Мұқан Егізбаев: «Оңтүстікке шипа іздеп келетіндер көбейді»

Oinet.kz 15-01-2018 867

Screenshot_1.jpg

Мұқан Егізбаев, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы

– Мұқан Кеңесбекұлы, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына басшы болып тағайындалғаныңызға бір жыл толды. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар аз емес. Жалпы, 2017 жыл сіз үшін қандай өзгерістерімен есте қалды?

– Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында кешенді іс-шаралардың атқарылуының нәтижесінде 2017 жылдың қорытындысымен біршама көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Атап айтар болсам, ана өлімі 34 пайызға төмендеді. 2016 жылы 17 пайызға азайған болатын. Нәрестелердің шетінеуі 3 пайызға төмендеді. Облыс бойынша балаларға арналған төсек-орындар санын 110-ға көбейттік. Бұдан бөлек ана өлімін азайту мақсатында екі перзентхананы екінші деңгейге көтердік. Оның бірі Шымкент қалалық көпсалалы ауруханасының құрамында болса, екіншісі №1 Шымкент қалалық ауруханасының қарасты перзентхана. Одан басқа, 500 миллион теңгеге медициналық мекемелерге балаларды емдейтін құрал-жабдықтарды түгел алып бердік. Жалпы, балаларды көп мазалайтын дерт – тіс ауруы. Бұрын тісті түнде емдейтін мемлекеттік емхана жоқ еді. Тіс ауырса таңға дейін шыдауға тура келетін. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тапсырмасымен елімізде бірінші рет облыстық тіс емханасын тәулік бойы үзіліссіз қызмет көрсететін режимге көшірдік. Бүгінде тісі ауырған балалар түнде барса да емделе алады. Сонымен қатар, жүкті әйелдер де сонда тегін ем қабылдайды. 

Сосын соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен емхана салу жұмыстары тоқтап қалған болатын. Облыс басшысының көмегімен қазір төрт емхананың құрылысы басталды. Сайрам ауданында – Ақсукентте, Мақтарал ауданында – Жетісай қаласында, Мырзакент ауылында, сосын төртіншісі Кентауда салынып жатыр.  Пайдалануға берілгенде бұлардың әрқайсысы бір күнде 500 пациентке қызмет көрсететін болады.  Әрбірінің құрылысының құны 5 миллиард теңгенің шамасында. Ал биыл тағы екі үлкен емхананың құрылысын бастамақшымыз. Оның бірі Шардара қаласында болса, екіншісі Мақтарал ауданының Атакент ауылында бой көтереді. Екеуі де бюджет есебінен қаржыландырылады. Дәл осындай 500 келушіге лайықталған №10 Шымкент қалалық емханасы Қайтпас елдімекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында биыл салынып жатыр. Жекеменшік дегеннен шығады, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы былтыр күзде жекешелендіруге берілді. Бұдан басқа былтыр үш дәрігерлік амбулатория, Шымкент қалалық жедел жәрдем көмек көрсету ауруханасының қосымша «В» корпусы пайдаланылуға берілді.

Бүгінде облыс бойынша медициналық құралдармен жабдықталу пайызы 65,5 пайызды құрады. Жедел жәрдем көмегінің қолжетімділігін арттыру мақсатында Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасына 30 санитарлық автокөлік беріліп, қосымша  9 бригада ашылды.

Жалпы, Шымкент қаласында емхана жетіспеушілігі байқалады. Облыс орталығында кемінде заман талабына сай 20-сы болуы керек. Қазір шаһардағы бар 14 емхананың үшеуі ғана талаптарға сәйкес типтік ғимараттарда орналасқан. Сондықтан бұл мәселені бірден шеше алмасақ та биыл тағы үш емхананың концепциясы әзірленіп, конкурс жарияланды. Заман талаптарына сай қайта салынатын №4, 9, 11 қалалық емханалардың ғимараттары болады. 

Сонымен қатар, Шымкентте облыстық онкологиялық орталық пен облыстық туберкулезге қарсы диспансердің, Сарыағаш қаласында облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарлы түрде мемлекеттік-жекешелік әріптестігін қолдана отырып кезең-кезеңімен салынатын болады.

– Оңтүстік елімізде әрбір бесінші сәби дүниеге келетін өңір ғой. Өзгелермен салыстырғанда демографиялық өсімі жоғары облыста мамандардың біліктілігін арттырып отыратын шығарсыздар...

– Дұрыс айтасыз, былтыр Латвия мемлекетінен келген білікті мамандармен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргіздік. Латвиялықтар командалық облыстық перинаталды орталықтарда акушер-гинекологтарымызға семинар-тренингтер өткізіп тұрады. Дегенмен, олардың да бізден үйренері бар.

– Білім-ғылым қуғандар Еуропа асып жатқанда олардың бізге келіп үйреніп жүргендері таңданарлық екен... 

– Олай деп кесімді пікір айтудың, ондай көзқарас қалыптастырдың қажеті жоқ. Мысалыға айтар болсақ, экономикасы мықты болмаса да онкология саласында әлемде медицинаның көшін бастап жүргендердің қатарында Моңғолия мемлекеті де бар. Өйткені ол елде қатерлі ісік аурулары жиі кездеседі. Дәрігерлері сондай қиындықтармен жиі бетпе-бет келетін болған соң аталған дерттің емдеу жолдарын да көбірек іздейді. Нәтижесінде біз де солардан білмегенімізді үйреніп жүрміз. Сол сияқты латвиялық дәрігерлердің де шала туған сәбилер күтімін Қазақстаннан, оның ішінде Оңтүстіктен үйренетіні жасырын емес. Себебі Латвияда туу көрсеткіші өте төмен. Халқы Оңтүстік тұрғындарының санымен пара-пар болғанымен онда жылына бар болғаны 8 мың нәресте туылады. Бізде 80 мыңға жуықтайды. Бір перинаталды орталықтың өзінде 8 мың бала дүниеге келеді. Оларда шала туғандар да сирек кездеседі. Сонда да дәрігерлері шала туған сәбимен бетпе-бет келгенде қандай әрекеттер жасау керектігін біздің тәжірибемізден үйреніп жүр. Әрине, олардың бізге үйретері де аз емес. 

Ана мен бала күтімін жақсарту, өлім-жітімді азайту мақсатында тек латвиялықтармен ғана емес, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль мемлекеттерінің дәрігерлерімен ұдайы тәжірибе алмасып келеміз. Былтыр облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен жүзге жуық дәрігерлерімізді Түркияға жіберіп, тәжірибе алмастырдық. Барлық шығындарды түрік ағайындар көтерді. Оңтүстік Кореяның әлем мойындаған жетекші клиникаларымен де меморандумға отырып, нәтижесінде сол жақта мамандарымызды оқыттық. Аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері Кореяға барып, тәжірибе жинақтап қайтты. Ресейге де бас дәрігерлердің орынбасарлары болды. Өз кезегінде біліктілігін арттырып қайтқан дәрігерлеріміз елге оралған соң әріптестерімен білгенін бөлісуде. Бас дәрігерлер мен орынбасарлары жұмысты жүйелеуді, онда қолданылатын жаңа технологиялармен танысты. Олар білгендерін өздері істейтін емдеу ұйымдарына ендіріп, отандық медицинаны дамытуға жұмсайды. Биыл енді бөлім меңгерушілерін жіберетін боламыз. Жалпы, былтыр облыстық бюджет есебінен 7567 медицина маманы білімдерін жетілдірді. Оның 80-і шетелде оқыды. 

– Дәрігерлерге жалақысы пациенттердің лайк басумен өлшенеді деп жатыр. Осы қаншалықты рас? 

– Ондай жүйе жоқ. Болса да дұрыс болады деп ойламаймын. Біз оның орнына облыстық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу ұйымдарына шаруашылық жүргізу құқығын (ШЖҚ) беру бастамасын қолдап, ШЖҚ-ға өткіздік. Бас дәрігерлердің орынбасарларының жалақыларын көтердік. ШЖҚ-ға өткен мекеменің бас дәрігері қажет болса, үздік мамандарына тоқсан сайын сыйақы тағайындай алады. Тапшы маманының жалақысын көтермелеу, үстемелеу арқылы жұмысын жүргізуіне, жүйелеуіне болады. Осы жүйені биылдан бастап енгізіп жатырмыз. Мұндағы мақсат – медицина мамандарын ынталандыру.

– Сонда облыста маман тапшылығы бар ма?

–  Бар, 195 маман жетіспейді. Оның 60 ауылды жерлерде. Орайы келіп тұрғанда айту парыз. Былтыр ауылды жерлерде маман тапшылығын болдырмауға бағытталған әлеуметтік пакет облыстық мәслихатта қайта қаралып, облыс басшысының араласуымен ауылды жерлерге жұмысқа баратын мамандарға бір жолғы қаржылай көмек 1 миллион теңгеге жеткізілді. Ол биыл осы қаңтардан бастап беріледі. Мұндай көмек еліміздің басқа бірде-бір облысында дәрігерлерге беріліп жатқан жоқ.       

– Тағы қандай жүйені дамыту керек деп ойлайсыз?

–  Біз биыл телемедицинамен қамтуды толықтай аяқтамақпыз. Қазір бұл жүйе облыста бір ауданнан басқасының бәрінде қолданылып келеді. Былтыр 4 мыңдай науқасты емдеу осы телемедицина арқылы жүзеге асқан. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда үш жүзге көп. Бұл бізге санавиациядан гөрі титімдірек болып тұр. Өйткені науқасқа жетем дегенше біраз уақыт жоғалтамыз. Науқастың жағдайы тым қиын болса, жедел көмек көрсету керек болады. Мұндайда бізге телемедицинаның берері мол. Сондықтан бұл жүйені әрі қарай дамыта беретін боламыз. 

– Биыл елімізде тұрғындардың электронды құжаттары жыл соңына дейін дайындалып бітуі тиіс. Келесі жылдың қаңтарынан бастап, Қазақстанның барлық емдеу ұйымдары қағазбастылықтан арылады деп күтілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста қазір қай деңгейде?

– Былтыр 2056 компьютер сатып алдық. Сөйтіп медицицналық мекемелерді компьютермен қаттамасыз етуді 78 пайызға жеткіздік. Жыл соңында, осыдан бір ай бұрын облыс әкімінің қолдауымен 7500 компьютер сатып алу үшін бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда конкурсқа жіберілді. Көктемге дейін басқармаға қарасты медициналық мекемелерді 100 пайыз қамтитын боламыз. Ал былтыр облысымыздағы 36 амбулаторлық-емханалық ұйымға медициналық ақпараттық жүйе толығымен орнатылды. Сондай-ақ аурухана ұйымдарына медициналық ақпараттық жүйені орнату  жұмыстары  жүргізілуде. 

– Облыста бүйрек, бауыр ауыстыру оталары жасалып жүр... 

– Иә, облыста бүйрек және бауыр трансплантациясы бойынша операциялар сәтті жүргізілуде. Дегенмен, олардан басқа да жетістіктеріміз аз емес. Атап айтсақ, Қазақстандағы 3Д-эндоскопиялық технологиялары пайдаланылған алғашқы гинекологиялық операция бізде жасалды. Бүгінде республиканың басқа өңірлерінен пациенттер дәрігерлерімізден көмек сұрап келетін дәрежеге жеттік. Облыстық клиникалық аурухананың инсульт орталығы мен гепато орталығы республикадағы үздік орталықтар ретінде танылды. Жақын арада заманауи ангиографиялық құрал-жабдықтарды пайдаланып кардиохирургиялық шара қолдану, нейрохирургиялық операциялардың, сондай-ақ офтальмологиялық операциялардың саны мен спектрін көбейтуді жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан Асылбек Досалы

Айнұр Кәкенқызы, дәрігер: «Адамға көмек көмек көрсету – басты міндет»
Риза Боранбаева: «Балалар қатерлі ісігі – емделеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу