Риза Боранбаева: «Балалар қатерлі ісігі – емделеді»
Риза Боранбаева, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы «жыл сайын дүниежүзінде орта есеппен 10 миллионнан аса адам қатерлі ісік ауруларына шалдығады, ал олардың 70 пайызға жуығы осы дерттен көз жұмады» деген мәлімет келтіреді. Балалар арасында бұл дерттің көрсеткіші мәз емес. Қазір Қазақстанда қатерлі ісікті анықтайтын диагностиканың жетілуіне байланысты, ауру белгісі байқалған баланың сауығып кету мүмкіндігі көбейген. Сонда да, балалардың қатерлі ісігін емдеу мәселесі әлі күнге өзекті. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаеваның сөзіне сенсек, бүгінде елімізде 500-ден аса бала осы қатерлі дертке шалдыққан.
– Риза Зұлқарнайқызы, елімізде қатерлі ісікке шалдыққан бала саны қанша және балаларда ең көп кездесетін онкологиялық ауру түрі қандай?
– Республика бойынша балаларда кездесетін онкологиялық аурулардың кең тараған түрі – лейкоз немесе ақ қан ауруы. 2017 жылы 558 бала онкологиялық ауруларға шалдыққан. Оның 230-ы лейкоз, ақ қан ауру. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бірінші орында кеңінен таралған осы жіті лейкоз (острый лейкоз) ауруы тұр. Бұл ауру көп жағдайда туа салысымен және 3 жасқа дейінгі аралықта анықталады.
Дүниежүзілік статистикада да қатерлі ісіктің 40 пайызын лейкоз құрайды. Нейробластома – 3 жасқа толмаған балаларда кездесетін ісік. Яғни, бала 5 айлығында да, 2 айлығында да, 3 жасында да ауыруы мүмкін.
Осы күні қатерлі ісік дерегі жылдан-жылға азайып келеді. Мұның бірнеше себебі бар.
– Ол себептерді нақты санамалап бере аласыз ба?
– Біріншіден, диагностика жақсарды. Яғни, ауруды дәл анықтай аламыз. Бұрын бала туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кетіп, сәбидің қатерлі ісіктен көз жұмғанын ата-анасы тұрмақ, кей жағдайда дәрігер де білмей қалатын. Екіншіден, қазір бұл дертті емдеу мүмкіндігі жоғарылады. Мысалы, осыдан 20 жыл бұрын лейкоз дертіне шалдыққан жанды медицина емдеуге қауқарсыз еді. Қазір бұл дертке шалдыққан балалардың 70 пайызы жазылып кетеді. Біздің ғылыми зерттеу орталығына дәл осы ауру түрімен 3-4 жаста түскен балалардың алды қазір 20-ға толды. Олар ауру анықталған бойда, орталыққа келіп, алты-жеті ай уақыт аралығында емделеді. Кей ауру түріне байланысты ем арасында үзіліс жасаймыз. Интенсивті химия курсы біткен соң, демеуші терапия курсы басталады. Ол курсты үйде алады. Бізге үш айда бір рет бір келіп, тексеріліп тұрады. Демеуші терапия 1-1,5 жылға созылады. Ол біткенде бала толықтай жазылады. Бұдан кейін бала 5 жыл бойы бақылауда болады. Оны ремизия дейміз. Егер ауру белгісі қайталанбаса, демек бала біржола сауығып кетті деген сөз.
– Балалар арасындағы онкологиялық аурулардың басты мәселесі не?
– Дерттің дер кезінде анықталмауы. Мұның себебі әртүрлі. Дәрігердің кінәсі болуы да мүмкін, ата-аналар да байқамай қалып жатады. Қатерлі ісіктің бірінші, екінші кезеңінде дұрыс диагностика жүргізбеген жағдайда бұл дертпен күресу өте қиын. Үшінші, төртінші кезеңде анықталған ауруды емдеуде кәсіби дәрігерлер мен заманауи мықты құрал-жабдықтардың өзі қауқарсыз. Науқас балалардың арасында ісіктің үшінші, төртінші кезеңінде де жазылып кеткен оқиғалар бар. Бірақ өте сирек.
– Баланың қатерлі ісікке шалдыққанын ата-ана қалай біледі? Аурудың алғашқы белгілері қандай?
– Мәселе сонда болып тұр ғой, қатерлі дерттің бастапқы белгілері әркімде әрқалай байқалады. Баланың мұрны қанайды, денесі көгереді, әлсірей береді, я болмаса аяқ-қолын қимылдата алмай қалуы да мүмкін. Мұны кейбір ата-ана суық тиген, күн өткен, тағы басқа да ауруларға жорып, алаңсыз жүре береді. Кейбір ата-ана балада онкологиялық аурудың барына сенбейді. Балалардың жасына байланысты да қатерлі ісік түрлі симптомдармен көрінуі мүмкін. Яғни, ересектерде басқаша, балаларда мүлдем басқаша. Кішкентай бала мына жерім ауырып тұр деп айта алмайды. Жылауы, тамақ ішпеуі мүмкін. Басқа да белгілері байқалуы мүмкін. Кейде қатерлі ісік вирустық инфекция ретінде байқалады. Демек, ісік басқа аурудың белгілері арқылы көрінеді. Мысалы, баланың буыны ауырса, ата-ана баланың аяғы ауырды деп, ревматологқа апарады. Ревматолог те қателесіп, басқа маманға жібереді. Кейде дәрігердің сауатсыздығынан да онкологиялық дерт анықталмауы ықтимал. Шалғай ауылдарда педиатр да жоқ. Ал терапевт өздігінен емдеп, қателесуі мүмкін. Әсіресе, 13-14 жастағы жасөспірім балалар ата-аналарына мына жерім ауырды деп айтуға ұялып, ауру асқынғанға дейін дейін жүреді. Ата-ана да ересек баладан денсаулығын сұрап, қадағалап отырмайды. Кішкентай баланы жуындырғанда денесінің көгеріп қалғанын ата-ана байқайды. Ал 15 жасар баланың денесін тексеріп жатпайды. Қазір біз дәрігерлермен де, ата-анамен де жұмыс істейміз. Бұл «Тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары» деп аталады. Оның үстіне тұрғындар қазір өзін-өзі емдеумен көп айналысады. Баланың қызуы көтерілсе, парацетамол, түрлі антибиотиктер бере бастайды. Кез келген қатерлі ісік ауруы дене қызуын жоғарылатады.
Онкологиялық аурудың 50 пайызы бала өмірге келген кезде пайда болады. Кей балаларда туа салысымен байқалуы мүмкін. Кей балаларда 5-6 жаста белгі береді. Бірақ бұлардың барлығы да туабітті ауру болып есептеледі. Өйткені біз генетикалық сараптама жасағанда хромосомадағы өзгерістерді байқаймыз. Яғни, бұл – ата-аналардың геніндегі мутация балаға берілгенін айғақтайды. Бала содан ауру болады. Сондықтан да онкологиялық аурулардың жартысы туабітті болып саналады.
– Республика бойынша қатерлі ісік дертіне шалдыққан балаларды емдейтін мекеме – екі-ақ орталық деп естіген едік?
– Дұрыс айтасыз, республика бойынша қатерлі ісік дертіне шалдыққан балаларды емдеуге арналған екі орталық бар. Оның бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, екіншісі – Астанадағы «Ана мен бала» орталығы. Біздің орталық – дәстүрі қалыптасқан көне мекемелердің бірі. Педиатрия орталығының білікті мамандары – Қазақстандағы үздік медицина кадрлары шоғырланған мекеме. Орталық еліміздің түкпір-түкпіріндегі науқас балаларға көмек көрсетеді. Негізінен ауыр патологиядағы балалардың барлығы бізге түседі. Мекемемізде 285 орын бар. Оның ішіндегі 5 орын – күндізгі стационарға, ал 115 орын онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған. Еліміздегі 8 облыс біздің қарамағымызда. Яғни, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облысындағы балаларды емдейміз. Сонымен қатар, батыс аймақтар да біздің бақылауымызда. Қалған өңірлердің балалары «Ана мен бала» орталығына барады. Яғни, территориялық жағынан жақын болу үшін осылай бөлінген.
Орталығымыз күндізгі стационар негізінде онкологиялық, гематологиялық патологиясы бар, сирек және ревматологиялық ауруға шалдыққан пациенттерге көмек көрсетіледі. Орталықтың онкогематологиялық қызметі ашылған 1993 жылдан бері қарай 5000-нан аса лейкоз, яғни ақ қан ауруына шалдыққан, 10 мыңнан аса онкогематологиялық аурулардың ауыр түрімен ауырған балалар қаралып, емделіп шықты. Онкологиядан бөлек, 2012 жылдан кардиохирургия саласы дамып келеді. Біздің орталықтағы кардиохирургия қызметінде операциялық блог, реанимациялық бөлімше бар. Дәл қазір орталық дәрігерлерін туабітті жүрек ауруына мамандандырып жатырмыз. Қызметкерлеріміз шетелдерде де біліктілігін арттырып келеді. Өзге мемлекеттен келген мамандармен бірлесіп ота жасаймыз. Туабітті жүрек ауруына шалдыққан балаларға ашық түрде ота жасалады. Яғни, интервенциялық кардиология, яғни құрал-жабдықтарды қолдана отырып ота жасау – орталық дәрігерлерінің қолынан келеді. Бұрын туабітті жүрек ауруына шалдыққан 3000-дай бала шетелге бару үшін кезекте тұратын. Сондай-ақ, орталығымызда неонатальдық хирургия қызметі де көрсетіледі. Бұл – басқа органдағы туабітті кемістікке жасалатын ота түрлері. Оған қоса пульмонология, кардиоревматология, урология, хирургия бөлімдері бар.
Клиникада 2012 жылдан бастап орталықта ең күрделі заманауи жоғары технология – трансплантация әдісі қолданылып келеді. Нақты айтқанда, күрделі онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларды емдеуде гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау, сүйек кемігін ауыстыруды қолға алдық. Онкологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға өмір сүруге мүмкіндік беретін 70-тен аса гемопоэздік өзектік жасушалар (ГӨЖ) трансплантациясы операциясы жасалынып, бұл ауруды емдеудің жаңа әдісі меңгерілді. 2017 жылдан туыстық донордан гемопоэздік өзектік жасушалардың (ГӨЖ) гаплоұқсас трансплантациялауды енгіздік. Бұл ота бойынша 2017 жылы 47 трансплантациялау жасасақ, оның алдыңғы жылы 12 ота жасаған едік. Қазіргі уақытта бұл терапияға үлкен мән беріліп келеді.
2012 жылдан бастап аллогендік-туыстық донордан және антологиялық трансплантация арқылы сүйек кемігін ауыстыруды қолға алдық. Ал туыстық емес донордан біз трансплантация жасамаймыз. Кейде біртекті бауыр, ішек трансплантациялары болады. Оларды да шетелге жібереміз. Қазір А.Сызғанов институты балаларға бауыр трансплантациясын жасай бастады. Олардың бәрі сәтті жүзеге асуда. Міне, мамандар шетелге барып, тәжірибе алмасса, мұндай отаны өзімізде де жасауға болар еді.
Біз де өңірлерге барып, дәрігерлердің біліктілігін көтеруге тырысамыз. Таяуда Чехиядан мамандар келіп, шеберлік сағаттарын өткізді. Одан бұрын Мәскеуден мамандар келген. 16 өңірден онколог-гематологтарды шақырдық.
– Орталыққа балалар қалай келеді?
– Балалар бұрын квотамен түссе, қазір электронды портал арқылы келеді. Электронды портал арқылы баланың тіркелген уақытын да, ахуалын да бақылап отырамыз. Егер баланың жағдайы нашарлап бара жатса, орталыққа жылдам алдыртуға тырысамыз. Әрине, көп ата-ана баласын жаз мезгілінде, демалыс уақытында емдеткісі келеді.
Барлық балалар квота бойынша түскендіктен, бізге ақшаны медициналық қызмет көрсету комитеті аударады. Сондықтан да барлық ем тегін. Одан бөлек ақылы консультативті-диагностикалық бөлім бар. Бұл – кез келген ауруханада бар жеке қызметтің түрі. Біз де аштық. Өйткені сақтандыру компаниялары бар, ақылы түрде тексерістен өткісі немесе ақылы түрде кеңес алғысы келетін адамдар бар. Оған қоса біз сақтандыру компаниялары және ақылы қызмет алғысы келетін тұғалармен келісім-шартқа отыра аламыз.
Айта кету керек, онкологиялық аурулар кезекке тұрмайды. Өйткені оларды көп күттірмеу керек. Орын болса да, болмаса да, науқастарды қабылдаймыз. Себебі науқас уақыт өткізбей ем-дом қабылдауы тиіс.
– Отандық медицинаға деген сенімсіздік дейміз бе, басқа себептері бар ма, біздің ел дәрігерлерінің қолынан келсе де, баласы дертті ата-ана шетелдік мамандардың көмегіне жүгінгісі келіп тұрады. Мұның себебі неде?
– Бала қатерлі ісіктің төртінші кезеңінде болса, біз түгілі кейде шетел медицинасы да емдеуге қауқарсыз. Қай ата-ана баласын жазылмайды дегенге сенеді?
– Жалпы, қатерлі ісік ауруы толық емделе ме?
– Сенім болған жерде, бәрі мүмкін. Біздің орталыққа келіп ауруынан айығып кетіп жатқан балаларды көріп, бала мен ата-ананың жүзіндегі риясыз алғысты байқап, сенім мен ерік-жігер мықты болған жерде ауру ұзаққа тұрақтамайтынына көз жеткізер едіңіз.
Бізде ғана емес, дүниежүзінде қатерлі ісікті 100 пайыз емдемейді. Себебі бұл – қандай да бір бөлігі жазылмайтын ауру. Дегенмен бүгінде медицина дамып келеді. Жазылмайды деген аурулардың да күн өткен сайын құпиясы ашыла түсуде. Сондықтан, біз емді үзбей жалғастыра береміз.
Балалардың жағдайына келер болсақ, олардың тезірек сауығып кетуіне эмоционалдық жағдай да бірінші кезекте әсер етеді. Педиатрия орталығы бір мезет ауруды ұмыттыру үшін түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алып келеді. Мәселен, кішігірім концерт, театрландырылған қойылым, түрлі форумдар және т.б. шараларды ұдайы ұйымдастырып тұрамыз.
Жалпы, біз үшін ең маңыздысы – балалардың қатерлі ісікке шалдықпауы, шалдыға қалған жағдайда, бірінші, екінші кезеңнен аспай емделуі. Бұл орайда, орталық қолынан келгенінше түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз СМӘДІЛ