Мәдина Балғабаева, тележүргізуші: «Жасымды ешқашан жасырған емеспін»

Oinet.kz 20-06-2017 1346

Screenshot_5.jpg

Қазақстандағы ең әдемі он тележүргізушінің бірі Мәдина Балғабаев он жеті жылдан бері көрерменнің көз алдында. Ол бүгінде «КТК» телеарнасының сәні, әрі әріптестерінің мақтанышы. 

Бір қызығы, жұрт алдында жүрген танымал қыз-келіншектер өзінің табиғи жасын құпия ұстауға тырысса, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің түсінігі мүлдем басқа. «Әр жастың өзіне тән рахаты болады, соны сезіне білу керек» дейді Мәдина Балғабаева.

– Алғаш рет тікелей эфирге қай жылы шықтыңыз?

–Тікелей эфирге алғаш рет 2000 жылы наурыз айында шықтым. Міне, одан бері де он жеті жыл зырлап өте шығыпты. Тікелей эфир деген шоу бизнес емес. Эфирдің жауапкершілігі де, талабы да өте жоғары.

– Қазіргі телеарналарды әншілер «жаулап» алғанын білесіз. Мәселен, сізге шоу бағдарлама жүргізуге ұсыныс түссе, қабылдайсыз ба?

– Түрлі шоу бағдарламаларды жүргізуге ұсыныс көп түседі. Ұсыныс түскен соң, оны әбден сүзгіден өткіземін. Әзірге көңілімнен шығатын, қолайыма жағатын шоу бағдарлама болған емес. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Сондықтан,жаңалықтардан басқа салаға ауысу ойымда жоқ.

Жаңалықтар дегеніңіз, маусымдық бағдарлама емес. Бұған күнделікті бап пен дайындық қажет. «КТК» телеарнасына жұмысқа шақырғанда «бір апта эфирде болсам, келесі аптада эфирден босатасыз» деп басшылыққа шарт қойдым. Өйткені балам ержетті, өзіме де күтім керек, үйдің шаруасы шығады, қосымша айналысатын кәсібімтағы бар. 

Телеарнаның басшылығына рахмет, түсіністікпен қарап, келісім берді. Бір апта эфирде болсам, келесі аптада жеке шаруаммен айналысып жүрмін. 

– Егер құпия болмаса айтыңызшы, жүргізушіліктен басқа тағы қандай кәсіппен айналысасыз?

– Сіңілім екеуміз ашқан туристік фирмамыз бар. Жұмыс қайнап жатыр. Бәріне үлгеруім керек. Алдағы уақытта кәсіби тележүргізушілер дайындайтын курс ашсам ба деймін. Эфирге шығып жүргеніне көп болмаса да, мектеп ашып жатқандар бар қой, ал бұған менің білімім де, тәжірибем де жетеді. Айына бес адамға дәріс берсем де жеткілікті. 

– Спортпен айналысатыныңзы білеміз. Жаттығу залындағы суреттеріңізді әлеуметтік желіден жиі көреміз. Қалыпты форманы сақтауды қазіргі жұмысыңыз міндеттей ме?

– Спортты, дәлірек айтқанда, фитнесті жаным сүйеді. Жуырда бодибилдинг федерациясынан ресми ұсыныс түсіп, жарысқа қатысуымды өтінді. Спортпен кәсіби түрде шұғылданатын, дене бітімі мінсіз қыз-келіншектердің жарысына. Алайда бұл ұсыныстан бас тарттым. «Кешіріңіздер, мен – журналистпін. Ел алдына жиі шығамын. Мойныма жүктелген жауапкершілік бар. Жұрт алдына жалаңаштанып шықсам, көрермендерім мұны дұрыс қабылдамайды» дедім сыпайылап.

Жалпы, жарысқа қатысып жүлделі орын алу үшін емес, өз денсаулығымды жақсартып, сымбатымды сақтау үшін ғана фитнеспен айналысамын.

– Фитнеске аптасына неше мәрте барасыз?

– Аптасына үш-төрт рет міндетті түрде барамын. Әйел адам отыз бес жастан асқан соң ағзасында гармондық өзгерістер болады. Сыры мен сымбаты кеми бастайды. Мұны тежейтін – спорт. Ел алдында жүрген адам болғандықтан, бізге екі есе жауапкершілік жүктеледі. Эфирдің тәрбие құралы екенін ескерсек, дұрыс сөйлеумен қатар сымбатымызға да сын болмауы керек. Менің өн бойымда қажетті бұлшық еттің бәрі бар. Бицепс (иықтың бұлшық еті), трицепс (қолдың бұлшық еті) бәрі орнында. Мен осы бұлшық еттерімді қалыпты ұстау үшін жаттығамын. Кейде менде де залға баруға мүмкіндік болмай қалады. Бірақ бұл сылтау емес. Бір шақырым жер жаяу жүрсем, соның өзі пайдалы.

Денсаулықтың ең басты жауы – жалқаулық. Жалқаулар «фитнеске барайын десем, уақытым жоқ» деп ақталады. Тіпті жаяу жүрудің өзі фитнес екенін айттым ғой. Алматының ішінде жүздеген шақырым тротуар жатқан жоқ па?! Бізде жаяу жүру мәдениеті қалыптаспаған. Сенбесеңіз, бақылап көріңізші, жаяу жүрудіспорт деп қабылдайтын бірен-саран адамды ғана байқайсыз. Құрбыларымның құлақ етін жеуден шаршаған емеспін. «Ең болмаса, Абай мен Достық даңғылынан бастап Әуезов көшесіне дейін жаяу баршы, осының өзі фитнес» деймін. Сол баяғы жалқаулық, жаяу жүруге ерінеді.  

– Сымбаттылықты сақтау қаншалықты қиын?

– Фитнесті төрт жыл бұрын бастадым. Ең алғаш жаттығу залына кірген кезде өзіме-өзім іштей серт бердім. «Жасым отыз тоғызға қарады. Не фитнеспен шұғылданып сымбатымды барынша сақтап қаламын, не бұдан әрі жағдайым мүшкілдене береді. Егер дәл бүгіннен бастап қолға алмасам, ертең бәрі кеш болуы мүмкін» деп түйдім. Сөйттім де, жаттығуды бастап кеттім. Әрине, алғашқыда қиын болды. Ауыр салмақ көтересің, борша-борша болыптерлеп жүгіресің. Бұған жауапкершілік пен табандылық керек.

Тікелей эфирден бойыма сіңірген жақсы қасиеттер бар. Ол – жауапкершілік, ұқыптылық және жүйелі жұмыс істеуге дағдылану. Жаңалықтар дегеніңіз, күнделікті ат үстінде жүру деген сөз. Міне, бойыма сіңген осы қасиеттер фитнеспен үздіксіз шұғылдануыма септігін тигізді.

Біздің қатарластарымыз жасынан қымсынады. Жаста тұрған ештеңе жоқ. Егер жүйкең тыныш болса, отбасыңда береке болса, спортпен шұғылдансаң –жас ештеңеге кедергі болмайды.

Мәселен, мен жасымды ешқашан жасырған емеспін. Бұйырса, биыл қырық төртке толамын. Бұл – менің өмірім, болмысым, тәжірибем. Өз өміріне риза еместер ғана жасын жасыруы мүмкін. Ал мен өміріме ризамын. 

– Батыс телеарналарында эфирге жасы келген, қартамыс жүргізушілер шығады. Ал бізде жүргізушінің әдемілігіне қарайды...

– CNN, BBC және көрші елдердің телеарналарын қадағалап отырамын. Батыста тікелей эфирді көбіне жасы қырық-елуден асқан әйелдер жүргізеді. Өйткені олар көрерменді сендіре алады. Ал бізде қалай? Кейбір телеарналар жиырмадан енді асқан, тәжірибесі жоқ қыздарды шығарады. Олар эфирге шыққанына мәз. Не айтып, не қойғанын білмейді. Көздері жыпылықтап отырады. Оқыған мәтінін өзі түсінбейді. 

Оларды кінәлауға болмайды, әрине. Эфирдің магнитше тартатын тылсым күші бар. Мәселе телеарна басшыларына қатысты.

– Мәдина, сіз эфирге алғаш шыққан кезде неше жаста едіңіз?

– Жиырма жетідемін. Оң-солын танитын, ақыл тоқтата бастайтын жас қой. Сондықтан мен эфирге тым ерте келдім деп есептемеймін.

– Диета ұстайсыз ба?

–Жоқ, ешқандай диета ұстамаймын. Жалпы, диета дегенді мойындамаймын. Тек нан мен қант жемеймін. Етті жақсы көремін. Аптасына бір рет үйде ет асамыз. Еттің қамырын да қалағанымша жей беремін. Мен де той-томалаққа барамын. Қазақтың тойында дастархан ішіп-жемнен қайқайып тұрады. Бірақ мен денсаулығыма пайдалы тағамды ғана жеймін. Тойып тамақ жеген күннің ертеңінде жиналып қалған калорияны фитнеспен немесе жүгірумен шығарып тастасаңыз, сізге ештеңе де болмайды. Тамақ жеу үшін өмір сүрмеу керек, өмір сүру үшін ғана тамақ жеген жөн.

– Пластикалық операция жасатуға қалай қарайсыз?

– Ота жасау арқылы «жасаруға» мүлдем қарсымын. Мен аппараттық косметологияны пайдаланамын. Аппараттық косметология деген не? Ол – бет терісіне қажетті дәрумендерді аппарат арқылы сіңіру. Бұл ешқандай да кесу немесе ботекс емес. Бет терісін кәдімгі дәрумендермен қамтамасыз ету ғана. Он күнде бір рет осындай процедура жасатамын. 

Ешқашан бетіме пышақ тигізбеймін. Пышаққа түскендерді бірден байқап қоямын. Мейлі ол пластикалық операцияны Швейцарияның ең мықты клиникасында өте мұқият жасатса да.

– «Қазақ әйелдерінің денсаулығы нашарлап кетті»деп дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Бұған не себеп болуы мүмкін?

– Менің ойымша, мұның бірнеше себебі бар. Заман да, қоғам да, табиғат та өзгерді. Біз қазір қалай өмір сүріп жатырмыз? Біздің өміріміз қарбалас. Бір ғана мысал айтайын, мен өмірдің ырғағын ауылға барғанда ғана сезінемін. Аурудың көбі жүйке жүйесінің тыныштығы бұзылғандықтан пайда болады. Бұрынғының әйелдерінде бір ғана міндет болды. Ол – бала табу. Отбасын асырау ер азаматтардың міндеті еді. Ал қазіргі әйелдердің көбі бала табады және тапқан балаларын күйеулерімен қоса өздері асырайды. Өйткені, күйеуі жұмыссыз. Ал енді тоғыз ай көтеріп бала тапқаны аздай, отбасын асырау да әйелдің мойнына артылған соң оның жүйкесі қалай тыныш болады?

Қазір психология саласы мені қатты қызықтырып жүр. Осы салаға қатысты бірнеше кітап оқыдым. Біздің қоғамда психологиялық сауат жоқ. Әлеуметтік желідегі парақшама қыз-келіншектер көп хат жазады. Жас қыздар «Мәдина апай, маған көмектесіңізші, жігітім тастап кетті. Өзіме қол салғым келіп жүр» дейді. Көрдіңіз бе, жастар өмірдің болмашы сынына төтеп бере алмайды. Ең бастысы, он екі мүшең сау, киер кимің, ішер асың бар екені есеп емес оларға. Тіпті өмір көрген келіншектердің өзі «күйеуім тастап кетті» деп мұң шағады.Морт сынуға бейім тұрады. Тағдырынан теперіш көрген мұндай жандар қайда барарын білмейді. Сондықтан да, қазақ әйелдерінің көпшілігі сауатты психологтың көмегіне зәру. 

– Сізді жыға танымайтын кейбіреулер қазақша жақсы сөйлейтініңізге күмәнмен қарайды екен...

– Бәлкім, түріме қарап солай ойлайтын шығар. Әкем Талдықорғанның қазағы. Жалайыр руынан. Шешем – татар қызы. Әкем өте қатал адам болатын. Әдебиетке жақын еді. Біраз жыл бұрын жол апатынан қаза тапты...

Әкемнің талабымен үйде тек қазақша сөйлесетінбіз. Рас, мектепті орысша бітірдім. Бірақ, Өнер академиясында қазақша оқыдым, қазір қазақ редакциясында жұмыс істеп жүрмін. Әр отбасында талап болса, тілді үйренеді. Әкесі де, шешесі де қазақ қыз-жігіттер тілін бұрап орысша сөйлеп тұрғанын және қазақша сөйлеуге намыстанған түр көрсететінін жиібайқаймын. Мен мұны жасандылық деп есептеймін. Қазақша сөйлейтін және қазақша сөйлегеніңді мақтан тұтатын мезгіл жақындап қалды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ерік Рахым,

Мұрағаттан, 2017 ж

Болатбек Баймаханов: «Трансплантацияға дініміз тыйым салмайды»
Раушан Жылқышиева: «Қазір медицина көп ізденісті қажет етеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу