Қош бол, қызыл империя - КСРО!

Oinet.kz 05-09-2019 2114

YdWfLDXc-580.jpg

Назарбаев не үшін ТМД-ның бас интеграторы атанды? Ельцин неге ашуланды? Каримов қойған сұрақты неліктен ұнатпады? Әзербейжан мен Армения президенті бір-бірімен қалай төбелесіп қала жаздады?  

Тәубә, Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын айтып, жазып тауыса алмайтын толағай табыстармен қарсы алғаны талас тудырмайды. Солай бола тұра Совет Одағының ыдырауы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) құрылуы 20-ғасырдың ең үлкен геосаяси апаты деген пікірді де ел ішінде естіп жүрміз. Кеңестік империяның ыдырауына ширек ғасыр толуына орай өткізілген социологиялық сауалнамалар бұрынғы одақтас республикалардың тұрғындары арасында  әлі де «СССР» деп аталып келген империялық құрылымды қастерлейтіндер аз еместігін  көрсетіп отыр. Қайбір жолы Ресей президенті Владимир Путиннің: «Одақтың ыдырағанына ашынбаған адамның  жүрегі, оны қайта тіктеймін деген адамның миы жоқ» деп айтқан  сөздерін геосаяси мәтелге айналдырып алғандар да бар. 

КСРО-ның құрдымға кетіп, оның орнына ТМД-ның құрылуына байланысты  1991 жылы 21 желтоқсанда Алматыда өткен Саммитке Өзбекстандағы қандастарымыздың атынан «Достық туы» газетінің тілшісі ретінде қатысқан әріптесіміз Үсен Асқаровтың естеліктері біршама жайттардың бетін ашатындықтан оқырман назарына ұсынуды ұйғардық. 

1991 жылдың 8-желтоқсанында Белоруссиядағы «Беловежская пущада» деген жерінде славян елдерінің басшылары – Ельцин, Кравчук және Шушкевич үшеуі Совет Одағын тарату туралы шешім қабылдап, бұл жайлы Американың президенті  хабардар болған. Сол кезде «Достық туы» газетінің саяси шолушысы ретінде елде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалап отыратынмын. Өз басым Нұрсұлтан Назарбаевтың Одақты ыдыратқан «Беловежская пущадағы» бас қосуға қатыспағаны дұрыс болды деп ойладым. Өйткені Қазақстан президенті Совет Одағы үшін соңына дейін күресті. Одақты сақтап қалу мүмкін болмай қалған кезде бұрынғы советтік республикалардың бір-бірімен қайта интеграциялануына күш салды. Мұны Ресей басшылары да, әлемдік саяси элита да мойындап, Нұрсұлтан Әбішұлын ТМД-ның бас интеграторы деп атаушылар да кездесті. 

Сол «Беловежская пущадан» кейін постсоветтік түркі мемлекеттерінің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматыда кешегі одақтас, ал бүгінде  тәуелсіз мемлекеттердің басшылары бас қосты. Бұл Совет Одағының ыдырап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылған тарихи басқосу болатын. Мен бұл тарихи оқиғаны өз көзіммен көріп, оқырмандарыма айтып беруім керек деген кесімді шешімге келдім. Сөйтіп өз ынта, өз қаржыммен Алматыға тарттым. Пойызда бара жатып Борис Ельцинге қоятын сауалымды жұптап, қағазға түсіріп алдым. Біз басқосу басталардан бір күн  бұрын бардық. «Қазақстан» қонақ үйінде мені Саммитке қатысатын тілші ретінде тіркеуге алды. Қазақстан президентінің сол кездегі баспасөз хатшысы, бүгінде қамауда отырған  Сейітқазы Матаев үлкен демократ болатын. Соның тапсырмасымен баспасөз хатшылығының қызметкерлері аты-жөнім мен газеттің атын сұрап, сол жердің өзінде маған аккредитациялық куәлік берді. Өзбекстан президенті Ислам Каримов болса дәл басқосу басталар күні барды. Басқосу Алматыдағы «Достық» үйінде өтіп жатты. Каримов баспалдақпен көтеріліп, ал мен оған қарай, сәлемдесу үшін қолымды созып, төменге түсіп келе жатырмын. Исекеңе: «Приветствую Вас на казахской земле!» дедім. Ислам Каримов: «Ты говоришь как президент Казахстана» деді. Мен де әзілдесіп: «Чем черт не шутит» дедім. Бұл – «болсам болармын» дегенім еді.  

Мәжілістердің арасындағы үзіліс кезі. Борис Ельцин мен Нұрсұлтан Назарбавты 20 шақты журналист қоршап, түрлі сауалдар қойып жатыр. Ельцин – кешегі ұлы империяның мұрагері, Ресейдің лидері, ал Назарбаев – қабылдаушы тараптың басшысы, Саммиттің иесі. Приднестровье төңірегіндегі  текетіреске байланысты Молдова президенті Мирча Снегурды журналистер сауалға «көміп» жатыр. Енді бірқатар журналистер  Әзірбайжанның президенті Аяз Муталибовқа сауал қойған еді, Арменияның президенті Левон Тер-Петросян: «Что вы с ним говорите, он же ситуацию не контролирует» деді. Аяз Муталибов Левон Тер-Петросянға қарай ұмтылып, қол сермеп қалды. Сондағы жұрт – оққағарлар, протокол өкілдері, тілшілер жаға жыртыса жаздаған  президенттерді ажыратып жатты. Айналаға қарасам анадай жерде Ислам Каримов журналистер назарынан тыстау  жалғыз өзі қалып қойыпты. Жалғызсырамасын деп жанына бардым. Ол кісі де ыстық ықылас танытып, менің қолтығымнан ұстап, кремлевка-кілем төселген жолақтың  бойымен   ары қарай жетелеп әкетті. Бір есімде қалғаны: «Ислам Абдуганиевич, что самое трудное для президента» деп сұрадым. Ол  «Дұрыс шешімдерді қабылдау аса қиын емес, қиыны сол шешімдердің орындалуына қол жеткізу. Себебі шешімдердің барлығын сайып келгенде зауыт директорлары мен колхоз бастықтары орындайды, ал олардың деңгейі  кейде қабылданған шешімнің маңызы мен мазмұнына сай келе бермейді»  деді. 

Бір кезде Елбасылар мәжіліске шақырылды. Ыдыраған Совет Одағының орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Алматы декларациясы қабылданды. Совет Одағының бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачевтің алдағы тағдырына байланысты арнайы шешім қабылданды. Н. Назарбаев өз тарапынан  «Совет Одағының тарихында бірінші рет лауазымнан кеткен мемлекет басшысын мәртебесіне сай зейнетке шығарайық» деген ұсыныс жасады. Осы қабылданған құжаттармен таныстыру, империяның таратылуы үлкен тарихи оқиға болғаннан кейін оның жай-жапсарын халыққа түсіндіру мақсатында арнайы баспасөз мәжілісі өткізілетін болды. Баспасөз мәжілісінің қарсаңында  Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Сейітқазы Матаев журналистерге: «Біреуіңіз  Түрікменстанның президентіне сауал қойыңыздаршы,барлығы қамтылуы керек еді» деп өтініш жасап жүрді. 

Мен президент Ельцинге қоямын деп жұптап жүрген сауалыма тағы бір сауал қостым.Мүмкіндік болса оны Каримовқа қоймақпын. Бұл пресс-конференция «Евровидение» желісі арқылы бүкіл әлемге таратылып жатты. Журналистер бірінен соң бірі ТМД президенттеріне сауал қойып жатыр. Балтық бойы елдері мен Грузиядан басқа бұрынғы одақтас республикалардың барлығының президенттері қатар президиумда отыр. Мен қасқайып, сауал қоюға кезек сұрап, қолымды көтеріп тұрдым да қойдым. Бұл – «маған кезек беріңдер, өз сауалымды қоймай тынбаймын» дегенім еді. Бір кезде пресс-конференцияны жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге микрофон ұсынып тұрған қызметкерлерге мені меңзеді. Қолыма микрофонды алып, «Первый вопрос Борису Николаевичу Ельцину: «Создание СНГ предполагает ли сохранение минимума демократических требований в отношениях между странами СНГ, сможет ли СНГ остановить войну между Арменией и Азербайджаном, между Молдовой и Приднестровьем?» деп, бұрыннан дайындаған сауалымды қойдым.  Борис Ельцин: «О каком минимуме вы говорите», деп көзілдірігін столға ұрды. Борис Ельцинге бұл сауалдың ұнамауы  заңды еді. Ол Ресейдің президенті ретінде өзін ТМД елдері тірелген тығырықтан шығаруға жауапты тұлға деп сезінетін. 

«Мой второй вопрос президенту Узбекистана Исламу Каримову» деп: «Ислам Абдуганивич, начиная с Нового года Россия собирается либерализовать цены, как в этих условиях Узбекистан будет защищать свой рынок?»  деген сауал қойдым. Каримовке де сауалым ұнаған жоқ. Ол кісі де ашу танытты. Себебі Каримовқа Ресейдің бағаны бірден ырқына жіберуді көздеген жоспары ұнамайтын, бірақ ол бұл жағдаймен есептесуге мәжбүр болатын. Бұл – «шоковая терапия», яғни науқас адамның ішуі керек болған ащы дәрісі еді. Емделу процесі кешіккен сайын ауру дендей беретін. Арадан 21 жыл өтіп, сол кездегі сауалдарым ең орынды, ең батыл сауалдар болғанына өзіме өзім риза боламын.  

Сол Саммит кезінде Қазақстанның белгілі ақыны және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен көп сұхбаттастым. Борис Ельцин мен Ислам Каримовқа қойған сауалдарымды Олжас аға жоғары бағалап, «Мың бір сөз» деген  кітабын сыйға тартты. Теледидардан бұл баспасөз конференциясын көптеген адамдар көрді. «Файзуллақожаның баласы Ельцинге сауал қойды, Ельцинмен сөйлесті» деп жұрт шулап жүрді. Еркебай Медешов деген дәрігер досым: «Үсен, телевизордан сенің Ельцинге сауал қойғаныңды бастығым екеуміз отырып көрдік. Үсен – менің досым деп мақтандым. Саған жақсы костюм-шалбар әперемін, үстіңе бір жаман куртка киіп алыпсың, сен үшін ұялып кеттім» деді. Совет Одағының ыдырауы үлкен тарихи оқиға екенін ескеріп, «Достық туы» газетінде сол Алматы саммиті туралы «Қош бол, Империя!» деген мақалам жарияланды.

Міне, санаулы күндерден соң Алматы декларациясының қабылданғанына 25 жыл толады. Ширек ғасыр ішінде әлем өзгерді, бірқатар президенттер о дүниелік болып кетті. Қазақстан тұрғындарын  да «транзиттік кезең қандай болады, ертең қандай жел еседі, ол жанға жылу сыйлай ма, әлде ызғарлы болады ма?» деген сауалдың алаңдатауы заңдылық. 

Көппен көрген ұлы той. Ертең ертеңнің желі еседі. Ертеңнің желі баршаңызға қайырлы болғай, Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Мұрағаттан, 2016 ж

Азаттықтың таңы болған - Желтоқсан
«Алмас қылыштың» мақтайтын тұсы көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу