылдың көлемінде жеке бизнеспен айналысып жүргенін мәлім етті. Оның не бизнес екендігін білу үшін Қыстауовтың өзімен хабарласқан едік.

– Қазір жеке секторда жұмыс істеп жатқан жайым бар. Елордада ІT технология саласындамын. Осы саламен айналысатын бір компанияға басшылық жасаймын. Жалпы ІT технологиясының  келешегі өте зор, мемлекетіміз өте қатты мән беріп отыр.

– Мемлекеттік қызметке қайта ораласыз ба?

– Оның бәрі де ұсынысқа байланысты. Ұсыныс жоқ емес, бар.  Бірақ менің  ІT саласындағы жұмыстарды дамытып, жолға қойсам деген жоспарым бар. Бұған дейін оған қол тимей кетті. Мемлекеттік қызметке кетсең, тағы да уақыт таппай кететінің анық.

– Егер мемлекеттік қызметті қайта жалғастырасыз деген ұсыныс түссе, туған жеріңізге қайта ораласыз ба?

– Бұйырғанын көреміз. Жұмыс қай жақтан шығады, соған қарай. Мен үшін адамның қай өңірде жұмыс істегені маңызды емес, маңыздысы елге, мемлекетімізге  қызмет ету.


Screenshot_4.jpg

Самат САПАРБАЕВ:

Ешкім қуған жоқ

Ұзақ жылдар Сайрам ауданында ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасары, одан кейінгі жылдары Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін атқарған Самат Сапарбаев мемлекеттік қызметте мүлдем жоқ болып шықты.

– Қазір жеке шаруашылықпен айналысамын. Шаруашылық дегенде ірі бизнес емес. Жалпы өз басым дүние жинауға қызыққан адам емеспін.

– Жаңылыспасақ, сіздің мемлекеттік қызметтегі карьераңыз Оңтүстік Қазақстан облысымен аяқталды ғой дейміз...

– Соңғы қызметім Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істері басқармасының басшысы болды. Түркістан облысы құрылған кезде өз еркіммен арызымды жазып, жұмыстан босап кеткенмін. Қызметтен ешкім қуған жоқ, ешкімге айтар өкпем жоқ. Түркістанға барып, жатақханада тұрып, қызмет қуалайтын жастан өтіп кеттім ғой деп ойладым.

– Содан кейінгі аралықта ешқандай ұсыныс түскен жоқ па?

– Былтыр жыл басында Шымкент қалалық әкімдігінен ұсыныстар түскен болатын. Дін мәселелерін зерттеу орталығына басшылық қызметке шақырды. Кейін мені қызметке шақырған азаматтар басқа жаққа ауысып кетті де бәрі аяқсыз қалды.

– Ендігі жоспарыңыз қандай?

– Ендігі жоспарым, мемлекеттік қызметке бармайтын шығармын. Дегенмен кім біледі, бұйырып жатса көрерміз.  Қызметтің қызығын да, шыжығын да көрдім. Жаман атымыз шыққан жоқ. Қазір үлкен ұлым өсіп қалды, одан екі немерем бар.  Кіші ұлым диплом алғалы жатыр. Мұқтаж адам емеспіз. Мені іздеген азаматтарға рахметімді айтамын.


Screenshot_6.jpg

«Жыл әкімі»  жұмыссыз ба? 

Шымкентті ең аз уақыт басқарған әкім ретінде есте қалған Ерлан Айтахановтың қызметтен алты айға жетпей босатылуында бір кілтипанның болғаны анық. Былтыр әлдебір басылымның тұжырымы бойынша  «Жыл әкімі» номинациясына лайық деп танылған Айтаханов міне, бес айдан бері жұмыссыз отырған сияқты. Телефонына бірнеше мәрте қоңырау соққан едік. «Гудок» барып тұрғанмен Ерлан Айтаханов ұялы телефонның тұтқасын көтермеді, жазған хабарламаға да жауап қатпады.

Анда-санда болса да оқырмандарын мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін арнап тұратын экс-әкім кейінгі кездері әлеуметтік желіде де онша белсенді еместігін аңғардық.  

Тараздың университеттері көзбояушылықпен айналысып отыр ма?
Сапарбаев тапсырманы орындамайтын әкімдерге ескерту жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу