Мамыржан Саипов: «Ревматологты травматологпен шатастыруға болмайды»

Oinet.kz 13-03-2018 1916

Screenshot_1.jpg

Мамыржан Саипов, Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы, ревматология бөлімінің меңгерушісі

Ревматология  бөліміне кірген бойда әр түрлі жастағы науқастарды көріп  аң-таң болдым.  Күнделікті өмірде буын аурулары жиі кездеседі екен. Дегенмен жеткіншектердің буын ауруымен ауыратынын бірінші рет көруім еді... Кабинетке кірсем, жоғары санатты дәрігер-ревматолог Мамуржан Камалұлы терапия бөлімінің меңгерушісімен 15 жасқа толған науқастың  дерті туралы әңгімелесіп жатыр екен. Олардың әңгімесіне құлақ түрсем, бүгінде буын аурулары мүгедек ететін дерттердің бірі көрінеді. Иә-иә, қағыс естіген жоқсыз, статистикаға сүйенсек, буын аурулары адамды мүгедек ету бойынша әлемде бірінші орында тұр. Бүгінде  елімізде 200 мыңға жуық адам буын ауруының зардабын тартып келеді. Бұрын бұл дерттің құрсауына 50 жасты еңсеріп, 60-қа аяқ басқандар шалдығатын болса, бүгінде 15 жасар жеткіншектердің де буындары сыр бере бастапты. Дәрігерлердің дабыл қағатындайы бар, өйткені ревмотологиялық аурулар созылмалы дерт саналады. Тармақтары бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Сондықтан тек буын ғана емес, ағзаның өзге де мүшелерін емдеу қажет. Ревматологияның тұтастай медицинаны қамтитын сала екендігі де осыдан. Мен іздеп келген дәрігер-ревматологпен сұхбатымыз осы тұрғыда өрбіді.

– Мамыржан Кәмілұлы, ревматология өмірде өзекті мәселе ме?

– Облыстық клиникалық ауруханасында ревматология бөлімі 2003 жылы құрылған. Бүгінде жұмысты бастағанымызға 15 жыл толып отыр.  Бөлімді ашқан сәтте облыс бойынша небәрі алты ревматолог дәрігер болған, ал қазір саны 54-ке жетті. Қарап тұрсаңыз, неврология, кардиология  салаларының  кемінде 70-80 жылдық тарихы бар. Қандай істің болсын іргетасын қалау, жоқтан бар жасау өте қиын. Біз алғашқы қадамдарымызды басып жатырмыз. Сондықтан ревматологияда шешімін таппаған мәселелер әлі де бар.  Кезінде  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникалық ауруханасында ревматологиялық 20-30 төсек-орын болған. Ал қазір облыс бойынша 120 ревматологиялық төсек-орын бар. Бұл дегеніміз оң өзгерістің бар екенін аңғартады. Дегенмен, ревматологиядағы негізгі мәселе – кадр тапшылығы және есепке алынбаған науқастар. Егер ревматологтар жеткілікті деңгейде болса мүгедектер саны да аз болар еді. Мүгедек жандардың көбеюі салық төлеушілердің азаюына және мемлекеттік жәрдемақыға өмір сүретіндер санының артуына әкеледі.  Қай жағынан алып қарасаңыз да ревматологиялық ауру түрлерінің көбеюі  Үкіметтің де, қарапайым халықтың да басына түскен үлкен ауыртпашылық.  Біріншіден, кадр тапшылын жою қажет. Екіншіден, халқымыз денсаулығына бей-жәй қарап, дәрігерге уақытысында көрінбеудің салдарынан мүгедек атанып жатыр. Буыны ауыра бастаған адам ең алдымен терапевтке, невропотологқа, травматологқа қаралады. Ал ревматолог деген маманның бар екеніне аса мән бермейді. Ал шын мәнінде буын ауруларының үшінші кезеңіне дейін ревматолог-дәрігерлер қарайды. Ал аурудың төртінші, яғни соңғы кезеңін травматолог-ортопед мамандар емдейді. Травматологтар буынды кесіп алып тастап, темір буын қояды. Дертті өршітпей дәрігерге барса, жағдай мүлдем басқаша болар еді. Себебі соңғы үлгідегі емдік технологияларды енгізу арқылы ауруды тоқтатуға барлық мүмкіндік бар. Тізе ауырып, бел сырқыраса ауырғанын басатын дәрілерді пайдаланып қана жүре беруге болмайды. Уақыт – алтын екенін айтқым келеді. Жоғарыда айтып өткендей  2003 жылдары  медициналық жоғарғы оқу орындарында ревматология мамандық ретінде де оқытылған жоқ болатын. Елімізде 2011 жылы ғана ревматология заң жүзінде бекітілді. Ревматологияның жеке мамандық ретінде кеш қалыптасуының салдарынан елімізде мамандардың тапшылығы сезіледі. Бізді қолдап жүрген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Кеңесбекұлына алғысымды білдіремін. Облыстық клиникалық аурухана басқарманың қолдауымен ревматологтарымызды кәсібилігін шыңдау, тәжірибе жинау мақсатында арнайы ауруханалар мен оқу орындарына үздіксіз жіберіп отырады. Дәрігерлерге дамуға, білімін жетілдіруге жағдай жасап отыр. Нәтижесінде облыстық клиникалық ауруханасындағы ревматология бөлімі халықаралық стандарттарға сай емдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Біз көрсететін медициналық қызмет Алматы, Астана қалаларындағы заманауи ауруханалардыкынен кем түспейді. 

– Буын аурулары көпшілікке қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс. Өйткені көпшілік бұл ревматологиялық аурулармен сырқаттанса да оны елеп-ескере бермейді...

– Рас. Бүгінде буын ауруларының ішінде ең көп кездесетін түрі – остеоартроз дерті. Бұл аурудың ең басты белгісі – шеміршекаралық май таусылады. Мұны «тізе ауруы» дейміз. Буын сырқаттарының 80 пайызын тізе ауруы құрайды. Ал әлемдік статистикаға келсек, жер бетіндегі бүкіл адамзаттың 25 пайызы буын ауруларына шалдығады екен. Сондықтан көпшілік мән бермегенімен буын аурулары жер бетіндегі ең көп тараған дерт түрлерінің бірі. Ол ағзадағы зат алмасу процесі бұзылғанда, қатты травма алғанда пайда болады. Өйткені қатты соққыдан тізе майы ағып кетеді де, тізенің өзінің май шығару қабілеті төмендейді. Салдарынан, майы жоқ екі сүйек өзара жақындап, бірін-бірі қажай бастайды. Көпшілік осы аурумен ауырады. Бірақ бір қызығы, осы ауруды емдеуде адамдар ең бірінші бізге емес, невропатологқа, травматологқа жүгінгенді дұрыс санайды. Бұл – қате ұғым.

– Ешқайсысымыздың да мүгедек болғымыз келмейді, жан – тәтті. Мұның алдын алудың, болдырмаудың жолдары бар ма?

– Кез-келген буын ауруын алдын-алу үшін физикалық ауыртпалық  түспеуі керек. Сондықтан мен кәсіби спорт түрімен айналысатындарға қарсымын. Салауатты өмір салтын ұстану қажет. Күнделікті дене шынықтыру жаттығуларын жасау, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде көріну арқылы алдын-алуға және ауруды жеңуге болады!

– Эндопротез салу – буын алмастыру қанша тұрады?

– Ревматологтардың басты міндеті – ауруды дер кезінде емдеп үшінші-төртінші стадияға жеткізбей науқасты аяққа тұрғызу. Протез мәселесі соңғы мүмкіндік ретінде қаралуы тиіс. Егер науқас бастапқы стадияда тексеріліп, дәрігер тағайындаған емді дұрыс әрі уақылы қабылдаса, онда протездің еш қажеті болмайды. Сол себепті уақытылы тексерілудің маңызды екенін қайталай беруден жалықпаймын. 

Буындары істен шығып, қимылдай алмай қалған азаматтарға протез салу мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Мемлекеттен науқастарға  өте көп көлемде грант бөлінеді. Гранттың саны жеткілікті деңгейде беріліп жатқандықтан ол ақылы протездеуді қажет етпейді. Сондықтан мүгедек болып қалған науқастар болашағына алаңдамаса да болады. Эндопротездің арқасында қаншама адам аяққа тұрды...

– Адам ағзасының мүшелері бір-бірімен тығыз байланыста болған соң буын ауруларының да себеп-салдары аз емес болар...

– Дұрыс айтасыз. Буын аурулары өте көп, соған сай себеп-салдары да сөп. Кейбір түрі тек қимыл-қозғалысқа, буынға ғана қатысты болғанымен, енді бір түрлері юасқа да аурулардың берлгілері болуы әбден мүмкін. Барлық буын аурулары буындарда болатын патологиялық сипаттамасы бойынша екі үлкен топқа бөлінеді: артриттер мен артроздарға. Артрит – бұл сырқат негізінен буынның синовиалды қабатында дамитын, буын шеміршегінде және буын айналасындағы тіндерде болатын қабыну. Кейде буынның қуысында қабынудан пайда болған сұйықтықтар болады. Мұндай аурудың мысалы ретінде ревматоидты артритті айтуға болады. Артроз – сырқаттың негізінде алмасу – шеміршектің семуі, сүйек тінінің сиреуі (остеопороз), сүйек тініндегі жаңадан пайда болған түзілістер, тіннің, буынның, буын қабыршағының айналасына кальций тұздарының жиналуы. Оның мысалы ретінде деформациялағыш остеоартрозды айтуға болады.

– Аурудың қайсысы болса да Құдай басқа салмасын! Дегенмен, біле жүрейік, белгілері қандай?

– Әрбір аурудың клиникалық көрінісі патологиялық сипаттамасымен және қандай да бір буындарға оның таралуымен анықталады. Бірақ та әртүрлі буын зақымдануларының жалпы бірнеше белгілері бар. Буынның ауырсынуы – басты белгісі. Шеміршек, синовалды қабат, буын қалтасы, сонымен қатар буын айналасындағы тіндердің, сіңірлердің, сіңір ылғалдаушылардың зақымдануларының салдарынан аурусынулар болады. Ауырсынудың пайда болуына қимыл-қозғалыстардың нақты әсер етуі мүмкін. Оған буындарға физикалық күштің түсуі, сіңір байламдарының созылуы, синовиалды қабаттың сүйектегі өсінділер, буынның өзінде немесе буын айналасындағы тіндерде қабынулар жатады. Буынның ісінуі зақымданғанның екінші маңызды белгісі болып табылады. Ол буынды қоршап тұрған синовиалдық қабатпен жұмсақ тіндерде қабыну ісігі пайда болуымен түсіндіріледі. Кейбір жағдайларда буынның қуысында сары судың пайда болуына байланысты болады. Буынның ісінуі және де синовиалды қабаттың гипертрофиясы мен буын маңындағы тіндердің фиброзды қатаюы буын пішінінің өзгеруіне әкеп соғады. Буынның қисаюын, пішінінің өзгеруін сүйектердің өсулері, буын шетіндегі сүйектердің деструциясы, бұлшық ет байлам аппараттарының зақымданулары және шығып кетулермен түсіндіруге болады. Оған тән мысал ретінде ревматоидты артриттегі саусақтардың қисаюы және де қолдың дисталдық фаланга аралық буын маңайында сүйек өсінділерінің пайда болуын айтуға болады. Зақымданған буынның үстіндегі теріде қабыну процесі жүргенде дене қызуы көтеріледі. Тері түсінің өзгеруіне де көңіл бөлу керек. Буындардағы қозғалыстың шектелуі – ондағы патологиялық өзгерістің дамуының ең маңызды белгісі. Буындардың ішінде фиброзды және сүйек өсінділерінің пайда болуы қозғалыстың толық шектелуіне әкеледі. Буындардағы сіңір байлам аппаратының зақымдалуы, буын қапшықтарының, кілегей қалталардың бұлшық ет шандырларының зақымданулары да ауру белгілеріне жатады. Бұндай зақымданулар буынды сипағанда ісінумен, ауырсынумен байқалады. Буындардың патологиялық өзгерістерінде бұлшық еттің семуі және әлсіздігі білінеді. Кейбір жағдайларда бұлшық еттердің семуі ауырған буындағы қозғалыстың шектелгенінде пайда болады. Кейбір жағдайларда буында дамитын қабыну буынның жанындағы бұлшық еттерді де зақымдайды. Қабыну ұзаққа созылғанда бұлшық еттердің семуіне ұшыратады. Қабынуы бар буын ауруларында науқастардың дене қызуы көтеріледі. Ал буындардағы алмасу – дистрофиялық өзгерістерде дене қызуы қалыптаы болады. Буындардың қабыну сырқаттарының қозу кезеңінде қанда нейтрофильді лейкоцитоз байқалады, сонымен қатар фибриноген деңгейі жоғарылайды, ақуыз фракциясы өзгереді, эритроциттердің шөгу жылдамдығы артады.

Сұхбаттасқан Дана ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Төрегелді Шарманов: «Ет жемеңіз» деп айтуға болмайды»
Біржан Байтуов: «Әркім алдымен өзін, одан соң отбасын түзесе, қоғам түзелер еді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу