Әмір Аралбаев: «Мен тек соғыста өлемін»

Oinet.kz 30-06-2019 932

Screenshot_1.jpg

«Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да алдыңнан шымкенттіктер шығады» деген сөз ауызекі тілде көп айтылады. Иә, рас Қазақстан халқының алтыдан бірін құрайтын оңтүстікқазақстандықтар Алматыда да, Астанада да көп. Республиканың әр түкпіріне нәсіп іздеп жүрген шымкенттіктер де аз емес. Шет елге демалуға барсаң осында кәсібін дөңгелетіп жүрген шымкенттіктерді көріп, таңқалмайтын болғанбыз. Бірақ бұл жолы жоғарыдағы сөзді мүлдем басқа мағынада, өзгешелеу сипатта айтқалы отырмыз.  

Соңғы жеті-сегіз айдың көлемінде Оңтүстік Қазақстан халқы отанның қауіпсіздігіне, елдің тыныштығына қорған болған үшінші ұланын ақтық сапарға шығарып салды. Қан төгісі жоқ, мамыражай бейбіт күнде. Былтыр жазда жиһадшылардың Ақтөбеде салған сойқанында қаза тапқан әскерилердің арасында Шардара ауданы Көксу ауылының тұрғыны Ұлттық Гвардияның сарбазы Досбол Сапар да болған. Марқұмның денесі туған жеріне жерленген. Алматының көшелерін кезіп, алдынан шыққандарды қырып салған,  қандықол, қаскөй Руслан Күлекбаевтың қолынан  шейіт болған полицейлердің ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мейрамбек Рахматуллаев та бар еді.  Мейрамбек оқиға кезінде алған жарақатынан кейін ауруханада жарты айдай жатып қайтыс болды. Сүйегі өзінің туып өскен Қазығұрт ауданына жерленген. Боздақ сарбаз қайтыс боларынан бір ай бұрын ғана үйленген екен. Артында аяғы ауыр келіншегі қалды. Мынау, үшіншісі. Күні кеше Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиыны кезінде қар көшкінінің астында қалып, қаза тапқан жеті сарбаздың бірі Әмір Аралбаев та Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған бұл қазаның ішінен де шымкенттіктер шықты.   

Марқұмның денесі Түлкібас ауданына жексенбі күні жеткізілген. Түс ауа өткен жаназаға Дауан ауылының тұрғындары, мәйітті әкелген әскерилер, аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысқан. Марқұм осы ауылдағы зиратқа жерленді. Әмір Аралбаев қаза тапқан сегіз сарбаздың ішіндегі ең ересегі еді. Тағдыр талқаны бар-жоғы жиырма сегіз жасында таусылды.  Отан алдындағы әскери қызметін атқару барысында опат болды. Артында аңырап жас жесірі, екі ұлы қалды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, марқұмның соңында ел айта жүретін жақсы ісі де, жете алмаған арманы да көп болған. Әрине, бәрі  тағдырдың ісі. «Жазымыштан озымыш» жоқ дейді мұндай атам қазақ. Тағдырдың кесіп-пішіп берген уақытынан ешкім де артық өмір сүрмейді. Дегенмен бәрібір іште сансыз сұрақ, екі аяқты пенде болған соң әрқилы ой әр жаққа сүйрелейді.   Қазір Қорғаныс министрлігі осы оқиғаның жай-жапсарын тергеп жатыр. Әскери прокуратура «салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеушілер іске кіріскен. Арнайы комиссия да құрылған. Осы аптадағы өткен Үкімет отырысында Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовтың айтуына қарағанда, қар көшікіні болу қаупі бар екенін «төтеншеліктер» алдын ала ескертпеген көрінеді. Басқа облыстарды қайдам, Оңтүстікте соңғы тәуліктерде ұялы телефонның «112» нөмірінен «қар көшкіні қаупі бар» деген хабарлама тоқтаусыз түсіп жатыр. Дәл осындай ескерту хабар Жамбыл облысында  17 ақпан күні де таратылғанда бәрі басқаша болар ма еді? Тағдырдың жазуынан қашып құтылып кету мүмкін бе еді? Қалай десек те, министр өз міндетіне салғырттық танытқандар табылса,  заң алдында тиісті жаза алатынына сендірді. Қазірдің өзінде бірқатар әскерилер өз қызметтерінен босатылған көрінеді. Қаза тапқан әрбір сарбаздың отбасына қаржылай, моралдық көмек берілді. Марқұмдардың бес жылдық жалақысы көлемінде бір жолдық өтемақы төленеді. Оның көлемі 4-7 миллион теңгені құрайды екен. Алайда қанша жерден көмек берілсе де, кінәлілер жазаға тартылса, бұл енді қыршын қиылған ғұмырларды қайта жалғай алмасы айдан анық. 

Дауан ауылы аудан орталығы Т.Рысқұловтан алыс емес, іргелес жатқан елді мекен. Таулы өңір болғандықтан қар қалың түскен. Оның үстіне биыл Оңтүстік өңірінде қыс қытымырланып тұр. Ақпан айы басталғалы жауын-шашын толастаған жоқ. Күннің көзі дәл сол қаралы жұмадан кейін ғана ашылған. Қаралы үйден марқұм Әмір Аралбаевтың жесірі Жанар мен жеңгесі Айнұрды ғана кездестірдік. Бұл үй марқұмның туған ағасы Бақтиярдың шаңырағы.  Әмір мен Жанар осыдан екі апта бұрын ғана осы шаңырақтан еншілерін алып, өз алдарына шығып кеткен екен. Екі аптада ерлі-зайыптылардың отбасында екі қуаныш болған. Әскери қызметін келісім-шарт негізінде атқарып жүрген Әмірге Жамбыл облысы Жуалы ауданынан екі бөлімелі пәтердің кілті беріліп, келіншегі мен екі баласын сонда көшіріп алған. Жаңа қонысқа жайланған Әмірге басшылық тарапынан екі марапаттау беріліпті.  Біріншісі сарбаздар арасындағы қоян-қолтық ұрыстағы жеңісі үшін, екіншісі білтемірде көрсеткен өнері үшін. Осындай қуаныштардың артынша тосынан соққан қазаның қаншалықты ауыр тигені айтпаса да түсінікті.  Жас жесір өкісігін әлі баса алмаған. Біз кеткенге дейін солқылдап жылаған күйі отырды. Бізбенен тілдесуге де мұрша таба алмады. Екі жастағы ұлы Әлисұлтан мен бесікте жатқан бес айлық Ерсұлтан бәрінен бейхабар. Әлисұлтан күні кеше ғана бетінен сүйіп жұмысына кеткен әкесі әні-міне келіп қалатындай елеңдеп жүргені байқалады. Өзі ешкімді жатырқамайды екен. Марқұмның әруағына дұға бағышталып, көңіл айтқан соң жеңгесі Айнұрмен ғана сөйлесудің сәті түсті.  

Screenshot_2.jpg

Қолымызға түскен құжаттарға қарағанда,  кіші сержант Әмір Аралбаев 1988 жылы  Қарақалпақстанның Шымбай қаласында туылған. Әкеден ерте айырылған. 2002 жылы отбасымен бірге Түлкібас ауданындағы Түлкібас ауылына көшіп келген. Орта мектепті осында бітірген. 2008-2009 жылдар аралығында әскери борышын Өскемен қаласында өтеген. Әскери келісім-шарты қызметіне 2013 жылдан бастап кіріскен. Материалдық техникалық қамтамасыз ету ротасының жүргізушісі қызметін атқарған. Жұбайы Жанар да Өзбекстанның тумасы. 

- Болған жайт бәрімізді есеңгіретіп тастады. Әмір енді жоқ дегенге әлі сене алмай отырмыз. Міне, көріп отырсыздар, Жанар (марқұмның келіншегі) әлі өз-өзіне келе алған жоқ. Суыт хабарды естігелі бері жылай береді. Тұңғыш ұлы Әлисұлтан 2 жаста. Кішісі Ерсұлтан 5 айлық. Бұлар «өлім» дегенді білмейді ғой. Әлисұлтан әкесін күтіп отыр. Үйге кісі келсе, әкем келді ма дегендей алдынан жүгіріп шығады. Әлденені шүлдірлеп сұрайды. Әкесін сұрайтыны анық. Не айтарымзды білмей көкірегіміз қарс айрылады. Осы екі баланың жағдайы жанымызға батады. Арқа сүйер азаматы жоқ Жанарды ойлап қайғырамыз. Әкесі қайтыс болған кезде Әмір есін енді біле бастаған бала екен. Әке мейірімін көрме алмай ержетті. Енді оның осы тағдыры қос ұлының да маңдайына жазылды. Әмір анасы қайтыс болған 2009 жылға дейін Түлкібас ауылында тұрған. Одан кейін Дауанға, біздің қолымызға келді. Осыдан екі апта бұрын ғана еншілерін алып, отбасын улап-шулап көшіріп алған еді,-деді Айнұр. 

Жеңгесінің айтуынша, Әмір өте жігерлі жігіт болған. Мектепте жақсы оқыған. Жастайынан спортты серік еткен. Оның әскери қызметке тұруына осы спортқа деген қызығушылығы себеп болған көрінеді.  Мінезі де жұмсақ. Жұртың бәрінің, әсіресе аға-жеңгелерінің көңілдеріне қарайтын, бәрін қас-қабақтан ұғатын сезімтал болған. ҰБТ—та жинаған балы жетпей, грантқа іліге алмапты. Ақылы бөлімде оқығысы келмеген. Осыдан кейін әскери борышын өтеуге аттанған. Әскерден келген соң ауылда біраз уақыт жұмыссыз жүріпті. Ақыр аяғында келісім-шарт негізінде әскери қызметке тұрады. Үйленген. Екі баланың әкесі атанған.  

-Әмір өте балажанды еді. Оны ұлдары да қатты жақсы көретін. Өмірінде арақ ішпеген, темекі тартпаған күйі кетті. Алдына мақсат қойғыш және соған жетпей қоймайтын қайсар мінезді болатын. Осы қасиетінің арқасында жақсы жетістіктерге жетіп, құрдастарының алды болып келе жатыр еді. Оқуына түсе алмаған кезде ұнжырғасы түсіп, өз-өзін тастап жіберген жоқ. Қайта алға қарай ұмтылды. Тірі жүргенде талай биіктерді бағындырар еді,-деді Айнұр. Осы кезде сөзге араласқан Жанар:

-Әмір «мен тек соғыста өлемін» деген сөзді жиі айтатын еді, - деп, көз жасына қайта ерік берді.    

Қайтар жолымызда әкімдікке кіріп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Жанесенге жолыққанбыз. Ол қолдан келген көмегімізді аямаймыз деді.

- Тұрғын үй қатынастары заң бойынша Әмір Аралбаевтың жесірі мен балалары  әскери міндетін орындау кезінде қаза тапқан азаматтың отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұра алады. Яғни мемлекет тарапынан үй алуларына мүмкіндік бар,-деді.

Сейсенбіде Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіндегі негізгі мәселе де Жамбылдағы төтенше оқиғаға арналды. 

-Қар көшкіні салдарынан болған қайғылы оқиға туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Олардың әрқайсысы елінің нағыз патриоты болып, өз әскери міндетін соңына дейін атқарды. Қорғаныс министрлігіне қаза тапқан сарбаздардың отбасыларының бәріне жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырамын. Мемлекеттік комиссия болған оқиғаның себептерін анықтауда. Мұндай қайғылы жағдай болашақта қайталанбау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз, – деді жиынға төрағалшық еткен президент.  Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев та  Министрлер кабинеті мүшелерінің атынан Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына осы күні көңіл айтты. 

P.S. Осы аптада «Жас алаштың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы қосынына Жамбыл облысында қаза тапқан әскерилердің отбасына газет арқылы көңіл айтсақ деген екі сарығаштық азамат хабараласты.

-Бұл бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған оқиға. Өз ауылдастарымның атынан марқұмдардың туыстарына көңіл айтамын. Қайғыларына ортақпыз. Келешекте мұндай жайт қайталанбау үшін болған оқиғадан сабақ алуға тиіспіз. Менің де ұлым келісім-шартпен жұмыс істейтін әскери қызметкер. Ел қорғап жүрген ұландарымыздың жағдайына баса көңіл аудару қажет. Киіміне, ішетін тамағына, жалақысына,-дейді Хамит Қыдырбай.

-Саырағаш ауданындағы Жартытөбе ауылдық округінің атынан марқұмдардың туыстатына көңіл айтамын. Қайғылы жағдай жартытөбеліктерді бейжай қалдыра алмады. Осы аптадағы жұма намазында отан қорғау жолындағы әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан сарбаздардың рухына арнап құран бағыштайтын боламыз,-деді Дәулет Аппазов деген азамат. 

Мұрағаттан, 2017 ж

Таза қала - әсем қала!
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы көлік тапсырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу