Марат Пашимов: «Ірілендіру – уақыт талабы»

Oinet.kz 16-06-2018 1312

Screenshot_48.jpg

Марат Пашимов, Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері

– Марат Орынбасарұлы, өзіңіз басқаратын облыстық клиникалық ауруханасының келбеті соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Емдеу мекемесінің жүйеленген жұмысы мен мұндағы медициналық қызметтердің сапасы туралы да жұрттың пікірі жақсы. Дегенмен, басшы ретінде аурыхананың тыныс-тіршілігін өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз...

– Негізінде аурухана қызметінен бөлек келбетінің өзі де сырқат адамдарға шаттық сыйлайтындай, жанын жадыратындай жайлы болуы керек. Өйткені адамдар мұнда ем қабылдау үшін келеді. Меніңше, облыстық клиникалық аурухана өңір тұрғындарының талабын толық қанағаттандыра алады деп ойлаймын. Таяуда, дәлірегі 30 мамырда шаруашылық жүргізу құқығындағы облыстық клиникалық аурухана «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан республикасы Кодексінің сыртқы кешенді бағалау нәтижелері және аккридеттеу комиссиясының шешімімен аккредиттелген жоғары санатты медицина ұйымы деп танылды. Астана тарапынан Қазақстанның денсаулық саласындағы аккредиттеу стандарттарына сәйкестігі туралы үш жылға арнайы куәлік берілді. Әзірге Оңтүстікте әлі бірде-бір емдеу мекемесі бұлай мойындалған жоқ. Ал, былтыр 2011 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен облыстық клиникалық ауруханасының базасында ашылған 30 төсек орынды инсульт орталығы Қазақстан республикасында үздік деп танылған болатын. Сонымен қатар Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен сегіз жыл бұрын құрылған гепатоцентр де 2017 жылы еліміздің үздік орталығы деп мойындалды. Мұнда 5 төсек орынға арналған күндізгі стационар науқастарды қабылдайды. Клиникалық және зертханалық талдаулар, ПТР, барлық функционалды диагностика және фибросказинг (келісімшарттарға сәйкес APP бағытында тегін) ұсынады. Жыл сайын гепатокорталық дәрігерлер қаланың жұқпалы аурулар дәрігерлері үшін гепато-мектепті жүргізеді және жалпы мәселелерді шешеді.

Бұл – отандық медицинаға көп көңіл бөлетін Елбасымыздың қамқорлығының жемістері. Бұл – облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының қолдауымен бағындырылған биіктер. Мұнда Денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлының еңбегі ерекше десем, артық айтқаным емес. Өйткені Егізбаев өзі осында бас дәрігер болып тұрғанда талапшылдығымен, іскер басшылығымен аурухананы заман талаптарына сай етіп жабдықтады. Мамандардың біліктілігін арттырып, медициналық қызмет сапасын еліміздің денсаулық сақтау саласында алдыңғы қатарға шығарды. Емдеу ісіне көп күш жұмсады. Біз сол сеніп тапсырылған жауапкершілігі мол игі істі жалғастырушымыз. 

Облыстық клиникалық ауруханасы денсаулық сақтау саласындағы өңірдің қара шаңырағы десек те болады. Мұнда елге танымал қаншама білікті дәрігерлеріміз тәжірибе жинақтап, кәсібиліктерін шыңдаған. Сол үрдіс бойынша бұл орталықта Оңтүстіктің медицина мамандарын оқытып, семинар-тренингтер, мастер-класстар өткізіледі. 

Шетелдік әріптестерімізбен де тығыз байланыс орнатып, әлемдің алдыңғы қатарлы клиникаларынан білмегенімізді үйреніп, білімдерімізді ұдайы жетілдіріп тұрамыз. Облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау басқармасының Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Белорусь мемлекеттерінің әлемдік деңгейдегі мойындалған медицина ұйымдарымен түзілген меморандумдары бойынша былтыр 21 дәрігеріміз шетелдерде біліктіліктерін арттырды. Ал, 2016 жылы екі дәрігеріміз шетелде шыңдалған болатын. Өткен жылы 101 дәрігеріміз Алматы, Астана қалаларында білімдерін жетілдірді. 2016 жылы 86 дәрігер Қазақстанның республикалық орталықтарында кәсібиліктерін көтерген еді. Мұндай ізденістер мейірбикелерге де аса қажет. Былтыр 222 мейіргеріміз Астана, Алматы қалаларында арнайы курстардан өтіп келді. Оның алдыңғы жылы 153 орта буынды қызметкеріміз республикалық маңызы бар қалалардағы медицина ұйымдарында тәжірибе жинақтаған. Үш мейіргеріміз шетелдерге барып, әріптестерінен үйреніп қайтты. Жалпы алғанда бүгінде ауруханадағы 301 дәрігеріміздің 240-ы тәжірибелі білікті мамандар. Оның 118-і жоғары санатты, 64-і бірінші, 58-і екінші дәрежелі дәрігерлер. 11-і медицина ғылымдарының кандидаты болса, 6-ауы жас маман. Бұл биылғы алғашқы тоқсандағы көрсеткіш. Былтырғы жылдың қорытындысында тәжірибелі медицина қызметкерлеріміз 188 болатын. Өзіңіз жақсы білесіз, Елбасы тапсырмасына сәйкес, медицина ұйымдарын оңтайландыру мақсатында таяуда облыстық эндокринология орталығы мен көз ауруханасы облыстық клиникалық ауруханасымен біріктірілді. Демек, білікті дәрігерлеріміздің саны бұдан да артты деген сөз. 

– Ауруханада шетелде кәсіби біліктілігін арттырып, оқығанын, көрген-білгенін жүзеге асырып жатқан мамандарыңыз бар ма?

– Иә, былтыр облыс әкімінің қолдауымен бір топ дәрігеріміз Қаратеңіз асып, Түркияға барып қайтты. Хирургиялық емдеуде кәрі құрлық – Еуропа елдерін де мойындатқан мемлекеттің үздік клиникаларында тәжірибе жинақтаған мамандарымыз бұрын соңды бұлай бригадалық құраммен шетелге шығып көрмеген болатын. Мұның тиімді жақтары өте көп. Олар бір-бірінің кеңесіне жүгініп, шұғыл медициналық көмек қажет жағдайда тездетіп шешім қабылдай алады. Бұрын көбінде бір маманымыз шетелге шығып, оралғаннан соң тәжірибесімен бөлісетін. 

Былтыр Оңтүстік Кореяға барып оқып келген 6 дәрігеріміз осында тәжірибелерін жүзеге асырып, заманауи технология негізінде 17 ота жасады. Оның алты операциясы шетелдік профессорлардың қатысуымен жүзеге асты. Жалпы тәжірибе алмасу отандық медицина саласын дамытуда ең тиімді тәсіл. Бұл байланысты әрі қарай нығайта береміз. Келесі жылдан бастап біліктілігін арттыруға тағы 8 маман жіберілетін болады. Өз кезегінде, Оңтүстік Корея дәрігерлері тәжірибе алмасу мақсатымен Шымкентке келіп, шеберлік сыныбын өткізіп тұрады. Шетелдік әріптестер ерлер арасындағы несеп жолдары мен  простатит, аденома және онкология саласы бойынша лекция оқиды. Мамандарымызбен бірге емдеу шараларын жүзеге асырып жүр. Мұндай практика бізге аса қажет. Әлемге әйгілі Сунчонхян клиникасының профессорлары облыстық ауруханада науқастарды қабылдап, тегін кеңестер береді.

Былтыр бұдан бөлек, Грузиядан арнайы шақыртылған медицина ғылымдарының докторы Иракли До Дуа жатырға Шаут лапароскопиялық операциясын жасады. Ақпан айында Ұлыбритания, Ресей және Қазақстан профессорларының қатысуымен Украина остеопороз қауымдастығының президенті В.Поворознюктің «Арқадағы ауру: диагностика және емдеу» тақырыбында мастер-классы ұйымдастырылды. Наурызда акедемик Мырзакерім Алшынбаев бастаған Урология ұлттық орталығының профессорлық құрамы «Қалпына келтіру урологиясындағы жаңа технологиялар» тақырыбында лекция оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Лазерлік технологиялар және варикозды веналарды емдеудің мининвазивті әдістері бойынша мамыр айында Қазан мемлекеттік медицицна академиясының доценті, флеболог Д.Славин 2 науқаста «тамырлардың эндовентикулярлы лазерлік облицациясы» операциясын жасады. Инсульт алған науқастарды күту, қалпына келтіру мәселелері бойынша маусым және қараша айларында Санкт-Петербург профессоры О.Камаева орта буынды медицина қызметкерлеріне, физотерапия мамандарына дәріс оқыды. Қыркүйекте Швецияның Стокгольм университетінің профессоры Альантус Миласкас семіздікке қарсы асқазанға лапараскопиялық ота жасады. Қазанда «Эпилепсияны емдеуде ремиссияны арттырудың заманауи мүмкіндіктері» бойынша мәскеулік профессорлар білгенін үйретті. Испаниядан келген барселоналық профессорлар Хосе Сакедас, Рамон Новелла «Нейро-бұлшықет патологиясының ауруларын диагностикалау және емдеу» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті. 2017 жылдың қараша айында жүйке жүйесінің демиелинизация және деградациялық ауруларын жүргізудің қазіргі заманғы тактикасы бойынша Украина, Ресей және Қазақстан профессорларын тәжірибе алмасты. Бұл тізіп айтып отырғанымның барлығы бір жылдағы тәжірибе алмасулар. 

Ал биыл күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілген аурухананың офтальмологиялық бөлімшесінде Ресейден келген жоғары санатты хирург Михаил Ширшовпен бірге мамандарымыз өңірде тұңғыш рет витреоретиналды ота жасады. Мәскеулік маман хирургиялық мастер-класс өткізді. Облыстық клиникалық ауруханасының дәрігер-офтальмологтардың витреоретиналды хирургияны меңгеруі Оңтүстік Қазақстанға, осы облысқа жақын жатқан аймақтарының тұрғындарына уақытылы қолжетімді офтальмологиялық көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Енді дәрігерлер күрделі отаны жасауды меңгеруде. Бастысы, бұдан былай мұнда заманауи қондырғылардың көмегімен күрделі офтальмологиялық хирургиялық ем-шаралар жүргізіледі. Үш науқасқа күрделі ота жасалды. Үш ота да сәтті аяқталды. Алдағы уақытта денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен екі дәрігер Мәскеуге оқуға жіберілетін болады.

– Оңтайландыру дегеннен шығады, ауруханаларды біріктіргеннен не ұтамыз?

– Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, «қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс». Елімізде ендірілгелі жатқан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің де мақсаты осы –  стационарларды азайтып, аурудың алдын алу. Бұл тұрғыдан алғанда емдеу мекемелерін ірілендіру – уақыт талабы. Мұндай оңтайландыру медициналық қызмет сапасын арттырып, тұрғындарға кешенді дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттырады. Екіншіден, бұл материалдық-техникалық базаны нығайту болып саналады. Соңғы үлгідегі қымбат медициналық құрылғылармен бірнеше ұсақ емдеу мемкемесін қамтығаннан гөрі бір орталықты жабдықтау мемлекетке де, тұрғындарға да тиімді. Үшіншіден, облыстық клиникалық ауруханасы көпсалалы емдеу мекемесі болғандықтан мұнда денсаулық сақтау саласының барлық білікті мамандары шоғырланған. Дәрігерлердің үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік мол. Төртіншіден, бұл мемлекет қаржысын мақсатты және тиімді игерудің жолы. Болашақта емдеу мекемелері өзін-өзі қаржыландыру керек болады. Бесіншіден, осылай қаржы үнемдеу арқылы медицина мамандарының айлық жалақыларын көтеруге мүмкіндік туады. Алтыншыдан, бұл бесекелестікке бейімделу. Медициналық туризм дамып, дәрігерлік көмектерге сұраныстар артқанда көз ауруханасы басқа да жекеменшік клиникалармен бәсекелес бола алмай жабылып қалуы ғажап емес. Осындай оңтайландыру жұмыстарынан кейін биыл үш айдың ішінде 1965 жылы салынған бұрынғы көз аурулары ауруханасы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, облыстық клиникалық ауруханасының офтальмологиялық бөлімшесі болып ашылды. Емхананың қабылдау бөлімі 3Н жүйесімен жұмыс істейді. Сондай-ақ офтальмологиялық бөлімше техникамен жабдықталып, толықтай кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда емханада үш бөлім жұмыс істейді, 11 дәрігер медициналық көмек көрсетеді. Жалпы аурухананы ірілендіргеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз. 

– Өзіңізбен жүздеспес бұрын аурухананың қабылдау бөлімі арқылы кіргенбіз. Ондағы мамандар бізге жол сілтегенімен едендегі қызыл, сары, жасыл жолақтарды көзіміз шалды...

– Бұл 3Н жүйесінің талабы. Былтыр ауруханада елімізде 3Н пилоттық жобасын ендіру қолға алынып, қабылдау бөлімі соған сай қайта жабдықталды. Аталған жүйе науқастардың жағдайына қарай қызыл, сары, жасыл түстерге бөліп сұрыптауға мүмкіндік береді. Шұғыл түрде медициналық көмек қажет ететін науқастар қызыл жолақты жолмен дәрігерлерге жөнелтіледі. Әрі қарай жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылатын науқастар жасыл жолақпен жіберіледі. Ал, өздігінен жүріп-тұра алатын пациенттер сары жолақтың бойымен дәрігерге барып қарала алады. Мұндай жаңашылдық науқастарды кезек күттірмей, ауыр халдегі науқасты ажалдан арашалап алуға зор көмек болмақ. Сәтті ендірілген жобаның нәтижесінде аккредитация стандарттарына сай емдеу мекемесінің жұмысына өте жоғары баға беріліп, жаңа айтып өткенімдей жақында жоғары санатты аурухана атандық. 

Бұдан бөлек, былтыр мамыр айынан бері ауруханада стационарға Кешенді медициналық ақпараттық жүйесі ендіріле бастады. Жүйенің мақсаты – медициналық қызметтің барлық салаларында денсаулық сақтау қызметкерлерінің жұмысын автоматтандыру арқылы дәрігерлік көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Ең алдымен жүйе электрондық медициналық жазбаны, медициналық ұйым жұмысының клиникалық бағыттарын автоматтандыруды, емдеу-диагностикалық процесстің барлық қатысушылары арасында тиімді ақпарат алмасуды реттейді.

Сонымен қатар, өткен жылы мамыр айынан бастап ауруханада SOS жүйесі жұмыс істейді. Мұны медициналық дабыл жүйесі деп те атайды. Бұл жүйе медицина қызметкеріне төтенше жағдайларда дәрігерге кез келген жерде түймені басып, көмек сұрауға мүмкіндік береді. Науқастың денсаулығының күрт нашарлауы жағдайында, медбикеге SOS түймесін басу жеткілікті. Ал көмек үшін сигнал дәрігердің қоңырау шалу нөміріне жіберіледі. Бұл түйме қабылдау бөлмесінде және бөлімдерде орнатылған.

Оған қоса, бізде бұрынғыдай пациенттер дәрігер кабинетінің алдын күзетіп, дәліздерде ұзақ кезек күтіп тұрмайды. Емхананың арнайы залында орнатылған электронды аппараттың көмегімен тіркеліп, қолына берілген түбіртек қағаздағы нөмір көз алдындағы таблодан көрсетілгенде дәрігеріне барып қарала алады. Оның үстіне аурухана толықтай кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне қосылған. Қолыңыздағы смартфонға плеймаркеттен «Дамумед» қосымшасын жүктеп алып, сол арқылы қаланың қай бұрышында жүрсеңіз де дәрігеріңіздің қаралуына жазыла аласыз. Сондағы көрсетілген мерзімде жетсеңіз болды, кедергісіз көрінесіз.    

Сұқбаттасқан Асыл ДОС

Марат Жыланбаев: «Жүгіру де дәрі секілді, дұрыс қолданбасаң зиян шегесің»
Дулат Үдербаев: «Глаукоманың соңы соқырлыққа әкеп соқтырады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу