Бақытжан Мырзагелдиев, дәрігер: «Молдаларға заңмен тиым салмаса болмайды!»
Бақытжан Мырзагелдиев, №11 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері
– Бақытжан Мырзалыұлы, жыл сайын қыркүйек айының қарсаңында, дәлірек айтқанда тамыз айынан бастап елімізде балаларды сүндеттеу жұмыстары жүргізіледі. Біреулер 3 жастағы, енді бір адамдар 5-те, 7-де ұлдарын сүндетке отырғызып жатады. Жалпы, баланы қай жаста сүндеттеу керек?
– Сүндеттеу бізге – қазаққа ислам дінін қабылдағаннан кейін келді. Пайғамбарымыз сақал-мұртты қыру, тырнақты алу секілді тазалықтың белгісі ретінде бұл рәсімді бізге сүннет қылған. Құранда жазылмағанмен хадистерде түсіндірілген. Бұрын атам қазақ негізінен ұлын атты тізгіндеп, өзі отыра алатындай жағдайға жеткен кезде сүндеттеген. Ол әртүрлі жаста, 3 пен 12-нің аралығында болған. Бірақ, заманның өзгеруіне байланысты, қазақ баласы 7 жасында мектепке баратыны себепті оқу басталғанға дейін 6-7 жасында отырғыза беретін болды. Ырымшыл халық 7 санын қасиетті санап, сол жаста сүндеттеп жүргенде мектеп жасы 6-ға ауысты. Сосын баланы тақ санда, яғни 5-те не 7 отырғызу керек дейтіндер шықты. Оған имандай сенетіндер солай істеді. Сол бойынша 4-ке толмай 3 жасында да сүндеттей беретіндер де пайда болды. Өзіңіз айтқандай, жыл сайын қыркүйек айы жақындағанда елімізде жаппай сүндеттеу жүретінінің негізгі себебі осы – бала мектепке бару керек. Медициналық тұрғыдан алсақ, сүндетке отырғызып жүрген хирург ретінде айтар болсам, бұл рәсімді мейілінше балада сүндеттеу туралы ұғым қалыптаса бастағанда, яғни, перзентіңіз сүндеттеудің не екенін білген кезде іске асырған абзал. Жалпы жасқа байланысты қатып қалған нақты қағида жоқ болған соң әркім өз қалауы бойынша жүзеге асыра береді. Жұрт үйіне шақырғанда барғанда жиі байқайтынымыз, әсіресе ауылдарда адамдар 2-3 баласын қатар сүндеттетеді. Оның үлкені 7-де болуы мүмкін. Одан кейінгілері 5-те, 3-те болады. Негізі 5 жастың өзі ерте. Бала әбіржітпейтіндей, өзіне қарап, сүндеттелген соң жазылғанға дейін дәрілік ерітінділермен сүртіп тұру жұмыстарын дұрыс қабылдай алатындай болғанда жасаған дұрыс. Әйтпесе үш жасар бала не біледі? Сөзге де түсінбейді? Қол-аяғын басып, шыңғыртып сүндеттелген бала шошып қалуы да мүмкін. Қорқып қалса, дәрілік препараттармен тазалап тұруға да көнбейді. Жанына адам жолатпай бұтын бүлдіріп, кесілген жерін керісінше асқындырып жіберуі де ғажап емес. Ондай жағдайда бала қиналады. Ал, қай ата-ана қалайды, перзентінің қиналғанын?! Жазылғанға дейін жылатып йодпен сүрте берген кімге жақсы? Сондықтан атам қазақ дұрыс пайымдаған, атқа міне алатын 7 мен 12 жастың аралығында сүндеттеген.
– 12 дегеніңіз тым кеш емес пе?
– Бала ұялады демесеңіз, 12 жас кеш емес.
– 6-7 жасында мектеп табалдырығын аттайды ғой...
– Айтып отырмын ғой, жасқа байланысты қатып қалған қағида жоқ деп. Бала мектепке барса да үш ай демалыста отырғыза беруге болады. 7-8 жасында отырғызбай тұрып балаға сүндеттеудің не үшін жасалатынын айтып түсіндіріп, құлағына құя беру керек. Әрине, баланың бәрі бірдей сөзге түсініп, өздігінен көне қоймас. Бірақ, көбірек естіген соң оларда сүндеттеу туралы ұғым қалыптаса бастайды. Әскери борышын өтеп оралған жігітке «Шет жақты көріп ақыл тоқтатыпты. Түсінігі қалыптасып, дауысы жуандапты» деп басқаша көзқараспен қарай бастаймыз ғой. Сол сияқты баламен де сөйлесіп, кеңесіп, сөзге тоқтап, ес біле бастағанында сүндетке отырғызған дұрыс.
– Сонда сіз қай уақыттан бері бала сүндеттеп жүрсіз? Ауылдарға да барып тұрасыз ба?
– Қалалық болғанымыз кейінгі жылдары ғана ғой. Кіндік қанымыз ауылда тамған. Оқуымызды тәмамдаған соң ауданға барып еңбек еттік. Сол кезде қолымыздан келетінін білетіндер, молдаға емес дәрігерге кестіргісі келетіндер өздері шақырып тұратын. Уақытым болып жатса, бас тартпайтынмын. Кейбір адамдар бара алмайтыныңды білген соң балаларын ауруханаға алып кеп, сүндеттетіп алып қайтып жатады. 1998 жылдан бері ауылдарды аралап, қаншама қара домалақты сүндетке отырғыздым. Бірақ, ешқайсысына да өзім сұранып барған емеспін. Осы қалаға ауысқалы ғана хирургиядан аздап алшақтап қалдым. Өйткені басшылық қызмет, ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары кейде ондай шағын оталарға – сүндеттеуге бос уақыт қалдыра бермейді. Дегенмен, бәріне үлгеруге тырысамыз. Биыл 2018 жыл екенін ескерсек, бұл бағытта 20 жылдық еңбек өтілі бар кәнігі маман ретінде ненің дұрыс, ненің бұрыс айтуға құқым бар деп ойлаймын.
– Әрине, сол себепті ғой, білікті маманнан, хирургтан сұрап отырғанымыз. Негізі қайсысы дұрыс, үйде сүндеттеген бе, клиникада ма?
– Санитарлық талаптарға сай болса, үйде отырғыза беруге болады. Енді біреулері клиниканың өзінде болғаны дұрыс деп әдейі алып келеді. Жара таңу, кіші ота бөлмелерінде жасай беруге болады. Мұндай жағдайлар қалада көбірек қайталанып тұрады.
– Медицина қарыштап дамыған сайын емдеу ісіндегі тәсілдер де жаңарып жатыр ғой. Өзіңіз айтқандай, сүндеттеудің де кіші ота екенін ескерсек, мұнда да өзгерістер бар шығар?
– Бар, қан шығармай сүндеттеу деген сияқты тәсілдер қолданылып жүр. Баланы шошытпау үшін солай болғанын қалайды жұрт. Электропышақты пайдаланады. Қанатпайтын болған соң оны адамдар «лазермен дөңгелетіп кеседі екен» деп жүр. Бірақ, ол лазер емес. Лазерді күрделі оталарда қолданады. Оның үстіне баланың жігіттік мүшесіне оны қолданбайды, қауіпті, күйдіреді. Адам өміріне аса қауіпті болмаса да электропышағыңыз да сондай. Күйдіреді, теріні жиырады. Сол себепті қанамайды, ауырсынуды да сездірмейді. Өзім де бір рет қолданып көргенмін. Бірақ, мұндай әдісті қолдамаймын. Қанның шыққаны дұрыс. Қанды көрген бала сәл болса да ауырсынып, сүндеттелгенін білуі керек. Жылауы да қажет. Кесілген жері дәрінің күші қайта бастағанда аздап ауырады. Солай ол өзін ер азамат болып жатқанын сезіне бастайды. Мұны медицинада классикалық әдіс дейді. Солай есеюі тиіс. Мұның да жауапкершілігі бар. Дегенмен, медицинаның озық тұстарын пайдаланбауға да болмайды. Кескен кезде баланың жанын ауыртпайтындай етіп, шошытып қорқытпау үшін шекті мөлшерде қолданған жөн.
– Негізі не үшін сүндеттейді? Осының сырын медициналық тұрғыда түсіндіріп беріңізші...
– Сөзіміздің басында сүндеттеудің тазалықты бір белгісі екен айттық. Медицинада да тазалықтың маңызы зор. Нәтижесі болғандықтан медицина ғылымына латын жазуымен кәдімгі ота ретінде «циркумцизия» деп кіргізілген. Бұл ер мүшесінің басындағы артық қапшықшасын дөңгелек етіп кесіп алу деген сөз. Неге сүндеттейді? Сол қапшықшасына зәрден, терінің астындағы тері бездерінен бөлінетін нәрселерден бөлек түрлі нәрселер жиналып қалады. Біз оны сүндеттеу кезінде көріп жүрміз. Кейбіреулердікі ашылмаған. Ашсаң, сап-сары уыз құсап жиналып тұрады. Сүртіп тазалаймыз. Сол нәрселер сүндеттелмеген үлкендерде де жиналады. Мұсылман емес халықтарда жиі ылғалданатын болғандықтан қапшықшасына уақыт өте түрлі инфекциялар шоғырлана бастайды. Сондықтан да мұсылмандарға қарағанда оларда жыныстық аурулар көптеу болады.
Студент кезімізде медицинасы дамыған Америка, Еуропа елдері ғалымдарының латын тілінен аударылған, ғылыми дәлелденген зерттеулерін оқыдық. Солардың өздері сүндеттелген адамға қарағанда сүндеттелмегендерде 60-70 пайызға дейін жыныстық аурулар жиі кездесетінін жазған. Не себепті екенін дәлелдеген. Өзіңіз білесіз, Африкада ЖИТС, АИТВ көп тараған. Сол қара құрлықтың жартысы Ислам дінін қабылдаған. Ғалымдар солардың арасында бірдей жастағы дені сау адамдарға эксперимент жасап, нәтижесінде сүндеттелмегендердің ауруларды жиі жұқтырып алатынына көздері жеткен. Тексергенде сүндеттелгендердің 6-8 пайыз кем жұқтыратынын анықтаған. Осының өзі-ақ медицинада мойындалғанын, қаншалықты дұрыс екенін дәлелдеп тұр.
– Соңғы уақытта жариялылық, ашықтық белең алып бара жатқан қоғамымызда әлеуметтік желілерде «баламыз сүндеттеліп туылды!» деп сүйіншілеп, оны жақсылықтың нышанына балап жататындар көп...
– Жоқ, бала сүндеттеліп тумайды. Анасының тар құрсағын кеңітіп, өмірге келу оңай ма? Іштен шыр етіп шыққанда ер мүшесінің терісі астына жиырылып, үрпісі ашылып қалуы мүмкін. Бірақ, оны мынадан болды деп тап басып айту қиын. Жұрт соны сүндеттеліп туылды деп жүр. Туылғанда жан-жағына тимей шығуы да мүмкін емес. Көбінде осындай үйкелістерден болады. Оны бәрібір сүндеттеу керек. Жиырылып қалған теріні алып тастамаса, сол жерге қоймалжыңдар жиналып, тазалық бұзылады. Соңы түрлі инфекцияларға апарып соғады. Одан басқа кейбір балаларды, ондайлар өте сирек енді, «неге ерте сүндеттеді?» деп сұрайтындар бар. Оларда бағана айтқандай жиналып қалатын кілегей-қоймалжыңдардың салдарынан тері қапшықшасы жабысып, бекітіліп қалады. Мұны медицицна тілінде фимоз, парафимоз деп атайды. Зәр шығара алмаған бала шырылдап жылайды. Оны ашқанмен қайта жабысып қалу мүмкін. Сол себепті ондай жағдайда ерте болса да сүндеттеуге тура келеді.
– Жетілмей қалғанның белгісі емес...
– Жетілмеген емес. Бірақ, іштен сүндеттеліп туылды деуге болмайды. Бала өсе келе жиырылған тері қайта салбырап, үрпісін толық жауып қалмаса да шала сүндеттелген баланыңкіндей болып тұрады. Сондықтан оны сүндеттемей болмайды!
– Бала кезімізде бізді молдалар сүндетке отырғызды ғой. Қазір де сирек болса да сүндеттейтін молдалар бар. Жалпы, қайсысы дұрыс, хирург пе, молда ма?
– Рас, өзімізді де молдалар отырғызған. Қазір де ондай молдалар бар. Бұрын болса, қарсы емес едім. Қазір қарсымын, хирург ретінде. Сүндетке отырғызып жүрген маман мына менің соған қажетті он шақты құралым бар. Оларды стерилизациядан өткіземін. Бір баланы отырғызғаннан кейін оны екінші балаға қолданбаймын. Осы жағынан алып келгенде молдаларға қарсымын. Олардың қалай отырғызатынын көріп жүрміз ғой. Қан-қан құралдарын суға жуады да бетін бір-екі спиртпен сүрткенсиді. Кейбір инфекциялар спиртіңізге өлмейді. Арнайы ерітіндіде кемі екі сағат тұрмай жойылмайды. Оны одан шыққан соң стерилицазиядан өткізесің. Саниатарлық тазалық ұзақ процедуралардан тұрады. Бұл ғылыми дәлелденген нәрсе. Егер біреудің ауруын екіншісіне жұқтырса, сол молда келіп жауап бере алмайды. Сондықтан оны содан хабары бар, оқыған, сертификаты бар хирург жасағаны дұрыс. Біз молдалардың барлығына инструменттеріңді тазала деп айтып, тексере алмаймыз. Бұрын ешкімнің қарсы болмаған себебі қазіргідей жұқпалы инфекциялар көп емес еді. Соның ішінде АИТВ деген атымен жоқ болатын. Қазір ондай емес қой... АИТВ-нің сол молдалардың құралдары арқылы таралмауына кім кепілдік бере алады? Есіңізде болса, осы оңтүстікте бірнеше жыл бұрын біраз бала АИТВ жұқтырды емес пе? Сонда аталған жұқпалы дерттің таралуын таза емес инструменттерді қолданғаннан көрді. Бір адамның қанын екіншісіне құйғаннан көрді. Тап басып мынадан болды деп ешкім айта алмады. Сонда да күдік инструменттерден туындады. Өйткені сол кезеңдерде бір рет қана қолданатын интрументтер жоқ еді. Оның үстіне жарық, газ, жылу дегеніңіз өшіп қала беретін уақытта, байтал түгілі бас қайғы болып жүргенде стерилизацияның дұрыс жасалуын қатаң қадағалау, бақылау босаңсып кетті ме, кім білсін? Құдай бетін аулақ қылсын, сол сияқты болса кімнен көреміз? Молданың құралы да толық стерилизациядан өткен деп кім айта алады? Оны тексеріп жатқан кім бар?
– Сіздің көтергеніңіз өте орынды мәселе. Десек те молдалардың бала сүндеттеуіне қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тиым сала алмай ма?
– Ондай заң жоқ. Бірақ, бірте-бірте медициналық сауаты ашылып келе жатқан халық арнайы рұқсаты бар хирургтерге істететін болып жүр. Бірте-бірте қалуы да мүмкін. Әйткенмен, молдалардың жасағанын дұрыс көретіндер бар. Сондықтан түбегейлі тиым салу үшін арнайы заң қажет. Тек молдалар ғана емес, дәрігерлердің арасында да үйреніп алғанын істеп, сүндеттеуді бизнеске айналдырып алғандардың да мәселесі мемлекеттік деңгейде қаралып, заңмен тоқтам салу керек. Басты байлығы халқы саналатын елде онсыз болмайды! Құдай бетін аулақ қылсын, АИТВ жұқтырған бір баланы сүндеттеп, екінші сау баланы да кесуі мүмкін ғой. Оны молда білмей де қалады, біреу айтпаса, сақтандырмаса. Өйткені ауруын жасырып жүргендер көп қой, арамызда. Мен мысал ретінде бір ғана ауруды айтып отырмын. Одан басқа түрлі гепатит, қанмен жұғатын дерттер жетіп артылады. Ал, баланың болашағына балта шабуға ешқайсымыздың құқымыз жоқ.
– Сондай білмейтін адамдардың соңынан кейін қайта ота жасаған кездеріңіз болды ма?
– Болды, жасыратын ештеңесі жоқ, ауданда жүргенде талай баланы шырылдатып алып келіп, жара таңу бөлмесінде қайта сүндеттегенбіз. Талай баланың терісін түнгі ауысымда тіккенбіз. Ауруын басатын дәріні жанды жеріне еге де алмайсың... Әркімнің ағзасы әртүрлі, қаны ұйымағанын тоқтатқанбыз. Молдалардан бөлек, лор, окулист әріптестеріміздің де артын жапқанбыз. Сол себепті де көргенін істеп жүрген дәрігерлерге де тиым салу керек деп отырғаным.
– Бизнеске айналдырып алғандар бар деп қалдыңыз, бір баланы сүндеттеу қанша тұрады?
– Негізі бір баланы сүндеттеуге жұмсалатын дәрі-дәрмегіңізді қосқанда шығыны арзымайтын ақша болады. 3-4 мыңға да жетпейді-ау. Бірақ, мақтангершілікке салынып кететін ағайындар ауыз толтырып айтуы үшін екі-үш, тіпті бес есеге дейін теңгесін беріп, шақыртып жатады. Бұл жерде ең бастысы табыс табуды емес, ұрпақ саулығын, алдымен баланың тезірек жазылып кетуін ойлау керек.
– Дұрыс сүндеттелген бала қанша күнде толық жазылады?
– Қан шығарып істесе 7-14 күн аралығында жазылады. Бірақ, ол баланың ағзасына, иммунитетіне де байланысты болады. Қара жара болып біткені жақсы...
– Уақытыңызды арнап, сыр бөліскеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан А.ДОС