Фотоэкспедиция мәресіне жетті
Облыс орталығында «Ұлы даланың Түркістаны» атты республикалық фотоэкспедициясы қорытындыланды. Тұран даласына сапар шегіп, аймақтың сұлулығын сурет өнерімен жеткізуге талпынған фототілшілердің туындылары «TÚRKІSTAN» фотоөнер орталығында қойылды. Бір апта бойы өңірдің киелі және туристік орындарын түсірген экспедиция мүшелерінің 40-қа жуық суреті қойылды. Олардың ішінде Түркістан, Кентау қалаларымен қатар, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Сайрам, Төле би, Түлкібас және Қазығұрт ауданының киелі және туристік орындары, табиғаты тамаша мекендер мен халықтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін суреттер бар.
Айта кетейік аталған орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысты. Жастарға берері мол жаңа орталық «Жастар ресурстық орталығының» ішінен құрылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен қолға алынған бұл орталықта еліміздегі белгілі фотограф, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы жастарға дәріс оқып, мамандықтың қыр-сырын үйретеді. «Түркістанды түлету – перзенттік парызым. Туған жеріме қайта оралып, осында шәкірт тәрбиелеу жөнінде шешім қабылдадым. Жаңа тынысы ашылған Түркістанның дамуына өз біліміммен, тәжірибеммен үлес қосқым келеді», – дейді фотограф. Түрлі тақырыптарда фотоэкспедициялар ұйымдастырып, өңірдегі туризмді дамыту ісін насихаттайтын орталық ХҚТУ-мен тікелей жұмыс істейді.