Түркістанның тарихынан сыр шертті

Oinet.kz 01-07-2019 574

Screenshot_4.jpg

Нұр-Сұлтан қаласында «Қасиетті Түркістаннан нұрлы жолды Нұр-Сұлтанға» атты көрменің тұсауы кесілді. Елорда күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде өткен шараны ұйымдастырушы – «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі. Көрменің мақсаты- Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында көрсетілген басты бағыттарды негізге ала отырып, Ұлы даланың рухани мұраларын таныту, насихаттау. Сол арқылы еліміздегі тарихи орындарға келушілердің қызығушылығын тудыру. Сондай-ақ бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне  енген Орта Азиядағы теңдесіз сәулет ескерткіші Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі мен сайыпқыран Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған  ХІV ғасырдың шырағдандары, тайқазан, лауһа (тудың ұшы) мұралары арқылы еліміздің тарихи-мәдени жәдігерлерін, тұңғыш Президентіміздің еліміз үшін атқарған ерен еңбегін насихаттау.

Көрме үш бөлімнен тұрады. Онда 60-тан аса жәдігер және деректі фильмдер, 3D тур, тұлғалар жайлы жинақ кітапшалар қойылған. Көрменің бірінші бөлімі Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған. Яғни, ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, «Насабнама» шежіресі, ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидің «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектерімен қатар, Әмір Темір сыйға тартқан ортағасырлық ХІҮ ғасырдың құнды жәдігерлері - шырағданның тұпнұсқасы, лауха, тайқазан көшірмелері экспозициядан орын тапқан. Көрменің екінші бөлімінде Н.Ә.Назарбаевтың өмірінен сыр шертетін фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар, Елбасының 1999 жылы Түркістанға келген сапарында қорық-музейге сыйға берген Құран Кәрім кітабы көпшілік назарына ұсынылды. Көрменің үшінші бөлімінде 19 ғасырда  жиһанкез А.Кунның «Түркістан альбомында» жарық көрген Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған ХІV ғасырдың құнды жәдігерлері, Түркістан өңіріндегі тарихи-рухани орындарының фотосуреттер орналастырылған.


Тұрғындардың өтініші орындалды
Үшемдерге сыяпат жасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу