Донордың дені сау болса, ота да арзандау болады

Oinet.kz 20-08-2018 716

Өткен аптада  түркиялық танымал профессор Айхан Динчкан Шымкентке іс-сапармен келді. Трансплантолог сапар барысында  Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында өңірдегі науқастарды екі күн бойы қабылдап,  тегін кеңес берді. Профессордың кеңесіне жүгінгендердің қарасы көп болды. Әсіресе гемодиализ аппаратына мұқтаждар мен бауыры сыр бергендер үміттерін арқалай келіпті. Олар өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Медицина туризмі дамыған Түркиядағы әйгілі «Медикал парк» клиникасының дәрігері, үздік трансплантологпен сұхбаттасудың сәті түскен еді... 

Screenshot_4.jpg

– Айхан бей, алдымен өзіңіз қызмет ететін клиника жайында айта кетіңізші?

– «Medical Park» – бұл Түркияда және шетелде 17 клиникасы бар алып мекеме. 1995 жылы құрылған клиникада медициналық барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Аурухана әсіресе онкологиялық және генетикалық аруларды емдеуде, сондай-ақ трансплантация жасауда көш бастап келеді. Бізде бауыр, бүйрек, жүректен өзге өпке, бас-сүйек миға, көздің мүйізгек қабығы секілді тіндік ағзалар, жатыр, тіпті бет пен қолға да трансплантация жасалады. Генетикалық ауруларға байланысты Стамбулдағы клиникада тәулігіне 250 анализ тексеріледі. Жалпы алғанда 8000-ға жуық медициналық қызметкері бар.

– Қазақстанға келудегі мақсатыңыз?

– Қазіргі таңда әлем халқы арасында бүйрек, бауыр аурулары көбейген. Оның ішінде ағзалары істен шығып, гемодиализ аппаратына таңылғандары қаншама. Өмірлері қыл үстінде тұрған жандарға көмек бергім келеді. Бүйрек, бауыр жетіспеушілігі өмірдің соңы емес екенін түсіндіріп, науқастарға үміт сыйлағым келеді. Менің сапарымның мақсаты осы. Сондай-ақ жергілікті дәрігерлерге де өз білгенімді үйретіп, тәжірибе алмасу. Мұндағы науқастармен сөйлесе отырып өмір үшін күресе білетін жандар екеніне көз жеткіздім. 

– Түркияда трансплантация жақсы жолға қойылған деп қалдыңыз. Тарқатып айтсаңыз...

– Түркия бауыр трансплантациясы жөнінен әлемдегі үздік үштікке кіреді, ал бүйрек ауыстыру жағынан үздік ондыққа енді. Он шақты жыл бұрын бүйрек отасына В, С гепатиттері, қант диабеті секілді аурулар кедергі келтіретін. Қазір бұл проблема емес. Егер науқастың қосымша аурулары болса оны емдеп, отаны жасай беруге болады. Біздің елдегі трансплантацияның артықшылығы – санға ғана емес сапаға да мән беруі. Мамандарымыз отадан кейінгі күтім жасауының арқасында трансплантаттың өмір сүруі ұзаруда. Сандарды сөйлетер болсақ Түркияда жылына 1000-1200 пацинетке бауыр салынса, 3000 мыңнан астам науқас жаңа бүйрекке ие болады. Отаның 10 пайызы балаларға жасалады. Биылғы жылы 3300 бүйрек ауыстыруды көздеп отырмыз. Соңғы жасаған отам алты айлық Ихсанға жасалды. Бүлдіршінге туысқан ағасы бауырын бөліп берді.

– Донорды қайдан аласыздар?

– Донор жетіспеушілігі дамыған елдердің өзінде де өзекті мәселе. Сол секілді бізде де донор тапшылығы проблемасы бар. Өздеріңізге белгілі донор алудың екі жолы бар – мәйіттік, туыстық. Түркия мұсылман ел болғандықтан мәйіттік донор табу қиын. Себебі қайтыс болған адамның туыстары ағзасын алуға қарсылық танытатып жатады. Қазіргі таңда біз донордың 80 пайызын туыстық, ал қалған 20 пайызын мәйіттен аламыз. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дамыған мемлекеттерде 1 миллион науқасқа 25 мәйіттік донордан келеді. Осыдан 10 жыл бұрын Түркияда 1 миллион науқасқа 2 мәйіттік  донордан  келетін. Қазіргі таңда 1 миллион пациентке 7 мәйіттік донордан келеді. Біз де медицинасы жақсы дамыған елдердегідей мәйіттік донордың санын 25-ке көтеруді қолға алып жатырмыз. Айта кететін бір жәйт, кейде ағза ауыстыруға мұқтаж адамға туыстары ағзасын беремін деп тұрғанда науқастың өзі бас тартып жатады. Әрине, түсінемін, науқас ешкімге салмақ түсірмей, жақындарының денсаулығына сызат түсіргісі келмейтін шығар. Алайда бұл оған өмір сүруге беріліп тұрған мүмкіндік қой. Ашығын айтқанда өмір мен өлімнің арасында тұрғанда науқастың бұлай таңдау жасауы дұрыс емес. Себебі гемодиализ өмірді қысқартады. Қазақстанда да осындай жағдайдың жиі кездесетінін байқадым. Біз әрбір сырқатқа көмектескіміз келеді. Бірақ осылайша пациенттің өзі «назданып» тұрғанда біздің қолымыздан ештеңе келмейді. Ең бастысы науқастың ауруды жеңіп шығуға сенімділігі, күш-жігері болғаны абзал. 

– Донорға қандай талап қойылады?

– Ең бастысы – ниетінің түзу болуы. Науқасқа ағзасын шын көңілмен беру керек. Одан кейін аурумен төрт атаға дейін туыстығы болуы шарт. Сондай-ақ әрине денсаулығында мін болмағаны дұрыс. Егер бауырын беретін болса, бауыры сау болуы міндет. Бұрын-соңды онкология, жүйке аурулары, гепатит және ВИЧ пен ауырмаса болды. 

– Түркияда ағза ауыстыру қанша қаражатты талап етеді?

– Түркия азаматтары үшін отаның ақысын Үкіметтің өзі төлейді. Ал шетедік сырқаттар үшін баға мемлекетіне қарай белгіленеді. Мәселен, бүйрек ауыстыру шамамен  20 мың доллар болса бауыр операциясы 65 мың доллар тұрады. Дегенмен бұл баға науқастың ахуалына қарай кемуі немесе артуы мүмкін. Егер трансплантаттың ауыстыруға қажетті ағзасын есептемегенде дені сау болса, арзандау болады. Яғни ол науқас отаға дайын деген сөз. Ал кейбір науқастың қан қысымының жоғары болуы, қаназдық немесе өзге де ағзалары сыр беру секілді мәселесі көп болады. Оларды қосымша емдеп, отаға дайындағандықтан біраз қаражат қажет болады. 

– Бүгінгі таңда Қазақстанда да трансплантациялық оталар сәтті жүргізіліп келеді. Ал сіз жергілікті дәрігерлердің жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Қазіргі Қазақстандағы медицина Түркиядағы осыдан 20-30 жыл бұрынғы медицинаны елестетеді. Яғни, баяу дамып келеді. Сондықтан мен өз тәжірибеммен бөлісу үшін осында жиі келіп тұрамын. Бұл менің Қазақстанға жасаған үшінші сапарым. Білімін жетілдіру үшін жыл сайын қазақ елінен түрік жеріне қаншама дәрігерлер барады. Мәселен, Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Рустам Махмуджанов біздің клиникада жарты жыл оқып кеткен болатын. Қазір ол ота жасалған науқастардың күтімін бақылап отырады екен. Қазақстаннан бөлек мен Орта Азия, Балқан елдері, Таяу шығыс, Солтүстік Африка секілді мемлекеттерге де барып, тәжірибе алмасып, тұрғындарға тегін кеңес беріп тұрамын. Осы  жылдың қазан айында Стамбулда үлкен конгресс өтпек. Жиында өзім аралаған елдерден 2500-дей дәрігерлер қатысып, трансплантация тақырыбы аясында дәріс тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алатын болады.

– Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Әңгімелескен А.НҰР

Бақытжан Мырзагелдиев, дәрігер: «Молдаларға заңмен тиым салмаса болмайды!»
Нихат Өзжан, мүсінші: «Мүсін өнері төзімділікке үйретеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу