Абайда көшелер жөнделуде
Келестегі келісімді тірліктердің бірі биыл Абай ауылындағы жолдардың күрделі жөндеуден өтетіндігі. Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметінінң мәліметінше аталмыш ауылда 109 көше бар. Жалпы ұзындығы – 73 шақырымды құрайды. Есепті мерзім ішінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен орта жөндеуден өткізілуі белгіленген 23 көшенің сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі үшін облыстық қаржы басқармасы тарапынан тиісті қаржы қаралып отыр. Атап айтсақ жалпы аудан орталығындағы А.Мамытбекұлы көшесі асфальт, көше жарығы және суағар орнатылса, Д.Қонаев көшесіне суағар және көше жарығы орнатылады. Дәл сол сияқты Т.Рысқұлов көшесіне де орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауылдың басым көпшілік көшелері асфальтталатын болады.
Бүгінгі таңда ауыл аумағындағы Жамбыл, Асан қайғы, Б.Қырғызалиев, Т.Рысқұлов, Д.Қонаев, Ә.Сатбаев көшелері бойларына жол бөлу сызықтары сызылып, бірқатар көшелердің білім беру, әлеуметтік мекемелері орналасқан тұстарына тиісті жол белгілері орнатылды. Жол азабын тартып келген тұрғындар енді тақтайдай көшелерде жүретін болады.