Жан Абылайұлы: «Диабет – өмірдің соңғы сатысы емес»

Oinet.kz 22-12-2017 1343

212-580x435.jpg

Жан Абылайұлы, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті, эндокриналогия кафедрасының профессоры, медицина ғылымының докторы

Қант диабеті немесе қазақы тілмен айтқанда сусамыр ауруы – ХХІ ғасырдағы ең қатерлі ауру түрлерінің қатарында. Оның қатерлі болатын себебі, сусамырдың асқынған түрі адамды мүгедектіккке дейін апаратын қаупі бар. Ендеше, қант диабетінің алғашқы белгілері байқала бастағаннан-ақ диагностикалық тексерулерден өтіп, арнайы ем қабылдаудың маңызы зор. Алайда, қант диабетінің алғашқы белгілері байқала бастағанын науқас қалай сезініп, білуі тиіс? Осы орайда қант диабеті ауруларына арналған, өзін-өзі емдеу мектептерінің атқаратын рөлі зор. Қоғамда медициналық сауаттылықты арттыруға арналған, әсіресе, сусамыр ауруына қатысты барлық деректермен толыққанды таныстыратын орталықтардың, мамандардың бүгінгі таңда атқарып отырған жұмыстары жөнінде не білеміз? Бұл орайда эндокринолог дәрігер Жан Абылайұлының айтары көп...   

– Қант диабетіне шалдыққан науқастардың саны күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл неге байланысты, аурудың пайда болу себебі неде?

– Қант диабетімен ауыратын науқастардың саны жылдан жылға өсіп келеді. Қазір 471 млн адам қант диабетімен ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласындағы мамандар 2040 жылға қарай 621 млн адам қант диабетімен ауыруы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бұл не деген сөз? Жылма-жыл аурудың осы түріне шалдыққандар қатары көбейген үстіне көбейе түспек. Оның жағдайын, алысқа бармай-ақ, Қазақстаннан да байқауға болады. Мысалы, бізде қант диабеті ауруына шалдыққандар саны жыл сайын 20 мың науқасқа  көбейіп келеді. Қазіргі таңда қант диабетімен ауыратын 300 мыңға жуық науқас республикалық реестерде тіркелген. Яғни, қант диабеті ауырымен ауыратын науқастар саны жылына 5-7 пайызға көбейіп келеді. Мұның салдары қандай болмақ? Бірінші, қант диабетімен ауыратын науқас санының  көбеюіне осы бастан дайындық керек. Себебі, қан диабеті – әлеуметтік маңызы бар науқастар қатарына жатады. Қант диабеті ауруының соңы адамды мүгедектікке дейін апаруы мүмкін. Екінші, қант диабеті ауруымен ауыратын науқастарды емдейтін дәрі-дәрмек, инсулиндер мемлекет тарапынан тегін қамтамасыз етіледі, науқастар саны артқан сайын мұндай дәрі-дәрмектерді де көптеп таратуға тура келеді.

Қант диабеті неден пайда болады деген сұрағыңызға жауап берместен бұрын, оның түрлерімен жекелей таныстырып өткен дұрыс болар.

Қант диабеті екі түрлі болады. Олардың әрқайсысының пайда болу себебі және қауіп факторлары әр түрлі:

1 типті қант диабеті  кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ, негізінен балаларда, жасөспірімдер мен жас адамдарда анықталады. Аурудың бұл түрінде организм инсулинді аз өндіреді немесе өндірмейді. Науқастар инсулинді күнде егуге мұқтаж. Аурудың пайда болуының нақты себебі белгісіз.

2 типті қант диабеті көбінесе, ересектерде пайда болады. Бірақ, семіздіктің кең таралуына сәйкес, балалар мен жастардың арасында арасында да диабеттің бұл түрі кездесе бастады. 2 типті диабеті бар адамдардың көпшілігі өздерінің бұл ауруға шалдыққандарын білмейді.

Қант диабетінің басқа себептері де бар, ал кейбір науқастарды ешқандай топқа жатқызуға келмейді.

Қант диабетінің бірінші түрімен науқастанған балалар мен жасөспірімдер саны 17 мыңның айналасында. Жылына 1500-2000 бала аурудың осы түріне шалдығады. Ауру неден пайда болдаы? Негізі  себеп, вирустық, инфекциялық аурудан кейін иммунитет төмендеп, ұйқы безіндегі инсулин шығаруға жауапты ағзаны вирус жеп тауысады. Инсулин шықпағандықтан, балалар ағзасында инсулин жетіспеушілігі байқалады да,  қандағы қант құрамы көбейеді. Инсулиннің жеткіліксіздігі гликогенсинтетаза ферментінің белсенділігін төмендетеді. Сондықтан бауырда, бұлшықеттерде, қантты диабет кезінде глюкозадан гликогеннің түзілуі азаяды да, глюкоза бос күйінде сақталып қалады.

Қант диабетінің екінші түрі басқаша дамиды. Оның негізгі себебі – семіздік, артық салмақ. Адам баласы жаратылысында ағзасында екі млн инсулин беретін  болса, адамның салмағы артық болғаннан кейін, инсулинді көп шығарады. Инсулин адам ағзасына не үшін керек? Зат алмасуды, глюкоза, көмірсутегіні бақылау үшін қажет. Адамның салмағы  артық болған соң, майды ерітеміз, майды азайтамыз деп, ұйқы безі күндіз-түні жұмыс  істеп, ұдайы инсулин шығарып тұрады. Бір күні сол инсулин азаяды. Адам ағзасындағы инсулин 40 пайызға азайса, қант диабеті дами түседі.

– Науқас қант диабеті ауруына шалдыққанын түсінуі үшін қандай ауру белгілері байқалуы тиіс?

– Қант диабетінің бірінші түрі тез дамып, тез анықталса, екінші түрімен ауыратынын науқастың көпшілігі білмеуі де мүмкін. Қазір барлық науқастың құрамындағы қант мөлшерін міндетті түрде тексеруіне мемлекет тарапынан жағдайдың бәрі жасалған.

Диабеттің алғашқы кезеңдегі белгілері мыналар:

1. Үнемі шөлдеу;

2. Кіші дәретке өте жиі шығу;

3. Үнемі шаршау;

4. Қол-аяқтың ұйып, жансыздануы:

5. Үнемі қарынның ашуы;

6. Салмақтың күрт азаюы.

Өршіп бара жатқан диабет белгілері мыналар:

1. Терінің қышуы;

2. Көздің көру қабілетінің нашарлауы;

3. Жыныс қынабының инфекцияға жиі ұшырауы;

4. Аяққа жазылмайтын созылмалы жара шығуы;

5. Естен тану (қысылтаяң жағдайларда).

Қант диабетінің балалардағы ерекшелігі:

1. Ауру екпінді басталады;

2. Балаларда аурудың жеңіл түрі кездеспейді;

3. Асқынуға бейім.

Балаларда ауру тез дамиды. Тез дамығаны соншалықты, баланың бойында қант диабеті диагнозы бірден қойылмаса, мәселен, симптомдарына  қарап, оны инфекциялық ауруларға не хирургқа қаратып жүргенде, инсулин күрт азайып, бала шұғыл көмекті қажет етуі мүмкін.

Қандағы қант мөлшері  3 пенен 5,5 арасы болуы керек. Оны ұдайы адамның өзі де қадағалуына болады. Егер ағзадағы қант құрамы 6,1 болса, оған қант диабетінің бірінші түрі деген диагноз қоямыз. Бүгінгі күні қант диабетінің диагностикасына барлық жағдай жасалған.

– Қант диабеті ауруымен ауыратын науқастарды және аурудың осы түрімен ауруы мүмкін жалпы халықты медициналық тұрғыдан сауатты ете түсу үшін қандай шаралар жасалып жатыр?

– 14 қараша – қант диабетімен күресудің Дүниежүзілік күні. Бізде ғана емес, дүниежүзінде осы күні қант диабеті туралы толыққанды ақпараттар таратамыз. Мәселен, осы күні С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университетінің эндокринология кафедрасының барлық мамандары: профессорлар құрамы, фоценттер, аспиранттар – диетолог, эндокринолог дәрігерлер – жалпы халықты тексеру, кеңес беру жұмыстарын жасайды.   Биыл да ол дәстүрден кенже қалмадық. «Қант диабеті және репродуктив жүйе» деген тақырыпта үлкен халықаралық конференция өткізіп, онда қант диабеті ауруының бүгінгі таңдағы барлық мәселелері егжей-тегжейлі анықталып, шешілді.

Егер әкесі де, шешесі де қант диабетімен ауырса, олардан туған төрт баланың біреуі қант диабетімен тұқым қуалап ауыруы мүмкін. Қант диабетінің өзі тұқым қуаламайды, қант диабетіме бейімділік ген арқылы беріледі. Сондықтан, бүгінгі күні қант диабетімен ауыратын балаларды ғана емдемей, осы ауру түрімен ауыратын әке-шешелері бар балаларды да аурудың дамып кету мүмкіндігінен сақтандыра алсақ, қант диабеті елімізде осыншама асқынып кетпес еді. Қант диабеті ауруының тоқсан пайызы екінші түріне шалдыққандар, он пайыз науқас бірінші түрімен ауырады. Бүгінгі күні қант диабетінің екінші түрімен ауыратын науқастың тамақ мәзірін қатаң қадағалау керек. Себебі, екінші түрдің негізгі себебі артық салмақ. Сол үшін ең алдымен артық салмақты жоюға тырысу керек. Егер, адам арықтай келе, қант құрамы азайса, ол адамды диетамен-ақ емдеуге болады деген сөз. Егер диетамен емдеуге келмесе, қандағы қанты төмендемейтін болса, қантты төмендететін дәрі-дәрмек тағайындалады. Бүгінгі күні қант диабетіне арналған қырықтан аса дәрі түрі бар. Қант диабетінің бірінші түрінде адам инсулинды ұдайы қажет етіп отыратынын айтып өттік қой. Ал, бала не жасөспірімге күніне 4-5 рет инсулин егіп отыру үлкен психологиялық күйзеліске әкеліп, науқас өзін нағыз ауру сезіне бастайтыны тағы бар. Бүгінгі жаңа технологияның көмегімен осы күйзелісті жоюға болады. Қазір жасөспірімдер мен балалар инсулинді помпа қолданады. Ендігіне инсулинді екпей-ақ, помпаның өзі инсулинді ағза қажет еткен мөлшерде жіберіп отырады. Мемлекетіміз жасөспірім, балаларды өз қамқорлығына  алып, инсулинді помпамен толық әрі тегін қамтамасыз етіп отыр.  

– Қант диабетін емдеуге бола ма?

– Әрине. Диабетті емдеуге болды. Оның зардаптарын да болдырмауға жағдайымыз әбден жетеді. Көп жағдайда, бұл науқастың өзіне, ауруға деген көзқарасына да байланысты. Диабет дегеніміз – өмір. Диабетпен бірге өмір сүре білу керек. Диебетті басқара білу қажет. Оны басқара білсе, емін дұрыстап жүргізетін болса, Алла тағала адамға қанша өмір берді, сонша өмір сүруге болады.

Жалпы, қант диабетінің алдын алу үшін мынадай қағидаларды білу керек:

1. Стресс жағдайлардан аулақ болу;

2. Жаман әдеттерден (темекі шегу, алкоголь ішуден) арылу;

3. Дұрыс тамақтану;

4. Артық салмақтан және семіздік ауруынан арылу;

5. Вирусты жұқпалы аурулардан сақтану, ауру жұққан жағдайда дер кезінде емделу;

6. Созылмалы аурулардан емделу;

7. Күнделікті 5-6 шақырым жаяу жүру, спортпен айланысу.

Қазақстанда қант диабетінің салдарымен күресу үшін республикалық бюджеттен мол қаражат жұмсалып жатқанын да айта кету маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз Сімәділ

Дидар Хамза: «Дзюдо – өнер, дзюдо – өмір»
Бақытжан Мырзагелдиев: «Дәрігерлік құпия пациенттің өзінен өзгеге айтылмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу