Шенол Жәдік: «Нейрохирургияның жаңалықтары көп»

Oinet.kz 22-12-2017 1090

Screenshot_28.jpg

Шенол Жәдік, Германиядағы Киль университеті ауруханасының нейрохирургі, Нейрохирургия факультеті директорының орын­ба­сары, медицина ғылымының докторы

Ең әуелі, оқырманға Германиядағы Киль университетін қысқаша таныстырып өтсек. Ол – Германияның үздік классикалық университеті және ғылыми орталығы. Университет құрамына 200-ге жуық ғылыми-зерттеу институты кіреді. Дүниежүзіне университеттің медицина факультеті өте танымал. Біздің кейіпкер осы универсиет ауруханасының нейрохирургы. 1971 жылы Майнцта дүниеге келген қазақ баласы. Әкесі – Абдулкерім Жа­рыл­ға­сынұлы, анасы – Жәмила Ази­мул­лахқызы, Түркия қазақтары. Атасы Жарылқасын Қытай арқылы Түркияға табан тіреген. Арғы бабалары Алтай бойын мекендеген.  

Шенол Жәдік Майнц қаласында екі жыл химия факультетінде білім алған. 1992-93 жылдары Ал­ма­ты­дағы С.Асфендияров атындағы ме­дицина университетінде оқыған. Кейін Германияға оралып, Майнц, Франкфурт универси­тет­терінің медицина факультеттерінде білімін жетілдіріп, 1999 жылы медицина фа­культетін тәмамдаған. Вис­ба­деннің Нейрохирургия емханасында жұмыс істей жүріп, Франкфурт уни­вер­ситетінің Ми хирургиясы бөлімінде біліктілігін арттырған. 2006 жылы Гамбург, Билефельд және Киль аурухана­ларында бас дәрігер қызметін ат­қарады. 2013 жылдан Киль уни­вер­ситеті емханасында нейрохирургия факультеті директорының орын­ба­сары болып қызмет етеді.

Германияда Түнай есімді қазақ қызымен бас қосып, Әлия, Нәйла, Рана және Мұхаммад Сами Юсуф есімді ұл-қыздар тәрбиелеп отыр...

– Шенол мырза, әңгімемізді бүгінгі Батыс медицинасының мүмкіндіктері мен заманауи жетістіктері туралы сұрақтан бастасақ. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы уақытпен салыстыра қарағанда, дәл өзіңіз қызмет етіп жүрген медицина саласында қандай тың жаңалық, өзгерістер бар?

– Медицина үшін отыз жыл – ұзақ уақыт. Отыз жылда көп нәрсе өзгереді. Қазір замануи технологияның дамығаны сондай, оншақты жылдың өзінде іргелі жаңалықтар жасалып жатыр. Нақты нейрохирургиядан әңгіме қозғасам, ми ауруларына диганоз жасауда, ауруды анықтау үшін компьютерлік, магниттік томографияда, рентгенге түсіруде көптеген жаңа өзгерістер бар. Бұрынғы технологияларда көрінбейтін, байқала бермейтін ауруларды тауып, диагнозын қойып жүрміз. Магнитті томография арқылы ми рактарына диагноз қоюға болады. Бұрын миды тек сырттай бақыласақ, қазір компьютерлі томография арқылы ішіне үңіле аламыз. Навигация құралдары арқылы мидың ішінде пайда болған ісік, зиянды затты табу үшін бастың кез келген бөлігін ашып қарамай, ісіктің қандай тереңдікте жатқанын алдын-ала көруге болады. Навигацияны қолданып, мидың оң жағында, сол жағында, түпкірінде орналасқан ісіктің пайда болу үдерісін бақылай аласыз.

Дәрі-дәрмек те өзгерді. Қазір 20-30 жыл адамзаттың ақыл-ойында жоқ дәрілер шықты. Ми ісіктерін емдеу үшін мүлдем жаңа дәрі түрлерін пайдаланамыз. Мүлдем емі жоқ қауіпті ми ісігі ауруларының емі түбегейлі табылмаса да, науқастың өмірін ұзартатын мүмкіндіктер молайып келеді. Науқас өмірін бірнеше айға ұзартудың өзі үлкен жетістік деп ойлаймын. Себебі, сол уақыт аралығында ісіктің таралу аймағы мен оны жоюдың себептерін зерттеуге мүмкіндік туады. Гамма-терапияның көмегімен қатерлі ісіктерді емдеу әдісі дамып келеді. Медицинадағы технология да біршама дамыды. Аппарат дерттің ошағын тек су­рет ретінде көрсетеді. Диагнозды аурудың даму деңгейіне қарай дәрігер қояды.

Қарапайым тілмен айтсам, ми ішіне су жиналатын ауру түрі бар. Жалпы, мида су көп болып кетуі де, азайып қалуы да қауіпті. Егер ол су жүрмей қалса, ми ішіне жинала бастайды. Ол ми жұмысына әсер етіп, науқас ұмытшақтық ауруына шалдығады да, жүре-бара аяқ-қолы қимылдаудан қалады. Міне, енді жаңа медициналық мүмкіндіктер арқылы миға жиналған суды терінің астынан қанның ішіне жіберуге болады. Жоғарыда айттым, ол судың көп ағып кетуі де қиын, аз ағуына да болмайды. Сол үшін, судың ағатұғын жолын кішкентай вентильдер арқылы сырттан бақылап отыруға болады. Бұл он-он бес жыл бұрын ойға келмейтін мүмкіндіктер еді.

Жалпы, ми – өте нәзік жаратылыс. Мәсе­лен, мидың қатерлі ісігін медицина тү­бегейлі емдеп жазған емес. Оның пайда болу себебі де толық дәлелденбеген. Мидағы қа­терлі ісікті алып тастап, ауырған жасушаға диагноз қоямыз.

– Миішілік оталар ең күрделі хирургиялық емдеуге жатады. Жалпы, жылына орта есеппен қанша адамға ота жасайсыз?

– Күніне 2-3 науқасты қабылдаймыз. Нейрохирургиялық операция дегенде, мидағы ісіктер, миға қан құйылу, мойындағы, белдегі, жұлындағы ауруларды емдейміз.

Сонда жылына орта есеппен 300-400-ге жуық адамды қабылдаймыз. Жиырма жылдың жүзі болды, осы салада еңбек етіп келемін. Осы уақыт аралығында төрт мыңдай науқасқа ота жасадым.

– Бүгінгі таңда нейрохирургтің көмегіне жүгінетін науқас саны қаншалықты көп? Ми қыртысы, жүйке жүйесі ауруларын туындататын не?

– Бүгінгі таңда нейрохирургтың көмегіне сүйенетін науқас саны артып келеді. Оның себебі, жаңа диагностикалық құрал-жабдықтар күн өткен сайын даму үстінде. Бұрын көрінбейтін, білінбейтін ауруларды қазір тез анықтай аламыз. Оның да ауру түрлерінің көбеюіне әсері болуы мүмкін.

Екіншіден, сыртқы факторлар да жетерлік. Үлкен қалаларда өмір сүру, автокөліктерден, зауыттардан шығап жатқан зиянды газдардың да адам денсаулығына, ми ауруларына әсері көп. Оған жыл сайын көбейіп келе жатқан неврологиялық науқастардың саны дәлел бола алады.

– Медициналық біліміңіздің бастауын Қазақстаннан алғаныңыздан хабардармыз. Қазақстанда қай жылдары оқыдыңыз? Біздің медицина білімінің жай-жапсары қандай екен?

– 1992-93 жылдары Қазақстанда оқыдым. Қазақстанда медициналық білімнің бастауыш сатысын алсам да, тек бірінші курсты оқысам да, атамекеннің маған берген білімі ұшан-теңіз. Германияға келіп, оқуымды жалғастырғанда еш қиыншылық көрмедім.

Маған осы күні де Қазақстаннан келетін науқастар біршама бар. Нақты бір нейрохирургия саласынан болмаса да, медицинаның басқа саласы бойынша дәрігер тауып беруімді өтінетіндер де бар. Осы жолда бірқатар отандастарыма көмектесіп, кейбіреуіне ота жасаған жағдайым да бар.

Сонда байқағаным, біріншіден, Қазақстанда медицинаға, дәрігерге онша сенім жоқ екен. Бәлкім, Қазақстанда дәрігерлер науқаспен көп ашылып сөйлесе бермейтін болар. Науқасқа аурудың жайын, емделудің жолдары мен ондағы тәуекелдерді, ота жасау кезіндегі барлық жағдайларды бүге-шігесіне дейін ашып, түсіндіріп беру керек. Мысалы, Германияда біз науқасқа барлық жағдайды жүз пайыз ашып айтамыз. Аурудың емін, тәуекелдерді ашып айтпасаңыз, күні ертең ота жасаған сәтте, күтпеген жағдай бола қалса, «Сіз маған мына жайтты ашып айтқан жоқсыз, егер сіз ескерткен жағдайда, емделмес едім» деп сізді сотқа берсе, жағдайыңыз қиын болады. Сондықтан, науқасты емдерде мықты маман дәрігер ғана емес, науқастың тілін тауып сөйлесе алар, коммуникатив тұлға бола білеуіңіз де маңызды.

Қазақстан Батыс елдерімен салыстыруға келмейтін, қай салада да жаңа дамып келе жатқан жас мемлекет. Заманауи құрал-жабдықтар, медициналық аппараттар мәселесінде де ең алдыңғы қатардан онша көріне бермейді. Сол мәселенің де барын мойындауымыз керек.

Бір жылдары маған Қазақстаннан миында кішкентай ісігі бар апай отаға келді. Мән-жайды анықтап, науқаспен сөйлесіп, келісімін алып, ота жасап, жансақтау бөлімінде жатқан кезінде, күтпеген жерден қан тамырлары жарылып, миына қан құйылды. Дәрігерлер жылдам қимылдап, дереу томография жасап, тездетіп ота залына жеткіздік. Науқасымыз есін жинап, жазылып кетті. Кейін сол апай «Мысалы, Алматыда осындай дертпен ота жасалып, аяқ асты осындай жағдай орын алса, маған дереу томография жасатып, ота жасай алмас еді. Себебі, бізде бір ауруханада бар құрал-жабдық екіншісінде бола бермейді» деді. Демек, медициналық замануи құрал-жабдықтармен барлық аурухана толық қамтамасыз етілмеген жағдайлар да бар деген сөз.

Енді бір жайтты айтпай өтпеуге болмас. Кейінгі құрылтайда Астанада болдық. Сол кезде Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен  Нейрохирургиялық орталықта нейрохирургтармен танысып, кездестік. Байқағаным, Қазақстан медицинасы жақсы дамып келеді екен. Қазақстандағы медицинаның болашағы жақсы, айқын көрінеді.

Ал, медициналық білім мәселесіне келер болсақ, Қазақстанда мен оқыған білім ордасының білім беру сапасы өте жақсы болған еді. Қазақстанда бір жыл тұрып, сол жерде оқып, Германияға оралып, оқуымды осында жалғастырғанда, еш қиналған жоқпын. Қазақстанда жақсы білім бергенін сонда ұқтым.

– Қазақстанға келгенде қазақ тілін қаншалықты дәрежеде меңгерген едіңіз? Тіл үйрену, қазақ ортасына сіңісу сізге қаншалықты қиын болды?

– Шетелде жүріп, аз да болса, тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап келеміз. Үлкен кісілеріміз қазақшаға жатық, жақсы сөйлейді. Иә, жастар қазақша онша жақсы сөйлей алмайды. Өйткені, қазақ тілін күнделікті өмірде онша көп қолданбаймыз. Сонда да тырысып, ата-бабаларымыздың әңгімелеріне құлақ қойып, қазақша әңгіме тыңдағанды қызық көрген, қазақ тіліне құмартқан құштарлығымыз бар еді. Германияда жүргенде бірде үйге Халифа Алтай атамыз келіп қонды. Жанында ұлты неміс түріктанушылар да бар екен. Сол кісілер Халифа Алтай атамызбен қазақша әңгімелесті. Әңгімені мен де тыңдап отырмын. Шамамен 17-18-дегі кезім. Қазақша ауызекі сөйлей алғаныммен, тілге жүйрік емеспін. «Басқа елдің адамдары менің ата тілімде қандай тамаша сөйлейді. Мен неге сөйлей алмаймын» деген намыс бойымды кернеді. Осылайша, қазақша үйрене бастадым. Сөйтіп жүргенде ұлты түрік түріктанушымен таныстым. Ол қазақша үйреніп жүр екен. Маған «Қазақша үйрет» деп ұсыныс жасады. Осылайша бірге қазақ тілінің грамматикасын жіліктеп, талдай бастадым. «Келе жатырмын» және «келдім» деген сөздердің неліктен олай айтылатынына дейін үңіліп, зерттедім. Ол да маған тәжірибе болды. Соның арасында Қазақстан тәуелсіздігін алып, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын шақырды. Германиядан жасақталған 35 адамның ішінде мен де Қазақстанға алып-ұшып жеттім. Біз түрік, неміс мектептерінде қазақша оқыған емеспіз. Қазақстанға барсақ, мектептен, балабақшадан қазақша оқыған, қазақшасы ғажап адамдар көп екен.

Енді мен қазақшаны Қазақстанда үйренейін деген шешімге келдім. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне құжаттарымды осылайша тапсырған едім. Бір жыл қазақ кафедрасында медицина ғылымын үйрендім. Германияда қазақша сөйлеп бастадым дегеніммен, мұнда келіп қазақша бірден оқып кету оңай болмады. Кейде, сабақта отырып, мұғалімнің не айтып отырғанын мүлдем түсінбейтін едім. Тақтаға әлдебір формулаларды жазғанда барып, формула арқылы профессордың не деп жатқанын бағамдайтынмын.

Қазақ тілі – ана тілім ғой. Алайда, мен білетін, үйренген тілдер бірнеше. Соның ішінде қазақша үйрену сондай ғажап күйге бөледі. Жалпы, қандай тілді үйренгенде де бір заңдылық бар. Жаңа сөзді сіңіру үшін оны бірнеше қайталап жаттап, ол сөзді бірнеше рет өзгелердің аузынан естіп, өзің де бірнеше рет сөзіңде қолдануың керек. Ол сөзді сол кезде ғана толық сіңіріп, емін-еркін қолдана аласың.

Ал, мен үшін қазақша сөздің қасиеті – әлгі сөзді естіген мезетте тез ұғып, түсініп, қолданып кеттім. Бәлкім, бабам тілі болған соң, қазақ тілін бір жыл ішінде жетік меңгеріп алған болармын.

Ал қазақ тілін үйренемін деген жастарға қазақтың халық әндерін тыңдауды ұсынар едім. Тіл білу үшін домбыра тартуды үй­рен­дім. «Адай», «Көңіл толқыны», «Ақ­қу» күйлерін тарта аламын. Қа­зақстаннан әкелген халық әндерін жаттап, үнемі айтып жүремін. Бұл да тілді ұмытпауға зор көмек.

– Қазақтың ғажап қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» тарихи шығармасында Сүйініш оғланның өзі көрмеген, білмеген отанын, туған жерін сағынып, құса болатыны жайлы айтатыны бар. Білмей, көрмей тұрып, атамекенді сағыну, атамекенді бір көрсем-ау деген сезім қаншалықты аяулы?

– Жаңа айттым ғой, 1992 жылы Дүниежүзі қазақ­тарының І құрылтайына қатыстым. Алғаш рет Қазақ елін көріп қатты қуан­дым, қатты қобалжыдым. Түркияда, Еу­ропада қазақшаны тек қана үл­кен­дердің аузынан еститінбіз. Мұнда барлығы қазақша сөйлейді. Қазақша тілдеседі, қазақша қуанып, қазақша мұңаяды.  

Біз, әрине, диаспора болып шетелде жүрдік. Шетелде туып өстік. Бірақ, ата-бабаларымыздың атамекенге деген сағынышына куә болып есейдік. Олардың атамекен туралы әңгімелері өте әсерлі еді. Қазақша ән айтып, туған жері туралы әңгімелегенде жанарларындағы мөлдіреген жасты байқайтынбыз. Аталарымызды, әкелерімізді соншалықты мұңға бөлеген нендей жер, нендей мекен екен деп таңданатынбыз. Мен Германияда тудым. Еуропадағы қазақ жастарының кейбірі Францияда, Данияда, Түркияда өмірге келген. Бірақ, бәріміздің басымыз қосыла қалса, жиын-тойларда міндетті түрде Қазақстан жайлы, қазақ даласы туралы ғажап әңгімелер тыңдайтынбыз. Сонда біздің туған жер алыста қалған Қазақстан екен ғой деп жүрегімізге нық түйіп өстік. Біздің бабаларымыз қарт Алтайды мекендеген екен. Оның ғажап сілемдерін, қаһарлы қысын, көркем табиғатын аталарымыздан талай естіп, көз алдымызға елестетіп есейдік. Әрине, көрмеген, білмеген, үлкендердің аузынан талай естіген атамекенге деген алдебір алақұйын сағыныш біздің жүректі де тербеді. «Қазақстан деген қандай ел екен, қандай жер екен?» деген іңкәр көңіл бізді де алыстағы атажұртымызға тартып тұратын.

Иә, біздің туған жеріміз басқа ел. Бұл жер бізді шеттеткен емес. Алайда, кеуде тұсыңдағы бір сағыныш сезімі қайда барсаң да сені тастамайтын. Мәселен, біз талай жыл Түркияда тұрдық. Түркияда әлі де туған-туыстарымыз көп. Түрікшені өте жақсы, тіпті еркін сөйлеймін. Мұсылман баласымыз. Сондықтан түріктермен бірге мешітке барып, бес уақыт парызыңды өтейсің. Сонда да түріктердің өзі бізді бірінші көргенде қытай, ең бері дегенде татар деп ойлайды. Сізді түрік деп емес, турист деп қабылдап, әу баста ағылшынша тіл қатады.

Ал, Германияда тіптен бөтен, өзге болып тұрасыз. Сондықтан, сені өзім деп бауырына басатын атамекенді іздейсің, аңсайсың. Ол сезім біздің бала күнімізде де болған, әлі де бар.

Сондықтан да, өзің көрмесең де, сол жерде тумасаң да, атамекеніңе баурап, қол бұлғап шақырып тұратын бір сезім әркез жаныңнан алыстамайды. Қазақстанға бірінші рет барғанда еш бөтенсімедім. Жан-жаққа қарасаң, бәрі өзіңе ұқсайды. Ешкім бөтен емес. Бәрі қазақша сөйлейді. Жасы, кәрісі, көшеде, банктерде қазақша тілдесіп кетіп бара жатады. Қаншама жыл аңсаған, естісем-ау деген қазақ сөзіне құлағыңның құрышы қанады. Бұл ғажап емес пе? Туған жерге, атамекенге, атажұртқа деген мендік сезім осындай.

– Еуропадағы қазақ жастары арасында дәрігерлер көп пе? Олармен араластығыңыз бар ма?

– Құдайға шүкір, Еуропадағы қазақ балалары ішінде жақсы оқығандары бар. Бірақ медицина ғылымын қуып келе жатқан жастар онша көп емес. Сол аз ғана топпен араласымыз бар.

Жалпы, осы жерде айтпасқа болмас. Еуропада білім іздеген талаптың жолын ешкім бөгемейді. Германияда тәртіп, дисциплина өте қатаң. Оқуға түстің бе, жоғарғы оқу орнына қабылдандың ба, белгілі бір тәртіпке бағынып, оқуың керек. Оқығың келмей ме, жолың ашық.

Еуропа қазақ жастарының барлығы оқып, жоғары білім алса деп армандаймын. Олардың зауыттардағы ортанқол еңбек күшіне айналғанын қаламаймын. Сізге айтайын, Германияның ең үздік университеттерінде білім алдым ғой, мұндағы неміс жастарының ең жақсы қасиеті – тәртіпке бағына білуінде. Әйтпесе, керемет бір зияткерлігінен, не болмаса асқан бір білімпаздығынан ерекшеленбейді. Біздің қазақ жастары да талаптанса, оқимын деп алдына асқақ мақсат қойып, оқыса, үлкен бір биіктерді бағындырар еді деп ойлаймын.     

– Қазір «Болашақ» бағдарламасымен Еуропа елдерінде, оның ішінде Германияда да білім алып жүрген жастар көп. Олармен байланыс бар ма?

– Әрине, бар. 10-15 жыл бұрын, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға келетін жастар легі басталғанда, Қазақстаннан білім қуған жастармен қарым-қатынасымыз түзу болды. Түрлі кездесулер, жиындар ұйымдастырдық. Білгенімізді айтуға тырыстық. Әлі де сол жылы, достық қарым-қатынасымызды үзбеген таныстарымыз көп. Олардың көбі қазір Қазақстанға оралып, білім мен білігін отанына арнап жүргенін көріп қуанамын.  

– Еуропада көп таныған дәрігер болу қаншалықты қиын?

– Ең әуелі білім алатын оқу орнына түсу қиын. «Талапты ерге нұр жауар» деген халық мақалы мұнда да өзекті. Германияда талапты адамға жағдайдың бәрі жасалған. Оқимын деген балаға бүкіл мүмкіндік бар. Университеттер ашық. «Кел, оқы» дейді. Сондықтан кім болса да, білім алуға тырысуы керек.

Біздің ата-аналарымыз атамекенінен айрылып, бір ғасырға жуық азғана уақытта, екі-үш мемлекеттің азаматы атанды. Сол жолда талай елдің суын ішіп, талай жұрттың шекарасын басып өтті. Күнкөрісі қиын болды. Көшіп-қонып жүріп, оқуға, білім алуға мұршалары келмеді.

Бірақ, бұл олар оқуды, білімді азамат болуды аңсамады дегенді білдірмесе керек.  Бала-шағасын жат елде дүниеге әкеліп, лайықты білім беріп, ата-ана қамқорлығына бөлеген әкелеріміз бізге «Балам, оқы!» дегенді көп айтты. Сондықтан біз де талаптанып оқыдық.

Иә, мұнда оқуға қабылдану біршама күрделі. Медицинада үздіктерді сұрыптап алады. Оқуға түскен соң, оқудың бар қиындығына төтеп беруің керек. Қиындықтарға мойымай, оқудан шығып қалмай, күндіз-түні оқуың керек. Тәртіппен жүріп, оқудың аяқтаған соң жұмысқа орналасудың өзі қиын. Жұмысқа орналассаңыз, онда да тәртіпті сақтау керек. Оқыдым, дипломым бар деуге болмайды. Осы салада жиырма жылдық тәжірибем бар. Сонда да асып-таспаймын. Себебі, медицина күнде өзгеріп отыратын ғылым. Медицинадағы жаңалықтардың барлығынан хабардар болып отыруың керек. Ол үшін өз салаң бойынша жаңа шыққан кітаптарды, журналдарды оқып, біліміңді одан әрі дамытуға тиіссің. Мен тек науқастарды емдеп қана қоймаймын. Қол астымда жас дәрігерлер, студенттер де бар. Оларға да үйретерім болуы тиіс. Университетте де ғылыми жұмыспен шұғылданатын шәкірттерім жетерлік. Оларға жол көрсетуім, статистикалық жұмыстарын бақылауым керек. Осының бәрі үшін әркез тынбай, талмай ізденуім қажет. 

Тәжірибе жылдар бойы жи­на­лады. Осы күні жастарға дәріс беріп, ота жасау, зерттеу жұмыстарына атса­лы­самын. Жас мамандарға талдау, сараптама, диаг­нос­тика, диагноз қоюды үйретемін. Ғы­лыми-зерттеулер нәтижесін зерт­ханада сынақтан өткіземін. Ми хи­рургиясы көбінесе, химио­тера­пияға негізделген емдеулер, омырт­қа хирургиясында имплантацияға бағытталған жаңа әдістер мен жаңа материалдарды қолдануға тыры­самын. Кейбір зерттеуді ауруханада жүргізу мүмкін емес. Сол себепті, үз­дік әдістердің нәтижесін Ал­ма­ниядағы және басқа да аймақтарда өтетін халықаралық конгрестерде баяндаймын. Мәселен, Бостонда Солтүстік Америка Омыртқа хирур­гиялық кеңесінің жиналысында бел омыртқасы жарығын емдеуге қа­тысты зерттеулерімді айттым. Банг­кокта өткен Азия елдерінің дәрі­герлері қатысқан конференцияда жасаған баяндамамды көп ел өз қажетіне жаратты. Халықаралық конференциялардың пайдасы – аурумен әлем болып бірге күресу, емдеу тәсілдерін үйрену. АҚШ-тың Фло­рида штатына нейрохирургияның жаңа емдеу әдістері туралы тәжірибеммен бөлісіп келдім. Мұның барлығы өзіңді, мамандығың бойынша біліктілігіңді шыңдау. Бұл Еуропа дәрігеріне ғана емес, адамдарды емдеймін деп ант берген барлық елдің дәрігер-маманына қойылған талап деуге болатын шығар.

– Әңгімеңізге көп рахмет!

 Әңгімелескен Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Аяш Байсұлтанова: «Ұзақ өмір сүру орындалмайтын арман емес»
Дидар Хамза: «Дзюдо – өнер, дзюдо – өмір»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу