13 тұрғын үй бой көтеруде
Мемлекеттік «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында Сарыағаш қаласы, Қапланбек оқу тәжірибе шаруашылығы аумағынан 5 қабатты 45 пәтерлі 13 көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. 10 гектар жерге орналасқан нысандардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Оған облыстық бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Құрылысы өткен жылы басталған баспаналар алдағы тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ол кезде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар, асыраушысынан айырылған және көпбалалы отбасылар, жетім балалар, соғыс ардагерлері мен бюджеттік сала қызметкерлері баспаналы болады. Әрбір 5 қабатты тұрғын үйде 45 пәтерден бар. Осылайша алдағы күндері сарыағаштықтар қоныс тойын тойламақ.
Сондай-ақ Құркелес ауылдық округі, Жаңаталап елді мекенінде 600 орындық мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Мамандар құрылысты биыл тапсырамыз деп жоспарлауда. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Лидер-НК » ЖСШ-і жүргізуде. Қазіргі таңда аталған нысандар бойынша 140 жұмысшы еңбек етуде.