Раушан Жылқышиева: «Қазір медицина көп ізденісті қажет етеді»
Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында денсаулық сақтау саласының бір топ ардагерлері болып, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттталды. Өңір басшысының қолынан марапат алғандардың қатарында Раушан Жылқышиева да бар.
Раушан Жылқышиеваны өңірдегі ақ халаттыларға таныстырып жату артық. Біз Раушан Әбжапарқызының өзімен сұхбаттасып, қазіргі медицинаның дамуы жөнінде пікір сұраған едік.
-Мен медицинадағы еңбек жолымды институтты бітірген соң қарапайым учаскелік дәрігер қызметінен бастадым,-деді Раушан Әбжапарқызы.
- Өсу баспалдағым «Фосфор» ауруханасына қарасты №3 емхананың меңгерушісі болудан өрбіді, одан кейін жоғарыда аталған ауруханада бас дәрігердің орынбасары қызметін атқардым. Кейінірек облыстық ауруханаға бас дәрігердің орынбасарлығына шақырылдым. 2003 жылдан бастап облыстық диагностикалық орталықтың бас дәрігері болып істедім. Жалпы медицинадағы стажым 35 жылды құрапты. Құдайға шүкір, еткен еңбек, төккен тер уақтысында министрлік, жергілікті әкімшілік тарапынан жаман бағаланған жоқ деп ойлаймын. Дәрігерлерді зейнеткерлікке шыққан кейін де елеп-ескеріп, медалмен марапаттап жатқан облыс басшылығына ризашылығымызды білдіреміз.
- 35 жыл дегеніңіз әрине, аз емес. Сіз еңбек жолыңызды одақ кезінен бастадыңыз. Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінде медициналық мекемелерде басшылық қызметтерді атқардыңыз. Айтыңызшы кеңестік кезең мен қазіргі медицина арасында айырмашылық көп бе?
- Айырмашылық көп. Жалпы кеңестік медицинаның мықты болғандығы рас. Одақ кезінде бүгінгідей жоғары қондырғылар жоқ еді. Дәрігерлерде рентген мен жүрек қағысын көрсететін ЭКГ-дан басқа құрал жабдық болмады. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің біліктілігінің жоғары болуын талап етті. Сол себепті одақ кезіндегі дәрігерлер көп ізденді, өте терең білімімен ерекшеленді. Қазір аудандық ауруханалардың өздері де бұрын-соңды естіп-білмеген қондырғылармен толығып жатыр. МРТ, УЗИ-дің түр-түрі бар. Қазіргі дәрігерлер осы қондырғылардың көмегіне көп жүгінеді.
Ол заман мен бұл заманның медицинасын қаржылдандыруда да өзгешелік көп. Одақ кезінде білім, мәдениет, денсаулық салаларына бюджет қаржысының қалған-құтқаны ғана бұйыратын. Ал қазір әлеуметтік салаға қаржы бірінші кезекте бөлінеді. Мұның ішінде медицинаға қаншама миллиардттар бағытталып жатыр. Жаңа ауруханалар, емханалар, ауылдық жерлерде медициналық пункттер салынуда. Мұндайды одақ кезінде армандауға ғана болатын еді. Осының бәрі мемлекетіміздің дамығанының, денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөліп жатқанының белгісі. \
- Дегенмен бүгінгі медицинаның проблемасы да жоқ емес шығар...
- Проблема барлық уақытта болады. Мәселен, қазір емханаларға педиаторлар қайта оралды. Терапевт пен педиатордың жұмысын қосу дұрыс шешім болған жоқ. Өйткені терапевт кішкентай балалардың жай-күйінен дәл педиатор сияқты жетік білмейді. Мен уақтысында терапевт болып істегенмін. Терапевт пен педиатор екеуінің жұмысындағы ерекшеліктерді жақсы білемін. Сондықтан педаиаторлардың емханаларға оралып, бұрынғысынша балаларды қабылдай бастағаны өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. 2-3 жыл болды бізде жүкті әйелдерге кеңес беру қызметі қысқартылды. Баланың денсаулығы анасының жатырында қалыптасады. Сондықтан аяғы ауыр әйелді жалпы көпшілікпен бірге емханада, ұзақ-сонар кезекке тұрғызып емес, арнайы мекемеде, кәсіби маман қарауы тиіс деп ойлаймын. Әйелдерге кеңес беру қызметін қайта ашқан дұрыс.
- Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде әріптестеріңізге не айтасыз?
- Мереке құтты болсын! Әрбір ақ халатты абзал жанның отбасына амандық, өздеріне денсаулық тілеймін. Бүкіл елдің денсаулығы, түптеп келгенде болашағы өз қолдарыңызда екендігін ұмытпаңыздар. Осы жауапкершілікті терең сезініңіздер деймін. Қазір жаңа технологиялардың заманы. Медицина күн санап жаңарып, дамып жатыр. Бұл ағымға ілесу, жаңа технологияларды меңгеру дәрігерлерге зор ізденісті қажет етеді. Әріптестеріме осы бағытта қажымас қайрат, табыс тілеймін.
- Әңгімеңізге рахмет!