Дидар Хамза: «Дзюдо – өнер, дзюдо – өмір»

Oinet.kz 22-12-2017 838

Screenshot_12.jpg

Дидар Хамза, дзюдошы, Әлем чемпионатының қола медаль иегері

Спорт – үлкен белес, үлкен биік, үлкен бағдар. Спорт биігіне әркімнің-ақ көтерілгісі келеді. Алайда, оның да өз қиындығы, алынбас асуы, бағынбас биігі бар. Асу-асу белдерді айналып өтіп, биікті бағындыру үшін қаншама ерік-жігер, талап керек екенін, тамшылап тер төгілетінін сол биікке ынта-ықыласымен ұмтылған жан ғана әңгімелеп бере алады. Біздің бүгінгі кейіпкердің жасы не бары жиырмада ғана. Алайда, осы жастың өзінде спорттың дзюдо деп аталатын саласында үлкен белестерден тіккен туы желбіреп жүрген спортшы. Біздің бүгінгі әңгімеде «Спортшының үлкен додаларға дайындығы қалай жүрмек?» деген тақырып төңірегінде сұхбат құрдық...

– Дидар, дзюдошының бір күні қалай өтеді?

– Қалыптағы адамдардан көп айырмашылығымыз жоқ (күледі). Дзюдошы болсын, жалпы өмірін спортқа арнаған кез-келген жанның өмірі жаттығулардан тұрады дер едім. Ертерек, межелі бір уақытта оянамыз. Адам бір уақытты меже қылып алса, ішкі биологиялық сағаты соған көндігеді. Сондықтан, спортшы үшін ең бірінші қағида, ең бірінші тәртіп – уақытылы ұйқыға жатып, уақытылы ояну дер едім. Оянған соң, міндетті түрде, денені қыздыратын, сергітетін жаттығулар жасаймыз. Оған, әдетте, жарты сағат, бір сағат уақытымыз кетеді. «Таңғы ас – тәңірден», – дейді, сондықтан, спортшы болсын, басқа болсын, таңғы асты міндетті түрде ішу керек. Спортшы есебінде, таңғы асты да күнделікті белгілі бір уақытта ішеміз. Ас сіңген соң, он – он жарымдарда жаттығу залына барып, өз саламыз бойынша түрлі жаттығулар жасаймыз. Бапкерлерімізбен кеңесеміз. Түскі ас уақыты да өзгермейді. Түскі астан соң, асты сіңіріп алып, денеміз тынығу үшін сәл-пәл көз шырымын алуға болады. Кешкі астан соң да, ас сіңіріп алғаннан кейін,  арнайы жаттығу залынан табыламыз. Жатар уақытта таза ауамен тыныстап,  серуендеп барып, ұйқыға бас қоямыз. Әр спортшының өз жаттығу бағдарламасы бар. Бір күні татами үстінде, кейбір кезде жалпы физикалық дайындықтан өтеміз. Жаттығулар мен дайындықтар арасында сабақ оқимыз, достарымызбен араласамыз, ата-аналарымыздың қасынан табыламыз...  

– Спортшы ретінде салмақ қуалайсыздар ғой. Ол сәттерде де арнайы диета ұстап, жаттығулар тізбесін құрайтын боларсыздар?

– Иә, салмақ қуалайтынымыз рас. Мәселен, осы әлем чемпионатында сегіз килограмм қудым. Яғни, чемпионат басталардың алдында сегіз килограмм салмақ тастауым керек болды. Спортшы үшін, әлсіреп қалмау маңызды. Сондықтан, салмақ қуалағанда, нан өнімдерін азайтқанымызбен, қуат беретін, нәрлі тағамдардан бас тартуға болмайды. Ет өнімдерін, қазы, қартадан бас тартпаймыз. Алкологольді ішімдік, газды сусын ішуге мүлдем болмайды. Жалпы, біздің спорт түрі бойынша айтар болсам, дзюдошы үшін нақты бір мына тағамды жеуге болады, ал мына бір түрін мүлдем жемеңіз деп үзілді-кесілді айта алмас едім.  

Спорттың қай түрінде болса да, салмақ ауыстыру спортшы үшін оңай емес. Ол салмаққа толыққанды бейімделіп, сол салмақтағы қарсыластарын зерттеп білу үшін де біраз уақыт кетеді. Өзіңіз білесіз, 73 салмақ дәрежесінде татамиге шығып жүрген мен, жақын арада 81 келі салмақ дәрежесіне ауыстым. Бұл салмаққа бірден үйренісіп кеттім деп айта алмаймын. Көбінесе физикалық мүмкіндік жетіспей, салмағымның өзі 77–78 бен тоқтап қалып жатыр. Сондықтан, қазір менде салмақ қуу деген, 81 кг салмақ дәрежесіне жетіп, соны ұстап тұру болып есептеледі. Салмақ қосу да оңай шаруа деп айтпас едім. Оның да өз физикалық реттілігі бар.  

– Салауатты өмір салты деген сіз үшін не?

– Салуатты өмір салты дегеніміз – адамның денсаулығына, күнделікті өмір салтына зияны тимейтін, адамның жаны да, тәні де қуанатын, жанын да, тәнін де байытатын өмір салтын ұстануы дер едім. Салауатты өмір салты деген – уақыты әрі денең толық тынығатындай ұйықтау, күллі тәніңе нәр беретін, бойыңа қуат сыйлайтын дұрыс тағамдармен тамақтану, күнделікті жаттығулардан қашпау, денсаулығыңда сәл кінарат барын байқасаң, бірден емдеу-сауықтыру шараларын жасау... Осылай кете береді.

– Әлем көз тігетін түрлі жарыстарға қатысып жүрсің. Жеңістің де, жеңілістің де дәмін таттың. Үлкен спорт алаңдары, үлкен жарыстар, үлкен додаларға қатысқан спортшыны қандай сезім тербейді?

– Мен барған ең үлкен дода – Рио Олимпиадасы. Әрине, ол кезде жүлделі орындардан көріне алмадым. Бірақ, ол олимпиадаға қатысуымның өзі үлкен олжа. Өзіңіз де білесіз, олимпиадаға қатысатыным туралы хабар, шара басталардың бір апта бұрын ғана жетті. Сондықтан, жалпы спортшы ретінде жаттығулар жасап жүргеніммен, бір күндік бабым келіспей қалған болуы керек, жүлделі орындардан көріне алмадым. Бірақ, алдағы олимпиадаға бар ынта-пейіліммен дайындалып, олимп биігінен көрінсем деген мақсатым бар.

Олимпиада ойындарынан өзге, спортшы ретінде үлкен спорт додаларына қатысып тұруың, сол додаларда топ жаруың да қажет іс. Осы орайда, 2018 жылы ересектер арасында өтетін Әлем чемпионаты және Азия ойындарында жүлдері орындардан көріну үшін жаттығып жүргенімді де айта кеткім келеді. Осы екі жарысқа үлкен дайындықты қазірден бастап та кеттік. Алайда, алдымдағы ең үлкен мақсат – 2020 жылғы Токио олимпиадасының жүлдесі дер едім.

– Осындай үлкен жарыстардан соң бойдағы күш-қуаттарыңды қалай қалпына келтіресіңдер?

– Арнайы тынығамыз. Тән тынығуынан өзге, жанның, мидың тынығуы да маңызды. Спортшыларға арналған арнайы демалыс орындарында түрлі тынығу шараларымен қатар, қалыпқа келу, жарақаттар болса, емдеу шараларын жасайды. Жалпы, қазақтың баласы ретінде ер жігіт бойындағы күш-қуатты қазы-қарта, қымыз-қымыран ішіп-ақ, жинай береді деген ойдамын. Сондықтан, үлкен додалардан соң, елге барып, ұлттық ас мәзірімізбен ауқаттанып отырған да пайдалы дер едім.    

– Дзюдошыларды негізінен қай ауру түрі жиірек мазалайды деп ойлайсыз?

– Спортшы болған соң, жарақат алуың мүмкін. Жалпы, жаттығу залдарынада шалт қимылдамай, денені бірте-бірте қыздырып барып, татамиге шығу маңызды. Азия чемпионатына барардан бұрын Қазақстанның жастар арасындағы чемпионатына қатысқан едім. Ел чемпионатының финалында аяғымнан жарақат алып қалып, 2-3 айға қатардан шығып қалған жайым бар. Құдайға шүкір, ота жасалды, арнайы күтім сатысынан өттік. Спортшы үшін денсаулықты күту, аяқасты жарақаттардан сақтанып жүру, ал денсаулығыңда кінарат байқала қалса, уағында дәрігерге көрініп, мән-жайды маманның аузынан естіп, сол маманның көмегімен ауруыңнан айығудың маңызы зор. Кейде, құрлықтық, әлемдік додаларға баруға небәрі бір-екі күн қалғанда жарақат алып, дәрігердің алдынан бір-ақ шығатын оқиғалар кездесіп тұрады. Сондықтан да, спортшы әрдайым дәрігердің ақыл-кеңесіне, жөн сілтеуіне тәуелді.

Ал, спортшы болсын, басқа болсын, нақты аурудың мына бір түрі көбірек иектейді деп үзілді-кесілді айтуға болмас.

– Әңгімеңе рахмет.

Әңгімелескен Қарагөз Серікқызы

Шенол Жәдік: «Нейрохирургияның жаңалықтары көп»
Жан Абылайұлы: «Диабет – өмірдің соңғы сатысы емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу