Жәрмеңкеде бәрі арзан
Арыс қаласының тұрғындарына орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастырылды. Түркістан облысы әкімінің бастамасымен өткен жәрмеңкеде тұрғындар ауылшаруашылық өнімдерін арзан бағада сатып алды.
Бүгінгі саудаға ет және ет өнімдерінің жалпы көлемі 23 тонна, 55 тонна көкөніс қойылды. Сонымен қатар 25 тонна сүт өнімдері мен 41 тонна бақша өнімдері сауда сөрелерге жайғасты.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспановтың айтуынша жәрмеңкеде әсіресе ет саудасы қызды. Базарда 1600 теңгеден сатылатын қой еті 950 теңгеден сатылды. Халық 3 сағатқа жеткізбей ет өнімдерін түгел тауысты. Бұл жәрмеңкеде ең тәтті азық бал да саудаға шығарылды. 2 тоннаға жуық өнімді алып келген қазығұрттық омарташылар. Ал шардаралықтар әдеттегідей арыстықтарды балыққа қарық қылды.
Облыс әкімі мұрындық болған игі жоба тек сауда саттықпен ғана қызбады. Бәйдібек Отырар аудандарынан келген өнерпаздар әсем әнін Арыстың аспанында қалықтатты. Жұртшылықтың жүрегін ән-күймен жаулады. Осылайша жарылыстан жапа шеккен жұртшылық бүгін жәрмеңкеде бір серпіліп қалды.