Түркістан жасыл қалаға айналады
«Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі жоспары» Үкімет тарапынан бекітіліп қойғаны белгілі. Жоспарға сәйкес облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырымда азық-түлік және жасыл белдеулерін қалыптастыру жобалары іске асырылуда. Осы және өңірдегі тың жоспарларды облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы облыстық мәслихаттың кезекті 38 сессиясында талқыға салды.
Белдеу ақылды технологияларды қолдана отырып, ғалымдардың сүйемелдеуімен 2 кезеңмен жүзеге асады. Атап айтқанда, 1-кезең – Түркістан-Шымкент бағытында 1 мың га алқапты қамтиды. Оның жұмыстары басталып кеткен. 2-кезең 2020 жылы Түркістан-Шымкент, Түркістан-Отырар және Түркістан-Кентау, Түркістан-Қызылорда бағыттарында 10 мың га алқап қамтылатын болады.
Бұған қоса, осы жоба аясында жалпы құны 46,1 млрд. теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 25 млрд. теңге кешенді жоспар аясында, 11,5 млрд. теңге жергілікті бюджеттен субсидиялауға, қалған 9,5 млрд. теңге жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.