Мадина Сәдуақасова: «Ән – айтушының да, тыңдаушының да жанын емдейді»
Мәдина Сәдуақасова, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері
Біздің бүгінгі кейіпкер – есімі көпшілікке белгілі әнші Мәдина Сәдуақасова.
Ел Тәуелсіздігін тойлап жатқан ұлы мерекеде «Құрмет» орденінің иегері атанған өнерпазды мерейлі марапатымен құттықтап, замануи психология, дәрігер мамандығына деген құрмет, ауру жабыса қалған жағдайда емделудің Мәдинаға тән жол-жобасы жайлы әңгіме-дүкен құрған едік...
– Мәдина, сенің алған мамандығың да дәрігер қауымнан оншалықты алыс емес. Психологтың дипломын алды деп естиміз. Осы саланы таңдауыңа не түрткі болды және сол диплом қазір саған қандай қызмет атқаруда?
– 2000 жылы Музыкалық колледжді бітірдім. «Хор дирижері» деген дипломым бар. Өмірімді әншілік жолмен байланыстырсам да, қосымша тағы бір мамандық игергім келді. Өмір бойы оқысаң да, еш артық емес деп есептеймін. Сондықтан жаңа білімнің көзін ашып, оқығанды жақсы көрем. Жаңа мамандық игеру – жаңа әлемнің есігін ашу ғой.
Осылайша, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің психология факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Психолог мамандығы –жаныма жақын. Өйткені, ән айту – ол да адамның жанын емдеу ғой.
Ашығын айту керек, психология ғылымын менің елестетуімде адам жанына бойлайтын мамандық деп қана ұғынып келіппін. Сөйтсем, психология дегеніңіз түп-тұңғиығы көрінбес терең ғылым екен. Ол ғылымның жан-жаққа тарамдалған салалары да сансыз көп. Біз Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де оқып жүргенде, психологияны ғана емес, жалпы терапияны да жетік зерттедік десем, артық айтпағаным. Себебі, университетте ұстаздардың жөн сілтеуімен көптеген ауруханаларға барып, дертті жанға қандай дәрі пайдалану керек, оны немен емдеу керек – бүге-шігесіне дейін зерттедік.
Адамның көңілі неден жабырқайды, ол көңіл неден көтеріледі – бәрін түбегейлі оқып, көңілімізге тоқып, бес жыл университетте жүріп осы саланың қыр-сырына қанығып шықтым.
Әрине, психолог болып жұмыс істемейтінім анық. Бірақ, осы ғылым турасында терең зерттеп, көптеген мағлұматтар алдым деген ойдамын. Психология – алдағы өмірімде өзімнің пайдасын да береді деген сенімдемін.
Жалпы, психология – әлі толық зерттеліп бітпеген ғылым. Ашылмаған сырлары өте көп. Ол жас ғылым болғандықтан, бізді елге толық келіп үлгермеген сан-салалы бұтақтары – салалары да жетіп-артылады. Мықты психолог болам деген адам онымен күнделікті жұмыс жасауы керек, күнделікті тәжірибеңді, біліктілігіңді шыңдап отыруың қажет. Түрлі адамдармен жолығып, қабылдап, зерттеп, біліктілігіңді арттыра жүретін мамандық қой. Ал менің жаным қалаған әншілік жолда жүріп келе жатуыма байланысты психология мамандығына дәл мамандық талап ететіндей көңіл бөлуге уақытым да, мүмкіндігім де жоқ. Сондықтан да мен дәл қазір психолог болып жұмыс істеп кетем дей алмаймын.
Бірақ, әрине, осы мамандықта бес жыл оқығаннан кейін менде негіз бар, көп нәрселерді терең зерттеп, біліп, ұғып қалдым.
Тіпті, сахнаға шыққан кезде халықтың көңіл-күйі қалай, қандай күйде отыр, қандай ән айтқанымды қалайды, қандай әңгімеме құлақ қойып тыңдайды – осының бәрін көрерменнің назарынан, ықыласынан біліп, сезіп қоятыным бар.
Психолог мамандығы көпшілік алдына шыққанда көмектеседі. Өмірде түрлі адамдармен жолығып, сөйлескеннің өзінде, Еуразия Ұлттық университетіне бекер бармағанымды түсінемін. Кім-кіммен әңгіме-дүкен құрсам да, оның өзін-өзі ұстауынан, дауыс мәнерінен қандай жан екенін, не мазалап тұрғанын сезе қоямын...
Сондықтан, психолог мамандығы әл-әзір жұмыс істейтін салам болмаса да, менің өмірлік мамандығыма көп септігін тигізген түпсіз терең ғылым деген ойдамын.
– Сіз адамдарды әнмен емдейсіз. Дәрігерлер білімімен, білігімен аурудан айықтырады. Екі мамандық арасынан басқа қандай ұқсастықтар табасыз?
– Мына сұрағыңыз есіме бір оқиғаны түсірді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын-ау деймін, адам жанын емдеу практикаларын жасап жүрген Үндістандық бір маман біздің жақтан барған емделушілерге: «Сіздердің елдеріңіз – Қазақстанда адамды дауысымен, энергетикасымен емдейтін екі-үш әнші бар, соның бірі Мәдина Сәдуақасова», – деп айтыпты.
Әрине, ол сөзге сенуге де, сенбеуге де болады. Бірақ, өзім ән айтсам, жеңілдеп қаламын. Керемет әдемі бір күй пайда болады. Ән – айтушының да, тыңдаушының да жанын емдейтіні анық. Әннен төгілген энергетика ерекше бір сезімдер сыйлайтынын ешкім жоққа шығармайды. «Ән – көңілдің ажары» дейді халық. Көңілдің ажары кірді деген сөз – жаныңыз жадырады дегенмен бірдей. Жаныңыздың жадырағаны – көңілдегі кірдің кеткені. Жүректе жиналып қалған түрлкі өкпе-наз, реніш сияқты сезімдер осы ән арқылы шығып кететіні жайлы қазақтың халық әнінің қайсысына құлақ қойсаңыз да, мысал жетіп артылады.
Иә, сіз дұрыс айтасыз. Дәрігер мен әншінің арасында бір байланыс бар.
Дәрігер болсын, психолог болсын білігімен, білімімен адам тәнін, жанын емдей алады.
Сол сияқты, музыка, дауыс ырғағы, әсем саздың да жан мен тәнді емдеу қасиеті бар.
Психология мамандығын зерттеп жүрген кезде «Музыкатерапия» деген үлкен бір тарауды оқыған едік.
Сондықтан, «Мадина әнімен емдей алады» деген Үндістандық маман айтты деген хабарды естігенде, тыңдарманымды әніммен емдей алатыныма шүкіршілік айтқаным бар.
Дәрігер мен әншінің бір ұқсастығы – емдеу, адамға қуаныш сыйлау, дертті жанның мазасыз күйінен арылта алу қасиеті дер едім.
– Қатты бір сырқаттанған, жаныңызды шүберекке түйген сәттер болды ма? Болса, ондай тығырықтан қалай шықтыңыз?
– Әкем – дәрігер. Тіс дәрігері. Мен – үйдің тұңғышымын. Мен дүниеге келгенде әкем барлық бөлмені кварцтап, жан-жақтың бәрін хлормен жуғызады екен. Өзім Алматыда дүниеге келгенмін. «Қызым таза ауамен ғана тыныстасын» деп, кішкентайымнан әкем тауға серуендеуге апарады екен. Сөйтіп әлпештеп баққан мен аурушаң болып шықтым. Жиі сырқаттана беретінмін.
Менен кейін сіңлім дүниеге келген кезде, «баланы өбектей берсек, ауыра береді» екен деп, сіңіліме қалыпты күту режимін жасапты. Екінші қыздары шымыр, ауырмаған соң, мені де сол режимге көшірді.
Біз мысалы, дәрі ішпейміз. Қатты тымауратқан күннің өзінде түрлі шөптерден жасалған шәйға бал қосып ішеміз.
Мысалы, дәл қазір ұлым сәл суықтап қалыпты. Балама жақсылап тұрып шөптерден жасалған шәй беремін. Ата-анам бізге суық тисе құйрық маймен емдейтін. Балама да сондай емді пайдаланамын.
Қазір мүлдем ауырмаймын деп те айта аламын. Тұмау ұстап қалу, сырқаттанып басым ауырып қалу деген менде өте сирек кездеседі. Ауыра қалған жағдайда дәрі-дәрмек ішпеймін. Фурацалинмен тағамды шаюым мүмкін. Антибиотиктер қолданбаймын. Мұның бір пайдасы – аяғым ауыр кезде ауырмадым деуге болады. Болмашы ғана суық тию, тұмаурату сияқты белгілер байқалды, оның өзінде балмен шәй ішкенде бірден ауру қайтып кетті.
– Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Ондай кездерде дәрігерлердің алдына баратыныңыз анық. Сол кезде сізді бірден танып, көмек қолын созатындар бар шығар?
– Еңбек сіңірген қайраткер атағын алған адамдар ҚР Президенті іс басқармасының ауруханасы мен емханасына тіркеліп, сол жерлерден тегін алуына құқылы.
Мен де сол жерде тіркелгенмін. Физио ем-шара қабылдау керек болса, тексерілу қажет кезде жыл сайын, жарты жылда бір рет сол жерден тексеруден өтіп тұрамыз. ҚР Президенті іс басқармасы емханасы мен ауруханасының дәрігерлері тексереді, емдейді.
Сондықтан, өзге бір дәрігерлердің қабылдауында болдым деп айта алмаймын.
Иә, бір рет омыртқам сыр берген кезде Белмұрат деген кісіден бір курс ем қабылдағаным бар.
Одан кейін өзге бір дәрігердің қарауында болдым деп айта алмаймын.
Жалпы, өз басым ауырдым екен деп бейтаныс адамға қарала беруді құптамаймын. Адам болған соң әбден сыралғы болған дәрігерге тұрақты түрде қаралып, тексеруден өтіп тұрсаң, ең абзалы сол ғой.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы