Данияр Саламат: «Қазіргі қазақ киногерлері ұлтты іштей емес, сырттай зерттейді»

Oinet.kz 24-04-2014 895

Біздің қоғамда өзін жарқыратып көрсете бермейтін, бірақ іші қазына дерлік жақсы буын бар. Әдебиетте де, өнерде де, мәдениетте де. Осы буын ақырындап-ақырындап ұлт руханиятының бағытын айқындап келе жатыр. Қазығына айналып келеді. Данияр Саламат та – осы буынның жарқын өкілі.Сөзімен де, ісімен де қазақ рухына қызмет етіп жүрген азамат. Сұрақтарымызға берген шынайы жауаптарына ырза болдық.

Screenshot_19.jpg

Рейтинг: Қазіргі қазақ киносы қайда бара жатыр? Бағыты қандай?

Данияр Саламат: Қазіргі бағыты ма... Бұрыс дейін десем, қаншама кино жасап жатқан экран шеберлері бар: аға буын, орта буын, желкілдеп өсіп, қасымыздан желіп өтіп бара жатқан жастар дегендей...Олардың еңбегін қалай жоққа шығарамын? Ал... дұрыс дейін десем... тілім икемге келмей қатты қиналам, іште қам кесек жатыр сыз тартып. Яғни, қазіргі қазақ киносының бет алысымен келіспеймін...

Аз ойланып, қазіргі қазақ киносын екі ірі ағыс-бағытқа бөліп саралауға болады:

Бірінші бағыт – коммерциялық табысты көздейтін, көрермендерге арналған, жанрлық сипатта (комедия, экшн, балаларға арналған) жасалып жатқан фильмдер.

Екінші бағыт – мемлекеттің саясатын ашық қуаттайтын плакаттық фильмдер.

Алғашқы бағыт ұстанғандағы мақсат – кино мен көрерменнің арасын жақындату, яғни, көрермендерді кинотеатрларға көптеп тарту ізгі ойынан туса керек. Бірақ ол мүлдем басқа сипаттта жүргізілді. Фильмдер түсіру барысында негізінен голивудтық ұстанымды, американдық модельді қолданды. Бұл, әрине, дұрыс емес еді. Біріншіден, біз қанша тырысып, тыраштансақ та, голливудттық фильмдерден асып түсетін, болмаса онымен бәсекеге түсіп, тізгін қағыстыратын фильмдер түсіре алмаймыз. Өйткені, жүз жылдық тарихы мен өзіндік мақсаты бар Голливуд бәрібір бізді шаң қаптырып кетер еді. Бізді ғана емес, үлкен-үлкен киноиндустриясы жолға қойылған елдер онымен бәсекелескен емес, тек жекелеген киногерлер ғана сол аталған алып киноқалашыққа барып бақтарын сынай алады. Екіншіден, ол модель – біреудікі, біреудің салған жолының шаңын көтеріп қайтеміз? Өз жолымыз қайда?

Өз жолымыз дегенннен шығады. Бұрынғы постсәбеттік кеңістіктегі біраз жұрт өз бағытын іздеп шарқ ұруда. Соның бірі – Өзбекстан. Сонау тоқырау жылдары біздің болашақ киногерлеріміз астына қосқабат көрпе салып, «видиктің» алдында жантайып жатып «боевик» көріп жатқанда, олар көк шайларын сораптап отырып «башмаштарын» қайталап көріп жатқан. Соның әсерімен олар бүгінде өз фильмдерімен, өзіндік фильмдерімен рухтарын байытып отыр. Қазір барып еліндегі кинотеатрларын көрсеңіз, әлем-жәлем жарнама тақтайшаларынан алашапанды жеткіншектің күліп тұрған  суретін көресіз. Бұл халық түгелге жуық өз фильмдерін көреді. Моделі біз ұстанған амрикалық емес, өзіндік. Сюжеттік қиылыстары сәл үнді фильмдеріне тартып кететіні болмаса, салты, санасы, тілі, ділі әдемі өрілген өзбек фильмдері. Олар голливудтық фильмдерді тіпті көрмейді десе де болады. Қайтсін көріп? Олар біз секілді сана-милары орыс киносымен жуылып, голливудпен шайылған жоқ, өз бағыттарын, қалыптастыра білді, көрермендерін де соған ұйыта білді. Тіпті қазақтарды да ұйытты десе болады («Зухра», «Суперкеліншек» фильмдерін еске түсіріңіз) туындыларымен.

Әрине, оларда да кемшіліктер бар. Фильмдері түгелге жуық пайда табу үшін көрермен жетегінде кеткен соң, оқиға, сюжет барысын сентиментальдық әрекеттер, қисындар жаулап алған. Сол себепті де көркем фильмге тән қуаттылықты жоғалтып алды. Авторлық фильмдері жоқтың қасы. Бірақ алған беттері дұрыс, әзірге рухтарын бекіту жолында олар, сосын жандарын байытатын фильмдерін де түсірер.

Қырғыз фильмдері де негізінен дәл осындай бағытта. Бірақ олар таразы басын тең ұстады. Олар өздеріне тән көрермендерге арналған халықтық фильмдермен қоса, авторлық бағытты қатар алып жүрді. Ол елде тоқсаныншы жылдың аяғы, екі мыңыншы жылдардың бас кезінде авторлық фильмдердің хас шебері  Ақтан Арын Кубат деген азамат бір топ жасты жинап, арт-хаус фильмдер шеберханасын құрды. Қазіргі қырғыз фильмдерінің негізін қалап, шаңырағын ұстап тұрған біраз жас сонда тәрбиеленді. Ақтан оларға шетелден гранттар тарты, «Қырғызфильм» хал-қадірінше көмектесті.

Ал екінші бағыт туралы... бағыттың өзі-ақ айтып тұр ғой. Біздің елде фильмдерге қаржы бөлетін мемлекет болған соң, ондай фильмдер жасаған жөн де шығар... Бірақ... көркемдік қазаға ұшырайды мұндайда. Көркемдігі жоқ «көркем туындылар» не үшін? Мұндай жағдайда біздің киногерлер көркемдік қағидаларынан ауытқып, ода айтып кетеді. Ал көркем дүниенің миссиясы бір кезеңмен емес, мәңгілікпен өлшенуі керек. Бірін мен де жасағанмын. «Бәйтеректі» айтам... «Өгізді де өлтірмеуге, арбаны да сындырмауға» тырысқам сонда...

Рейтинг: Ал осы бағыт әлемдік кино өндірісінің даму бағытымен үйлесе ме?

Данияр Саламат: «Үйлеспейді» дейді менің ішкі ойым...  Әлемдік киноиндустрияның мен ұққан екі жолы – екі ұстанымы бар. Бірі – әлгі айтқан голливудтық, яғни, жанрлық. Қазіргі біздің қазақ киносының ұстанғаны осы. Мұндағы басты мақсат – қарабайырлау айтқанда көрерменге жағу, әлемдік кино нарығын жаулау. Оның нәтижесі – көбірек қаржы жіберіп, одан да көп пайда табу. Ал пайда табу үшін сенің еліңде бір тілде кино тамашалайтын адамдардың саны, долбарлап айтқанда, екі жүз миллионнан асуы керек!  Ондай адам қайда бізде? 

Екінші ұстаным – интеллектуалдық. Мұнда алдыңғы планға фильмнің сыртқы жарқылдақ бейнесі, яғни, материалдық игілік емес, ішкі көркем қуаты шығады. Яғни, арт-хаустық фильмдер. Кино өнерінің, жалпы көркемдік атаулының ұстанғаны – осы бағыт. Бұл бағыт материалдық игіліктен ада деп те айтпаймыз. Түсінген адамға материалдық игіліктің қайнар көзі осында. Бұған мысал ретінде әйгілі Иран режиссері Жафар Панахидың бар болғаны 10-ақ мың долларға түсірген «Шеңбер» атты фильмі 2000 жылы Венеция фестивалінде «Алтын арыстанды» алған соң, 40-тан астам елге сатылғанын айтсақ та жеткілікті болар. Жер-жерде даңқы шартарапқа кетіп жатқан ірілі-ұсақты кинофестивальдер тек осы соңғы бағыттың игілігіне бола ұйымдастырылады. Мұндай фильмдер – ақыл-ойдың көрінісі, даналықтың өлшемі.

Қазақ киносы осы соңғы бағытты ту қылып ұстануы тиіс. Біздің елге барлық тұрғыдан тиімдісі де, ұтымдысы да сол. Өзі арзан, өзі нәтижелі. Көрерменсіз де емес. Қалай ойлайсыз, әлемге ақылмен атымыз жайылғаны жөн бе, «қарумен» бе?

Рейтинг: Өз ойыңызша, қазіргі қазақ киносы қандай болуға тиіс?

Данияр Саламат: Ұлттық, ұлттық, және ұлттық болуға тиіс! Қазақ киногерлері өз ұлтының жандарына үңілуі керек. Әдебиетін саралау керек. Ұлт жанын зерттеудегі қазақ әдебиеті қалыптастырған рухани институт деңгейінде болуы керек қазақ киносы. Тілін, білін, әдебиетін жетік білмеген кинорежиссер ұлт жанының айнасы бола алмайды. Қазіргі қазақ киногерлері ұлтты іштей емес, сырттай зерттейді. Тілін меңгермеген жан ішіне қалай кірсін?

Мына бір Нұртас Адамбаев деген бір қазақ бар. О баланың киноға қатысы жоқ, бірақ теледидарда әйтеуір бағдарламалары арқылы қазақты келемеждейді де жатады. Онысын бұл мазақ емес, сын деп ұғындырғысы келеді. Өзі қазақша бір ауыз білмейді. Қазақша білетін қазақ қана туған ұлтын сынауға хұқылы, олардікі – сын! Ал қазақша білмесең, оған қандай моральдік  хұқың бар, сенікі сын емес, мазақ болғаны! Кинода да осы ұстаным берік ұсталуы тиіс! Бұл – ұлы Абайдың ұстанымы!

Рейтинг: Кинонарық. Осы нарықты меңгеру үшін қазақ киносы таза қазақы қалыптан шыққаны жөн бе?

Данияр Саламат: Керісінше! Кинонарықты игеру үшін қазақы қалыпты тапқан жөн.

Рейтинг: Түрлі жанрда фильм түсіріп көрдіңіз. Стихияңыз «Бәйтерек» емес, «Әкем екеуіміз» екенін байқаймыз. Енді қандай фильм түсіргіңіз келеді? «Аштық» сценарийімен таныспыз,  бұл тақырыпты қашан қолға алмақсыз?

Данияр Саламат: Рас... Мен авторлық киноның өкілі санаймын өзімді. Бұл бағытта «Жөшә», «Әкем екеуіміз», «Кішкентай» деп аталатын үш фильм түсірдім. Рахаттана жүріп түсірдім. Соңғысы екі жыл бұрынғы «Еуразия» кинофестивальінің конкурстық фильмдер аясында ғана санаулы адамға көрсетілді. Содан кейін кейбір жан атын ғана естігені болмаса, сол жабулы күйінде жатыр, тіпті видеоданасы да жоқ.

Бізде авторлық фильм көрермендерге арналмаған деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Мүлдем олай емес. Олар – фильмнің төресі. Ол сан қабатты болуы тиіс. Ол қабаттар әр көрерменнің қажеттілігін атқаруы керек. Ойланғыңыз келмесе, сюжетін ғана тамашалап кетуіңізге болады...  Ал тереңіне бойлай алсаңыз тіпті жақсы. Оны сан қайталап көруге болады, көрген сайын бір жоғыңызды тауып отырасыз... 

Жанрлық бағытта да біраз жұмыс істеп көрдім. Қазір «Қазақфильм» қоржынында бір сценарийім жатыр. Ал өзіңізге таныс «Аштық» сценарийін киноға айналдыру – арманым. «Келесі туар перзентім данышпан болады» деп күтетін ақ көңіл анадай толғатудамын бүгін...

Рейтинг: Данияр Саламат режиссер ғана емес, жазушы. Жазғандарыңыз неге көрінбей кетті?

Данияр Саламат: Рахмет. Жазушылық үлкен абырой, кол жетпес шың ғой... Бірді-екілі әңгімем жарияланғаны болмаса, бұл салада түк те бітірмедім. Ол тынымсыз еңбекті, тұрақтылықты, терең білімді қажет етеді. Солар менде аздау болды. Әдебиетке обал жасадым. 

Театр драматургиясына арнап ептеп еңбектеніп жатырмын осы күні. «Әкімнің аты» атты комедияның жоспарын жасап қойдым. «Кәрі ағаштың көлеңкесі» атты драма-памфлетті құшырлана жазып жатырмын... Ал қасиетіңнен айналайын прозаның алдында ұяттымын. Күнәлімін.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Өктем Алтаев: «Алып қашып, кейіннен құда түстім»
Өскенәлі Панзарбек: «Ауылшаруашылық жерлері түгенделуде»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу