Идеологиялық дамудың жолдарын айшықтады
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есеп беру жиынында Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, идеологиялық дамуының төрт бағыты айқындалғанын мәлімдеді.
Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сай – осы қалаға келген адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс. Келген туристер өңірімізде орын тепкен киелі жерлерге зиярат етіп, туристік бағыттарды насихаттайды. Екіншіден, Түркістанда әлемдік деңгейдегі шеберлер орталығы болуы керек. Өйткені, Түркістанда орын тепкен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі - әлемде теңдесі жоқ сәулет туындысы. Ғажайып ғимаратта ғасырлар бойы қалыптасқан өркениеттік құрылыс тәжірибесінің ізі жатыр. Кесененің құрылысында түркі өркениетінің нақыштары мен ою-өрнектері, көне замандардағы сәулет және бейнелеу өнер туындысы көрініс тапқан. Тарих қойнауында қалған, көнеден келе жатқан ұлттық қолөнерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін, шеберлік құпиялары мен қолөнер технологияларын сақтау, нығайту және жаңғырту үшін жағдай жасау қажет. Үшіншіден, Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған. Бүгін де бұл қаланы ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетігін дайындау қажет. Заманауи қол өнер цехтары, қыш-шыны индустриясы, тері өңдеу мен тұскиіз фабрикалары, кілем тоқу өнімдері Түркістанның және Ясауидің кескіні мен келбетін насихаттайтын орталықтарға айналуы керек. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу тетігі мәдениет, өркениет, сауда, сәулет, қолөнер, музыка сияқты салаларды қайта жаңғыртудан басталады. Кеше тарихи Ұлы Жібек Жолы да осы Түркістаннан өткен болса, бүгін де сол жол жалғасып келеді. Төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – жалпы түркі руханияты кеңістігінде өзіндік ілім қалыптастырып, исламдық құндылықтар негізінде ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға. Ол діннің тілін ежелгі түрік тілінде хикметпен сөйлетіп қана қойған жоқ, көрген қиындықтарға қарамастан, түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ислам дінінің талаптарына сай қалыптастырды. Ясауидің артына қалдырған өшпес мұрасы оның еңбектерінде жатыр. Осы мақсатта Қожа Ахмет Ясауидың Түркия, Өзбекстан, Иран, Индонезия және Еуропа елдеріндегі шәкірттерінің басын қосатын симпозиум ұйымдастыру жоспарда бар.