Махамбет Бейсеуов: «Медицина – менің өмірім...»

Oinet.kz 22-11-2017 1488

Screenshot_19.jpg

Махамбет Бейсеуов, ОҚО, Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері

– Махамбет Әздезімұлы, оқырмандарға өз өміріңізді таныстырсақ. Бұл салаға қалай келдіңіз? 

– Біз оқушы кезде мектеп 10 жылдық болатын. 9 сыныптан кейін менде медицинаға деген қызығушылық пайда болды. Не әсер еткені есімде жоқ, әйтеуір дәрігер болғым келді. Сол арманның жетегінде 10 сыныпты бітірген соң 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтына барып құжат тапсырдым. Мектепті қызыл атестатқа бітіргеніммен бірінші жылы оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтып келіп қатардағы жұмысшы болып істедім. Екінші жылы тағы да емтиханнан өте алмадым. Сосын әскерге кеттім. Одан қайтып келгеннен кейін де мединститутқа қайтып бардым. 1989 жылы үшінші рет барып, «емдеу ісі» мамандығы бойынша студент атандым. Бір қызығы, сол кезде Шымкентте де медицина институты бар болатын. Арман қуған құрдастарыммен бірге Алматы асам да болар еді. Білмеймін, тағдырдың жазуы солай шығар. Құдай маған Қарағандыда білім алуды нәсіп етсе керек. 

– Ең бастысы дәрігер болу – өз қалауыңыз. Әке-шешеңіз ықпал еткен жоқ...

– Олардың медицинаға еш қатысы жоқ, өз қалауым. Әкем – бухгалтер, шешем – сауыншы болған. Өз жағымда да, нағашым жағынан да дәрігер болған ешкім жоқ. Аға-әпкелерімнің де таңдаулары медицинаға қатысты болмаған. Негізі медицина менің таңдауым ғана емес, өмірім де. Олай дейтінім жұбайым да дәрігер. Екеумізді табыстырған медицина, Қазығұрт ауданының қызы болғанымен оны Қарағандыда жолықтырғанмын.   

– Ер кезегі үшке дейін дегендей араға жылдар салып барып түсіпсіз. Бұл сіздің мамандығыңызға шын берілгендігіңіздің белгісі болса керек. Карьераңызды қалай бастағаныңыз есіңізде ме?  

– Әрине, қалай есте болмасын. Оқу бітірген соң бізге бір ай уақыт береді. Отыз күнде жұмысқа орнасуыңыз керек. Дипломым қолға тиген соң Оңтүстік Қазақстанға оралып, облыстық денсаулық сақтау департаментіне бардым. Бастық Иманәлі Байдаулетов еді. Алдына кіріп едім, туған жерім қай аудан екенін сұрады. Сосын әрі қарай екеуміздің арамыздағы әңгіме былай өрбіді: 

«Қалада қалатын ойың бар ма?». «Иә». «Онда Фосфоршылар ауруханасының жан сақтау бөліміне дәрігер болып барасың ба?». «Иә!». Қуана-қуана келісімімді бердім. Солай мен аурухананың перзентхана бөлімшесіне реаниматолог дәрігер болып бардым. Жауапкершілігі ауырлау жұмыс. Содан сол жерде жеті жыл істедім. Екі жыл білімімді жоғарылатып, клиникалық ординатураны терапия бойынша бітірдім. Қазіргі магистратура ғой. Сөйтіп Шымкент медицина институтына ауыстым. Үш жыл сабақ бердім, жұмыс істеп жүріп. Сосын Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына, толық практикалық жұмысқа ауыстым. Гастриаонтолог дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары болып істедім. Ал, 2013 жылдың сәуірінен бері Түлкібас аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері лауазымын атқарып келемін.

–  Мамандығыңыздың қай жағы көбірек ұнайды?

– Науқаспен тығыз қарым-қатынаста болсаңыз, істеген жұмысыңыздың нәтижесін көресіз. Сондықтан маған пациентпен жұмыс істеген ұнайды. Ауруынан айығып, үйіне күлімдеп кетіп бара жатса, тіпті емдеу ісіне құлшынысым арта түседі. Ондайда мүмкін емес нәрсе болмайтындай. Бүгінде мынау интернет деген жақсы болды ғой. Білмегеніңізді іздесеңіз, тауып ала қоясыз. Тіпті небір білікті шетелдік дәрігерлермен байланысып, олармен тәжірибе алмасуыңызға да болады.

Науқастың келісімінсіз ауру тарихын айтуға болмайды!

– Аудандық ауруханада науқасты емдеу кезінде білікті мамандардың кеңесіне жүгінетін кездер болатын шығар...

– Иә, жалпы медицина тәжірибе алмасу арқылы дамиды ғой. Қазір телемедицина жақсы жолға қойылған. Он шақты жыл болды, қолымыздан келмей жатса, сол телемедицинаның көмегімен облыс орталығындағы мамандардан кеңес аламыз. Ол үшін кезекші дәрігерге ұсыныс береміз. Айтылған уақытта облыстық клиникалық ауруханада, облыстық балалар ауруханасында қажетті мамандар жиналып он-лайн режимде қандай ем қолдану керектігін түсіндіреді. Осы екі облыстық ауруханада негізгі мамандар шоғырланған. Тіпті олардың сіздің әрекетіңізді бақылауға да мүмкіндігі бар. Науқасты үлкен экран арқылы тікелей көрсетіп, сөйлесе де алады. 

– Жылына қанша рет телемедицина көмегіне жүгінесіздер?

– Бір дәрігер аптасына бір мәрте көмек қажет етуі мүмкін. Өйткені, бізде хирургияда дәрігерлеріміздің мамандығы жалпы хирург қой. Науқастар бізге кімнің барын біліп түспейді. Біз қойған диагнозымызды хабарлап, қандай ем тағайындап жатқанымызды жеткіземіз. Сосын көмек беруші облыстық аурухана болса сол ұжымның білікті мамандары өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөліседі. Аурухана құрамында перзентхана болағн соң облыстық балалар ауруханасымен көбірек байланысамыз. 

– Науқаспен тығыз байланыста болған ұнайды дейсіз. Басшылық қызметіңіз дәрігерлік ісіңізге кедергі келтірмей ме? Емдеу ісінен қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– Ұйымдастыру жұмыстары емдеу ісіне араласуыма кедергі келтіретіні рас. Науқастарға күніне не бәрі бір-екі сағат қана арнай аламын. Олардың ортасына жиірек барғым келеді. Бірақ, оған қызмет мүмкіндік бермейді.

– Мединститутты бітірген кезіңізде Гиппократ антын қабылдаған шығарсыз. Сонда дәрігерлік құпия туралы айтылады емес пе? Жалпы, медицина маманы нені жария етпеуі керек?

– Дәрігерге науқастың келісімінсіз ауру тарихын жақын туысына болмаса, бөгде адамға айтуға рұқсат етілмейді. Оның төлқұжаттык деректерін, отбасы құпиясын жариялауға тыйым салынады. Сырқаттың диагнозын мәлімдегенде де аты-жөнін айтуға болмайды. Өйткені, науқастың тағдыры бір аурумен ғана шектелмейді ғой. Қоғамның оны қалай қабылдайтынын да бір сәт естен шығармау қажет. Мұндайда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бәрін жайып салу адамшылыққа да жатпайды. 

–  Қазақстанда дәрігерлік құпия қаншалықты сақталып жүр деп ойлайсыз?

– Негізі медицина мамандары дәрігерлік құпияны сақтауға тырысады. Бірақ, сұрау салып жанын қоймайтын журналистер заңды алға тартып, айтпауына амал қалдырмайды-ау. Сондықтан дәрігерлік құпия қатаң сақталады деп айта алмаймын. Ол тіпті кейде республикалық мемлекеттік телеарналарда да айтылып кетіп жатады...

Дәрігерлік қателікті болдырмаудың амалы – тәжірибе алмасу 

– Пациентпен жұмыс істеу қиын ба?

– Оңай емес. Бізге институтта «дәрігер психолог болуы керек» деп оқытатын. Науқастың ауруханаға күлімдеп келуі сирек кездесетін құбылыс. Жалпы, жаны ауырған адамның дәрігердің қабылдауына мәз болып кірмейтіні белгілі ғой. Қанша қабағы қатулы болса да сырқаттанушының жағдайына қарай бейімделуіміз керек. Қиналып келсе, оны қиналдыратын сұрақ қоймаған абзал. Көңілін көтеріп барып жағдайын сұраған жөн. «Жағдайым жаман» десе, қосыла жамандап, «иә, жағдайыңыз қиын, бұлай жалғаса берсе бұдан да жаман болады» деп қара аспанды төндірмей, жылап кірсе онымен қосылып жыламай, түсіністікпен қарау қажет. Пациент көңілі толмағанын білдіріп, ашуланып тұрса да сабырлық сақтап, жылы-жылы сөйлеуге тиіспіз. Міне, осындайда психолог болудың пайдасы зор. 

– Қалай ойлайсыз, дәрігер науқасты іздеу керек пе, әлде науқас дәрігерді ме?

– Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Бұл пациент дәрігерді өзі іздеп баруы керек деген сөз емес. Тек тұрғындар алдын ала медициналық тексерулерден өтіп, денсаулығын күтуі қажет. Бірақ, науқас ауырса немесе ауырғысы келмесе өзі іздеп келеді деп дәрігер де кабинетінде күтіп отыра бермеуі тиіс. Мүмкін, медициналық көмек қажет ететін адамның емханаға баруға денсаулығы жарамайтын шығар. Жағдайы нашар, көшеге шыға алмайтын болар. Сондай болса, медицина маманы науқасты үйіне іздеп баруы керек. Мүмкін, ол емханаға барып қаралу керектігін, қалай, қашан баратынын мүлдем білмейтін шығар. Түрлі жағдайлар болады ғой. Мысалы, күзде, күн салқындағанда қозатын жұқпалы аурулар болады. Оған шалдыққан адам емханаға келмеуі керек. Тіпті кішкентай бала да балабақшаға бармауы тиіс. 

– Сіз дәрігерсіз ғой, «аурухананы бас дәрігер емес, менеджер басқрауы тиіс» деген пікірмен келіспейтін шығарсыз...

– Шетелдік тәжірибелерден көрген-білгенімізді біздің елде де енгізгісі келетіндер бар. Меніңше, медициналық білімі жоқ болса, менеджердің басқарғаны дұрыс емес. Одан да басқарушылық қабілеті бас бас дәрігердің жетекшілік еткені дұрыс.

– Дәрігерлік қателік деген ұғым бар, одан ешкім сақтандырылмаған. Дегенмен, дәрігерлік қателікті болдырмаудың, алдын алудың жолы бар ма?

– Бар. Дәрігерлік қателікті болдырмаудың басты амалы – өзімбілермендікке салынбау. Білмегеніңді сұраудың, айтудың айыбы жоқ. Өйткені, адам денсаулығы қателессем түзей салармын дейтіндей жасанды зат емес. Ол – бір адамның өмірі, тіпті тағдыры да дәрігердің әрекетіне қарай ұласуы да мүмкін. Бір адамның өмірі ғана емес, оның артында отбасы, ұрпағы тұрса, тіпті қиын. Сондықтан да ұжымдағы әріптестеріме «Тәжірибе алмасыңыздар, көрген-білгені мол маманнан сұраңыздар. Қажет болса, облыс орталығымен тікелей байланыстыратын телемедицинаның көмегіне жүгініңіздер» деп айтудан жалықпаймын. Өзім де білмегенімді сұраймын. «Бізде мынадай жағдай болып жатыр. Сіздердың практикаларыңызда кездесіп пе еді? Мұндай кезде қандай ем қолданған дұрыс?» деп интернет арқылы да елдегі, тіпті Ресейдегі, ТМД аумағындағы әріптестерімнен кеңес сұрайтын кездерім болады. 

Биыл бес дәрігер жеңілдікпен үй алды...

– Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «дәрігерлердің жалақысын министрлік шешпейді, оның көлемін сол емдеу мекемесінің басшыны белгілеуі тиіс» деп айтып жүр. Қалай ойлайсыз, еңбекті бағалаудың осы әдісі дұрыс па?

– Дұрыс емес деп айта алмаймын. Бұл медицина мамандарын ынталандыру мақсатында жасалатын қадам болса керек. Әйтпесе, ауылдық жерлерде бір-ақ маман тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. Оны «дәрігерлік көмегіңізге жүгінетіндер аз, сондықтан айлығыңыз да аз болады» деп, жұмыстан қысқартып тастауға тағы болмайды. Немесе биыл өршіп кеткен жұқпалы аурулар келесі жылы болмауы мүмкін. Өйткені, «аузы күйген үрлеп ішеді», тұрғындар да оның себеп-салдарына үңіліп, қайтып ауырмаудың амалын қарастырады ғой. Сонда оған биыл жоғары жалақы тағайындап, келесі жылы төмен жалақы беруіміз керек пе? Оның кінәсі жоқ қой. Сондықтан, жалақы тағайындауда министр айтқандай емдеу мекемесінің басшысына ерік берілсе, бұл жағын да ескеріп, «жеті өлшеп, бір кескен» дұрыс-ау. Әйтпесе, қажет емес деп алып тастап, енді қайта қалпына келтіріп жатқан педиатрия сияқты болып қалуы мүкін...

– Түлкібас ауданында қандай ауру түрлері көп кездеседі? 

– Таулы аймақ болғаннан кейін қан қысымы жоғары адамдар көп. Соңғы екі жылда бүйрек жетіспеушілігі аурулары көбейіп барады. Осы бағытта көбірек жұмыстар атқаруымыз керек. Мүмкін, біз ойлағандай таудың табиғатынан емес, өмірдегі түрлі стрестерден, жүйкеге артық салмақ түскеннен, басқа да қоғамдық әсерлерінен көбейіп бара жатқан болар. Адамдарды қосымша тексерулерден өткізіп, оның себеп-салдарын зерделеуіміз қажет. Ал, онкологиялық дерттер, туберкулез жылдан жылға азайып келеді. 

– Дәрігерлер алдына барған адамға, емдеген пациентіне салауатты өмір салтын ұстану керектігін айтып, денсаулығын күтуге көп кеңес береді. Қалай ойлайсыз, медицина мамандары өмірде сол айтқандарын өздері орындай ма? 

– Айта алмаймын. Олардың оған уақыттар да жетпейтін шығар. Олар да пенде ғой... 

– Ауылды жерлерде медицина мамандары тұрақтамайды деп жатамыз. Түлкібас ауданында да сондай ма? 

– Ауылда маман тұрақтамайды деген пікірмен келісе алмаймын. Бұған дейін солай болған шығар. Қазір «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы өте тиімді жүзеге асырылып жатыр. Алқашқы қаржылай көмек беріледі. Бұған дейін көп болмаса да әжетіне жаратуға жететін. Енді 2018 жылдан бастап 1 миллион теңгеден берілмекші. Бұл тек Оңтүстік Қазақстанда ғана. Одан басқа аудан тарапынан коммуналды төлемдеріне ақша бөлінеді. Жер аламын, үй саламын десе оған да қосымша қолдау көрсетіледі. Биылдың өзінде ауданда қарастырылған жеңілдіктермен 5 дәрігер үй алды. 

– Уақытыңызды арнап, сыр бөліскеніңізге рақмет!

Баян Дүйсебекова: «Жедел-жәрдем қызметінің мүмкіндігі зор»
Аяш Байсұлтанова: «Ұзақ өмір сүру орындалмайтын арман емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу