Гүлжазира Берікқызы: «Көз тию мен сөз тиюдің бары рас»

Oinet.kz 23-12-2017 1882

Screenshot_14.jpg

Гүлжазира Берікқызы, журналист, Астана арнасы «Қайырлы таң!» бағдарламасының жүргізушісі

– Гүлжазира, тележүргізуші ретінде елдің көз алдында жүрсің. Қазақтағы «көз тиеді, суық тиеді» деген екі аурудан қалай сақтанасың?

– Әжем марқұм той-томалаққа міндетті түрде мені ертіп алатын. Сонда: «Жұрттың алдында жүреміз, көз тиеді, жылтырақ тағып жүру керек», – дейтін де әдемі жылтырақ брошкалар, моншақтар тағып алатын, маған да тағатын. Әжем қартайып 93 жасында дүниеден қайтты. Ауылда ресми жиындар болса, пиджагына медальдарын жарқыратып тағып алатын. «Көздері маған түспесін медальға түссін» дейтін ол кезде.

«Көз тиеді» деген оймен кейде келісуге тура келеді. Көпшілік жерге барған кезде моншағың үзіліп түсетін, сырғаңның көзі түсіп қалатын сәттер көп.

Тамаша әзіл-сыққақ театрындағы көп актерлар өмірден ерте өтіп кетті ғой. Әсіресе, ер адамдар. Анам сонда: «Сахнаға шығып, көрерменнің ықыласына бөленеді. Ер адамдар құр костюммен шығады да, жылтырақ тақпайды, көздің бәрі соларға тиген шығар», – деп болжам жасап отыратын. Қыз болғаннан кейін жылтыраққа қызықпай тұрмайсың. Сәндік мақсатта, әдемі болу үшін тағып аласың.

Көзден қорғану үшін әжемнің үйреткен сөздері бар. Бала күнімізде шаруаға көп араластық. Ауылда іс біте ме? Көкке шыққан қозы-лақ енесінен адасып қалып, бөтен қораға кіріп кетеді. Көрші-қолаңға шапқылап барып, қозы-лағыңды іздейсің. Тапсаң, өзің қошақандай кішкентай екеніңе қарамай, қозы-лақты көтеріп ала жөнеледі. Үсті-басың малмандай тер болғанына қарамастан үйге қарай мықшыңдап тартасың. Жолай Сайнығали қарт, Шәріп аталар «жақсы бала екен» деп мақтайды. «Гүлжамалдың қыздары пысық, малын далаға жібермейді, тезегін тасып алады», – деп үлгі қылып отырады. Оған әжем жат та кеп ашуланады. Аталарың сені мақтаса «ішіңнен тіл-көзің – тасқа» деп айт деп үйрететін. Сол сөз бала күннен санамызда сақталып қалған. Айтып жүреміз.

Осы заманда көпшілік жерге барсақ, концерт жүргізсек, барлық жамандықты су алып кетеді ғой, басымнан аяғыма дейін суға түсіп тазаланамын. Тойдан келгенен кейін де сумен шайынамын. Ара-тұра ваннаға тұз салып, тұзды суға түсем, еденді тұзды сумен жуып аламын. Үйдегі жолдасым да «біздің шаман іске кірісті» деп күледі.

Үйді, бұрыш-бұрыштарды адыраспанмен аластап шығамын. Атам қазақ отпен бағзы заманнан үшін аластаған. Киіз үй – дөңгелек қой. Жаман энергия сақталмайды. Айналып шығып кетеді. Біз қазір бір үйде емес, бірнеше пәтері бар бәленбай отбасы тұрамыз. Біреуінің үйінде бақыт, біреуінде қайғы жүреді. Біреуі шаттанып жатса, біреуі қайғыға батқан. Түрлі энергиялар бір ғана үйіміздің айналасында жүр. Одан бөлек, саған сырттай қызығатын біреулер болады. Жаман ниетпен емес, күндестікпен де емес, жай ғана бақытыңа қызығады. Соның «не деген бақытты» деп тамсанып айтқан сөзінің өзі тиюі мүмкін.

Кез келген адам өзін-өзі сақтауы керек. «Сөз – тас жарады, тас жармаса бас жарады» дейді қазақ. Кішкене күнімізден әжем маңдайымызға күйе жағып қоятын, ол да бекер емес екен. Қыздарыма күйе жақасам да, түйреуіш, көзмоншақ тағып өсірдім. «Сақтансаң, сақтаймын» деген екен.

Мешітке де сәті келгенде барып тұрамын.

Суық тиюге келетін болсақ, жылы киініп жүру керек. Қыста Астана көшесінде жұп-жұқа шұлықпен,  жалаң бас қыздарды көрсем аяймын. Кейде ерінбесем, тоқтатып алып, әлгі қыздарға ақылымды айтамын. Сән – сәнімен, денсаулықтың қадірі бөлек. Әсіресе қысты күні лимон, бал қосқан шәй ішеміз. Құлпынайды қайнатпай, қантты араластырып, тоңазтқышта сақтаймын. Суықтан қорғанатын әдет көп, имбирмен шәй ішемін. Эфирде жүрмін. Қанша жылдан бері тұмауратып, қызуым көтеріліп, жұмыстан қалған сәттерім болған емес.

– Тележүргізуші мамандығы сырт келбеттің сұлу, сымбатты болуын талап етеді. Осы талапқа лайық болудың сендік құпиясы қандай?

– Қандай мамандық иесі болса да, сұлу болу барлық әйелдің міндеті. Өз-өзіңді жақсы көрмесең, сырттан біреу келіп түр-әлпетіңді жөндеп беріп кетпейді. Мүмкіндігімше дене бітіміме, сымбатыма назар аударамын. Косметикамен ешқашан ұйықтамаймын. Эфирден кейін міндетті түрде жуынамын. Жастық, студент кездерімде косметиканы сүртпей жастықта бас қойған шығармын, қазір ол әдеттен мүлдем тиылғанмын. Бетімді міндетті түрде сүртемін, жуамын. Арасында минералды сумен жуып тұрамын. Бетке өте жақсы әсер береді. Ерінбесеңіздер, бетті қайнаған сумен жуған жақсы. Әдемі болып жүру үшін міндетті түрде қымбат косметика қолданып, салоннан шықпау керек деп ойлайды. Мен аса қымбат косметика қолданамын деп айта алмаймын. Косметиканы ауыстырып жүремін. Бір маркаға байланып қалған емеспін. Шөптердің суымен бетті сүрту, қолдан маска пайдалану жағына пысықпын деп айта алмаймын. Түймедақтың қайнатпасын суға қайнатып мұз қылып қатырып бетке сүртіп тұру керек деп жатады. Суық су – жүйке талшықтарына салқын тигізуі де мүмкін. Сондықтан, оны абайлап пайдалану керек деп есептеймін.

Маска, скрабтарды пайдаланып тұрамын. Косметологқа жиі бармаймын, бірақ барып тұрамын. Бірақ бетке бетке укол салу сияқты әдістерді пайдаланып көрмеппін. Шынымды айтсам, инеден қорқамын. Қазір заман басқа. Барлық қыздар өз-өздерін жақсы күтеді деп ойлаймын. Анам алпыстан асты, енем сексеннен асты. Беттеріне кремдерін жағып, өз-өздерін баптап жүреді.

– Тележүргізушіліктен бөлек, ас мәзірін, тәтті-дәмдіні ерекше дайындай алатыныңнан хабардармыз. Үйде жақсы жар, келін, ана болудың қиындығы мен қызығы жайлы айтып берсең.

– Береке деген – дастарханда. Дастархан деген мол болуы керек. Астың мәзірі ауысып тұру керек. Дастархан отбасы мүшелері жиналатын жер. Шаршағаныңды басатын, бір-біріңе деген ықылас-пейіліңді білдіретін орын. Тұзы кем, дәмсіз асты тарелкаңа салып беріп, тыжырайған қабақтарды көріп, күйеуіңнен артық сөз естігенше, дәмді тамақ жасап, алғыс алғанға не жетсін? Анам әрдайым жылы-жұмсағын алдымызға қоятын. Қазір тамақтың түрі көп, неше түрліні жасауға болады, тек ерінбеу керек.

Мен ас үйімді жақсы көрем. Отбасы мүшелерімнің шаттанған түрін көрсем, шаршағанымды ұмытамын. Тамақтың түрін көп білу керек. Үйге келген қонақтар да, тума-туыстар да сені мақтап: «Пысық келін, асы қандай, бауырсағы қандай дәмді», –  деп айтып жүрсе, жақсы емес пе? «Тамақ істей алмаймын», – деген жәй ғана сылтау. Интернетте астың жасалу түрі толып тұр. Торт па, печень ме – ақалуыңыз білсін. Өзім тамақ пісіруден ерінген емеспін. Үйде дастархан толы болса, береке болады. Ырыс келеді. Былапыттап көп те тағам сатып ала бермеймін. Ысырап жасағанды жек көремін. Артылған асты ешқашан лақтырмаймын. Сүзбе тұрып қалса да, қаймақ тұрып қалса тәтті пісіре қоямын. Сүтім ашып кетсе, пиццаның қамырына пайдаланамын. Үйлестіре берсе, бәрін істеуге болады.

– Әрбір ана кішігірім педиатор деп жатады. Кішкентайларыңның қызуы көтеріле қалса, жөтеліп жатса, тағы да басқа сырқаттарға ұрына қалған жағдайда қандай көмек көрсетесің?

– Бала болғанан кейін ауырады. Қыздарым, тіл көзім – тасқа, балабақшаға, мектепке барады. Ауырмайды десе де болады. Ауырмаудың жолы – жақсы, құнарлы тамақтану. Сонда баланың иммунитеті мықты болады. Дәрі-дәрмек, ингалатор құралдарым бар. Оларды көзге көрінбейтін жерге тығып тастаймын. Көзге көрініп тұрса, балам ауырса, мынаны пайдаланамын деп ойлайсың. Ал әрбір ойдың тасасында болуы тиіс оқиға тұрады.

Баланы қымтай бермеймін. Үйдің ішінде жүргенде ешкім шұлық кимейді. Көршілер: «қыздарың жалаң аяқ жүреді, суық тимей ме» деп сұрайды. Суық тимейді. Сондай өмір салтына үйренген.

Кампот, лимон, имбир, итмұрын қосқан шәй беремін. Ауыра қалған жағдайда тамағын тұзды сумен, фурацилинмен шаямыз, аяғына қыздырылған май жағамыз. Бұрыннан тексеріліп, әбден сіңісті болған қазақи әдісті пайдаланамын.  

– Күніне көптеген адаммен сұхбат құрасың, экран алдында жүресің. Шаршаған, әлсіздікті сезінген сезімдерден арылудың Гүлжазираға тән тәсілімен бөліссең.

– Жан-тәніңмен беріліп жасаған істен кейін, эфирден кейде құр сүлдерің қалатын сәттер болады. Өзім көңілді, позитивті жүрем бе, ұйқым қанбаған сәттер болмаса, шаршап, қирап қалатын сәттер жиі болмайды. Адамдармен көп араласамын. Жоқ дегенде көршімнің үйіне барып шәй ішіп кетемін. Шаршасам, балапандарымды құшақтаймын. Соның өзі шаршағаныңды басады. Шаршап жүрген адам ашушаң болады. Шаршауды да, ашуды да басатын – махаббат.

Біздің үйдегі адамдар эфирден келгенде демалып жатсам, тыныштық сақтап, жағдайымды жасйды. Ол – жолдасымның арқасы, соның ұйымдастыруы. Әйтпесе мен ешқашан «ұйықтайын деп жатырмын, шуламаңдар» деп айтып көрген емеспін. Қонаққа бару, отырыста отыру, адамдармен әңгімелесу, жақсы сұхбат құру – ол да бір демалыстың түрі. Моншаға барсаңыз да жеңілдеп қаласыз.

Шаршағанды басатын бір әдіс, бәрін ұйықтатып тастап, түнде жазу жазып, ойланғанды, шәй ішкенді жақсы көремін. Өз-өзіңе есеп беріп, дұрыс емес нәрсеңді еске алып, өзіңді түзеуге тырысу – ең ғажап демалыс. Шаршадым деп бүкіл әлдемді ренжітуге, айналаңнан ашуыңды алуға болмайды.

– Әңгімеңе рахмет!

Рахмат Мүсірәлиев: «Дәрігер мен пациент бір-біріне көмектесуі керек»
Мадина Сәдуақасова: «Ән – айтушының да, тыңдаушының да жанын емдейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу