Арысқа әр кіре бастады
Арыс қаласында 17 сектор бойынша барлық үйлер жөнделуде. Баспаналардың бүлінген шатырынан бастап, жарылған қабырғалар мен сынған терезелер қалпына келтірілуде.
Қосымша секторларға бөлінген қызметкерлер ақау актілерін түзумен айналысуда. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей қазіргі таңда мұнда облыс пен аудандардан 1500-ден астам құрылысшылар жұмылдырылған.
Бүгінде 700-ден астам тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталған. 4 шілдедегі ақпарат бойынша, Арыс қаласында 181 үйдің ақаулары толығымен қалыпқа келген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадірбектің мәліметінше, бүгінгі күні шаһарда тұрғындар күнделікті өмірге қалыптасу үшін барлық жағдайлар жасалған. Қаланың ішінде 30 шақты дүкендер жұмысын бастады. Қаладағы төрт наубайхана сұранысқа сай нан пісіріп, қызметіне кіріскен. Автопарктер де толығымен жұмыстарын атқаруда. Сонымен қатар, жергілікті халық атаулы әлеуметтік көмек, жалақы, зейнетақы сынды төлемдерді түгел алуда.
Алдағы уақытта Арыс қайта түлеп, тұрғындар қалыпты тіршілігіне оралатын болады.