Біржан Байтуов: «Әркім алдымен өзін, одан соң отбасын түзесе, қоғам түзелер еді»
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын дәстүрлі өнер – айтыс. Ал бүгінгі қоғамда айтыс өнеріне деген көзқарас қаншалықты өзгерді? Осы және өзге де өзекті мәселелерге қатысты айтыскер ақын, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, «Шамшырақ» дәстүрлі өнер орталығының жетекшісі Біржан Байтуовпен сұхбат құрған едік.
–Біржан мырза, сұхбатымызды бүгінгі айтыс өнеріне берер бағаңыздан бастасақ.
– Айтыс өнері қазақпен бірге жасап, көгімізден күн сөнгенге дейін бірге болатын, әлемде теңдесі жоқ ұлттық өнеріміз. Бүгінгі айтыс шырқау шыңына шықты деуге болады. Әрине, қоғам өзгерді. Өзге елдердің өркениеті, мәдени араласу, жаһандық құбылыстар қазақ қоғамына да әсер етпей қоймады. Сол себепті айтыс өнері де шоу сипатқа, жаңаша бағытқа қарай өзгергендігін жасырмаймыз. Дегенмен де, өзінің негізгі мәйегі суырыпсалмалықты сақтап келе жатыр. Мен айтысқа 2002 жылы мектепте 6-сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет қатыстым. Сол кезде Мұхамеджан Тазабек, Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов, Мэлс Қосымбаев сынды қазір айтыс сахнасында жоқ болғанымен аты аңызға айналған тұлғалардың сайысын көріп өстік. Бұл кісілердің кетуімен айтыс өнерінің бір дәуірі аяқталды деп айтсақ та болады. «ХХІ ғасырға айтыс жетпейді, өткен ғасырдың соңымен өледі» деген пікірлер айтылған, бірақ айтыс бүгінгі таңда өз биігінде тұр. Айтыстың да, ақындардың да деңгейі өсті. Бұрынғыдай 4 жол өлеңді ұйқастыруға жұмыс жасайтын дәурен өтті. Қазір елдің алдында айтысып жүрген қай ақынның өлеңін қарасаңыз да, әр сөзінің арасына қыл сыймайтындай шымыр. Ақындар жаттандылыққа бет бұрып кетті демес үшін, биылдан бастап тек сахна төрінде, халықтың алдында жеребемен жұпталу туралы өзгеріс енді. Кешегі Елордамыздың төрінде хакім Абайдың 175 жылдығына орай өткен айтыс дәл осы өзгерістің бастамасы болды. Енді жыл бойы өтетін жыр додалары дәл осы сахнада жеребе арқылы жұптау тәсілімен өтетін болады.
– Айтыскер ақындардың көпшілігінің дінге деген көзқарасы, иманға беріктігі көзге көрініп тұрады ғой. Негізінен, тақуалық сол айтысқа келген соң ашыла ма қалай? Өзіңіздің дінге көзқарасыңыз қандай?
– Айтыскер ақындардың көпшілігі намазхан екенін жасыруға болмас. Мен өзім айтысқа келіп, намазхан болдым деп айта алмаймын. Кимешегін киіп, жайнамазын төсеп, бес уақыт намазын қаза қылмаған ананың етегінде өскен баламын. Біреудің намаз оқығаны, дінді ұстанғаны маған таңсық болған жоқ. Маған жеткен ақиқат айтыс арқылы емес, анамның ақ сүтімен, атаның қанымен, отбасындағы дәстүрлі тәрбиемен жетті. Сондықтан болар мен жүрегімдегі сенімді сырттағы уағызшының емес, үйдегі анамның дұғасымен бекіттім. Мен айтыста дінді насихаттап жүрген жоқпын. Ол үшін терең діни білім керек. Ал енді қоғамда орын алып жатқан жақсылықтарды жырға қосып, жамандықтардан қайтару кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу адамның азаматтық парызы деп білемін. Жалпы алғанда қоғамға пайдалы тұлға болсам деген ниетте жүрген қатардағы мұсылманмын. Айтыскер ақындардың дінге деген көзқарасының түзу болуы олардың тазалығынан. Ақ адал пейілдеріне орай Хақ жолын жүректеріне қондырған болар. Әркім алдымен өзін, одан соң өзінің отбасын түзесе, қоғам түзелер еді. Өкінішке орай көбіміз өзімізді түзеткіміз келмейді. Бірақ қоғамды түзеткіміз келеді. Ең үлкен қателік міне осы. Өркениетті, иманды, дамыған қоғамда өмір сүргісі келетін қазақтың бірімін.
– Өзіңіздің өнердегі әріптестеріңіздің саясатқа белсене атсалысуын қалай түсінесіз? Мәселен, Ринат Зайытовтың сайлауалды және сайлаудан кейінгі видео үндеулері, оппозициялық әрекеттеріне қандай баға бересіз?
– Саясат деген – үлкен ойын. «Құдықтың түбіндегі бақаға аспан теңгедей болып көрінетіні» секілді біздің көзімізге көрінбей тұрған қаншама дүниелер бар. Біз өзіміздің шамалы сауатымызбен үлкен саясатқа баға бергіміз келеді. Өзгелердің ұстанымын, көзқарасын құрметтеу дегеннен жұрдаймыз. Тіпті саясат пен ақиқаттың не екенін білмейтін адамдар бос ұранмен аттандап, елді төңкеріп жіберердей әрекеттер жасайды. Мысалы, кешегі сайлау кезінде өмірінде халықтың алдына шығып көрмеген кейбіреулер аяқ асты білгір боп шыға келді. Мемлекеттік кеңістік түгілі өмірінде шағын ауданды басқарып көрмеген Әміржан Қосановты түн ұйқысын төрт бөліп жүріп насихаттап, соңында «екі қолын мұрнына тығып қалған» жағдай болғаны рас. Сен қалай бұрын-соңды көрмеген, білмеген адамыңа соншалықты сенімді түрде «осы президент болса бәрін қарық қылады» деп айта аласың? Қосановты білмейтін адамдар «Ринат айтып жатыр ғой, шындықтың жолында жүрген қазақтың ақыны ғой, бір білгені бар шығар» деп халықтың көпшілігі еріп кетті. Ал соңында, «біз алдандық, халықпен бірге мен де алдандым» деп жұрттың алдында мүләйімси қалу – сауатты адамның сөзі емес. Бұл «Мен алдандым» жобасы емес. Екі баланың арасындағы ойын емес. Бұл ұлттың болашағына, 18 миллион халықтың тағдырына қатысты мәселе. Сен бұл жерде алданбауға тиіссің. Қоғамдық тұлғасың ба, өз идеяңды насихаттайсың ба, бүге-шүгесіне дейін есептеп, өлшеп-пішіп барып айтуға тиіссің. «Мен байқамай алданып қалдым, кешіріңіздер» деу саяси сауаты мектептегі күзетшінің деңгейіне жетпейтін адамдардың әңгімесі. Мен Ринат Зайытовтың осындай саяси көзқарасын айыптаймын. Бірақ азаматтығын, тұлғалығын, ақындығын, құрметтеймін. Әркімнің өз пікірі бар. Мен оның, ол менің пікірімде болуы шарт емес.
– «Сетевой маркетинг» - адам тіркеп пайда табу. «Іnstagram» әлеуметтік желісінде көлік, үй ұтып алу мүмкіндігі бар лотореялар ойнату туралы пікіріңізді айтсаңыз. Оқырмандарының көптігін пайдаланып, осылай пайда тауып жүрген өнер жұлдыздарына жарасатын нәрсе ме, бұл?
– «Сетевой маркетинг» - түбінен шіріген жүйе. Былайша, айтқанда елді алдап, ауадан ақша жинау. Пирамида құру, сені кіргізіп, артынан бес адам тіркеу, «мынанша ақша түседі» деу, адал табыс дей алмаймын. Қазақ ешқашан кісіні алдап байымаған. Қараңызшы бұл жерде сауда істеу емес, соңыңнан адам тіркеу басты мақсат. Қайсысы болсын, ол ақын бола ма, өнер жұлдызы ма, олар халықтың қаржылық сауатының төмендігін пайдаланып, елді алдап жүрген алаяқтар. Лоторея ойындарын да құптамаймын. Жүз адамның оншақтысы қуанышқа кенелгенімен, қалған тоқсан адам бармағын тістеп қайтатын жағдай. Сондықтан бұл өзінің сата алмай жүрген мәшинесін қымбатқа сатудың ең оңай жолы. Жалпы, «сетевой маркетингке» де, лотореяға да және осыны қолдап өткізіп жатқан өнер жұлдызы, ақын-жазушыларға ашық қарсымын. Оларды елді алдап жүрген алаяқтар деп білемін.
– Әңгімемізді бастапқы арнаға бұрсақ, қазіргі жас буындардың айтысқа қызығушылығы туралы не айтасыз?
– Айтысқа шын жанкүйер болатын жастарымыз да бар. Өкінішке қарай, айтыс десе шекесі тырысып, артта қалған өнер секілді қарап, одан бөлек, құлағына сырға тағып, шашын көкке бояп, бұты тізесіне кеткен шалбарды киіп, я еркек емес, я қыз емес, дүбәра топтардың әндерін тыңдап, соларға еріп жүрген жастарымыз да бар. Бірақ айтысты мемлекеттік деңгейде насихаттай беруден талмау керек. Мен ойлаушы едім, жастардың айтысқа деген махаббаты мүлдем төмендеп кеткен екен деп. Бірақ қателесіппін. Себебі, бірнеше мәрте облыстық, республикалық жас ақындар айтысын өткіздім. Жастарға насихат ету мақсатында тек 30 жасқа дейінгі көрермендер болуын қадағаладым. Сол кезде олардың ықыласын, ақындардың тауып айтқан сөздеріне деген қошеметін, танымал ақындарға деген құрметін көріп, жастардың айтысқа деген қызығушылығы төмен екен деген ойдан арылдым.
– Жасырын болмаса, осы уақытқа дейін неше көлік ұттыңыз? Айтыскерлердің арасында көлік бойынша нешінші орында тұрсыз?
– Жалпы 6 көлік ұттым. «Жигулиден» бастап соңғы үлгідегі «Toyota Camry 50»-ге дейін екен. Көлік ұтып алумен айтыскер ақынның биіктігі есептелмейді. Өмірде бірде-бір көлік ұтпаса да, ұлттың жадында қалған, Оразалы секілді ақындарымыз бар. Көлік ол шартты дүние ғой. Біздің айтыста кемінде он көлік ұтқан мықты жүйріктер көп-ақ. 40 көлік ұтқан Айнұр, Аманжол, Мұхамеджан, Бекарыс ағаларымыздан бастап Жандарбек, Сара, Мұхтарларға дейін 10-15 көліктен тақымдаған. Сондықтан мен айтыскерлер арасында нешінші орында тұрғанымды білмейді екенмін.Біреуден жүлде санымен озайын деген де ойым жоқ.
– Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз? «Шамшырақ» дәстүрлі өнер орталығының негізгі міндеті не?
– Негізінен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жұмыс істеймін. Онда қоғамдық кәсіптерді даярлау деген үлкен орталық бар. Университеттің бұрынғы ректоры Оңалбай Аяшевтің қолдауымен осы жерден “Айтыс” орталығы ашылған болатын. Ақындыққа ықыласы, бойында таланты бар жастарды жинап, айтыс өнеріне баулумен айналысамын.
Мұнан бөлек, «Шамшырақ» дәстүрлі өнер орталығының жетекшісімін. Оңтүстік ақындарының бас қосатын жері жоқ екенін ескеріп, жерлестерімізбен ақылдаса отырып, 2 жыл бұрын осы орталықты ашқан болатынбыз. Бұл орталық мүшайралар, айтыстар, ұлттық руханиятқа қатысты іс-шараларды әкімдік және басқармалармен бірігіп ұйымдастырумен айналысады. Айта кетейін, бұл орталықты ешкім қаржыландырмайды. Біздің арендамыз бар, басқа да шығындарымыз бар. Өз-өзімізді қамтамасыз ету үшін той ұйымдастыру да орталық жұмысының бір бағыты. Мұнда халыққа тек өз өнерпаздарымыздың, ақындарымыздың қызметін ұсынамыз.
«Шамшырақ» дәстүрлі өнер орталығын ары қарай дамытып, ұлттың руханиятына үлес қосатын деңгейге көтеру басты мақсатымыз.
Сұхбаттасқан Мария Сәулебекқызы