Адам жанында ауызы қанталаған жаралар қалады

Oinet.kz 07-02-2019 1241

1076da5cb6904416b0e226ff115fc8ed.jpg

 Әлемдік ғылым адамдағы ақыл-ойдың орынын мидан іздейді. Данышпандық ми қыртысының көптігіне байланысты деген түсінік санада қатып қалған. Ол ғана емес, ұйқыда көретін түсті де, сананы да, басқа да адамның рухани жағына қатысты барлық құбылыстарды зерттегенде зерттеушілер бір миды ғана айналдыра береді. Бәлкім, бұл теңгенің бір бетін ғана көру шығар, мүмкін ойдың туындайтын орны ми емес, ми тек қана пайда болған ойды қабылдап, іске асыруды ғана реттейтін болар. Осы айтылған долбарды негіздеу мақсатында әуелі өз халқымыздың сөздеріне тоқталайық. Қазақ бойында парасаты, білгені бар адамды «көзі ашық, көкірегі ояу азамат» деп немесе «көкірегінде сәулесі бар» деп сүйсінеді. Ал дәрменсіз, ойлағаны жоқ адамды «қуыс кеуде» деп сөгеді. «Көкейіме қонды», «көкірегі сайрап тұр», «көкейіне құйды», «көкірегі ашық» деген секілді сөздері толып жатыр. «Көкірек көзі ашылса, адамның хикмет кеудесі» дейді Абай. Ғашықтар бір-біріне «жүрегім сенікі» дейді, «ғашықтық дертінен жүрегім ауырды» дейді. Мидағы тілегім демейді, жүректегі тілегім осы деп жатады. Ми түбінде демейді, жүрек түбінде жатқан ниетім, немесе арманым сол дейді. Яғни қазақта көкірек ұғымы ой-санаға қатысты көп қолданылады. Осы тұста тұжырымды қуаттай түсетін екі оқиғаны айта кетейін. АҚШ-тағы көрнекті нейрохирургтердің бірі Александр Эбен 2010 жылы өзінің бактериялық менингитке ұшырап, жеті күн комада жатқанда көрген кереметтерін жазады. Көргенінің мына өмірден гөрі әлдеқайда шын болғанын жеткізеді. Миының нағыз сана-сезімге жауап беретін бөлігі толығымен істен шығып жатқанда санасының болғанына өзі де таңғалады. Оған дейін комада болғандардың әңгімесіне атүсті қарайтын зайырлы ғалым сол жағдайдан кейін діни түсініктерге ден қоя бастаған. Екінші оқиға мынау. «Ютуб» сайтында «Топ 5 невероятных случаев выживания» атты видео бар. Сол жерде мына бір оқиға баяндалады. 26 жасар маямилік Карлос Родригес көлік апатында алдыңғы терезеден ұшып шығып, тас жолға баспен түскен. Аман қалғанымен, ендігі өмірін мисыз өткізіп келеді. Түгелге дерлік миы жоқ. Алайда, оның ой-өрісі де, мінез-құлқы да еш өзгермеген.

   Ал, сол кеудеде орналасқан жүрек қазақта ғана емес, бүкіл әлем бойынша сезімнің, ой-ниеттің тұрағы болып саналады. Тек ғылым ғана ауызекі тіл мен көркем әдебиетте қалыптасқан осы бір ұғымды қабылдамай-ақ келе жатыр. Ғылым үшін жүрек бар-жоғы қанды айдаушы дене мүшесі ғана. Ал енді оның көзге көрінбейтін қызметі жайында ауыз ашпайды. Себебі әу баста көшеті қайдан әкелінгені ұмыт болып, тамырын Батыста жайған ғылым материализмге, дарвинизмге негізделген, әлбетте бұлардың идеологиясы жаратылыстың метафизикалық жағын ескермейді, олар көзбен көріп, қолмен ұстамаған нәрсесін жоқ деп біледі. Дүниенің көрінбейтін жағы философияның бір саласы шеңберінде қарастырылып келе жатыр, онда да оған жай идея ретінде ғана қарайды. Ал физика ғылымындағы 16 ғасырдан бастау алған эфир теориялары да жаратылыстану көзқарастарына үстемдік құра алмай келеді. Физика ғылымы эфир деп бүкіл ғаламды толтырып тұрған әрі ондағы жаратылыстардың өзара әрекеттесуіне көпір болатын әлдебір ортаны айтады. Жарық, жылу, магнетизм, электр, тартылыс күші, тіпті материяның өзін де эфирдің белгілі бір көріністері деп түсіндіреді. Француз физигі Огюстен жан Френель (1788-1827 жж.) осы ұғымның негізінде жарықтың толқындық теориясын қалыптастырды. Теоретикалық космонавтиканың негізін салушы орыс ғалымы К.Э. Циолковский (1857-1935 жж.) энергетикалық өмір түрі бар деп мәлімдеп, оның өкілдерін «эфирлік мақұлықтар» деуді ұсынды. Ғалым алыс болашақта адам да эфирлік мақұлыққа айналып, Күн сәулесінен бөлінетін энергиямен қоректенетін болады деген болжам айтты. 1980 жылдардың басында тылсым әлемді зерттеу бағытында бақылаулар жүргізген италиялық зерттеуші Лучиано Бокконе үш өлшемді ортаның сыртында да әлем бар деп түсіндірген. Бір сөзбен айтқанда бұл бағытта пікір айтып, тұжырым жасаған ғалымдар аз емес. Алайда мұның бәрі гепотеза күйінде қалып келеді, дәстүрлі ғылым әлгі зерттеушілердің келтірген дәлелдерін місе тұтпай жатыр.

Ал енді, беймәлім рухани әлем жайында Шығыс не дейді? Оны білу үшін Шығыс дүниетанымының негізінде жатқан мұсылмандардың қасиетті кітабы Құранға үңілмеске амал жоқ. Ендеше осы бастаудан нәр алған Шығыс ғалымдары бұл турасында не дейді екен, тыңдап көрелік.

Абайша айтқанда, мен деген рух, ал дене — рухқа уақытша берілген көлік. Ойдың туындайтын орны кеуде, оның ішіндегі жүрек болса керек. Жүрек көзге көрініп, қолға ұсталмайтын, ақыл түсіне алмайтын тылсымды, ғайыпты сезініп, тани алады. Шығыс ғұламасы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали (1059 – 1111 жж.) жүрекке «әрі дене мүшесі, әрі жартылай рухани мағына» деп анықтама берген. Оның тұжырымы бойынша барлық дене мүшелерімен байланысы бар жүрек оларға «мемлекет әміршісі» секілді билігін жүргізеді. Ғұламаның бұл тұжырымы «денеде бір ет бар, егер ол дұрыс болса, онда барлық дене дұрыс болады, егер ол жаман болса, онда барлық дене жаман болады» деген жүрек жайлы хадистен бастау алып тұрғаны сөзсіз. Халифа Алтай аударған нұсқада Қасиетті Құранның Мүлік сүресінің 13-аятында «Сөздеріңді жасырсаңдар да, жарияласаңдар да шәксіз Алла көңілдегіні толық біледі» делінген. Ал Құранның орысша аудармасын жасаған Эльмир Кулиевтің де, Әбу Адельдің де нұсқаларында көңілдегіні емес, «кеудедегіні» (в груди) деп келеді. Валерия Порохова да сол, «жүректегіні» деп берген. Яғни Жаратушы — кеудеміздегі жария да жасырын кез-келген ойымызды білуші. Осы аятта ойдың кеудеде екені меңзеліп тұр.

Енді аз-маз миға тоқталайық. «Екі қастың ортасындағы нәпсіге сақ болыңдар» деген хадис бар. Соны естігеннен кейін екі қастың ортасында не бар еді өзі деп қатты толғанып жүрдім. Бір күні мидың алдыңғы бөлігінің қызметі туралы оқып қалып, қараңғыда алдымнан шам жанғандай болды. Мидың екі қастың ортасына келетін маңдайшасы шын не жалған сөйлеуге, мақсат-мүдде белгілеуге, жоспарлауға жауап береді екен. Демек, жамандық жасап тұрған немесе жалған сөйлеп тұрған адамның бұл істері оның миының маңдайшасына тиесілі. Осы айтылғанның негізі тағы да Құранға барып тіреледі. Алақ сүресінің 15-, 16-аяттарында: «Жоқ, егер ол, бұдан тыйылмаса, біз оны кекілінен шап береміз; Өтірікші, күнәхар кекілінен» делінген. Бұл жерде шаштың емес, мидың кекілі айтылып тұр. Көз де, құлақ та, дәм сезу мүшесі бар, ыстық-суықты сезу бар, барлық ақпарат қабылдау мүшелері миға келіп тоқтайды. Ми алған хабарына орай жағымды-жағымсыз, қауіпті-қауіпсіз деген өлшем бойынша денеге белгілі бір қозғалыс жасатады. Ненің тәтті екенін, ненің тәнге жайлы екенін ми және ми басқаратын дене тамаша біледі. Тап қазір ақпарат алып, тап қазір жауап қарекетін жасауға арналған. Жинақтап айтқанда инстинкт және рефлекс жүйесі нәпсінің сипатына сәйкес келіп тұр. Шығыс нәпсіні «ертеңін ойламайды, нені көрсе, нені қаласа, тап қазір соны алғысы келіп тұрады» деп сипаттайды. «Періштелерге тек сана берілген, хайуандар нәпсіден ғана тұрады, ал адамға екеуі де берілген» дейді. Тек қана нәпсіден тұратын хайуанның өкілі маймыл дәл сол нәпсінің қалауын орындаймын деп адамның қолына тірідей түседі екен. Оны ұстаудың түк қиындығы жоқ, маймылдың қолы ғана сыятын саңылауы бар жәшікті ішіне банан салып ағашқа байлап қойса болғаны. Саңылаудан қолын сұғып бананды ұстаған маймыл тесікке көлденеңінен сыймайтын бананды қайта жібере салуды білмейді екен, бананды ұстаған күйі адамның қолына түсетін көрінеді.

   Енді осы нәпсі деген не нәрсе, осыған анығырақ тоқталсақ. Шығыс ғалымдарының түсіндіруінше, нәпсі — тән мен рухтың бірігуінен пайда болатын адамның ішкі әлемі, яғни рухтың ет-сүйек, қан-жынға кіріккеннен кейінгі хәлі. Оған бастапқы жабайы күйінде өзімшілдік, тәкаппарлық, рахатқұмарлық, билікқұмарлық, байлыққұмарлық деген секілді қасиеттер тән. Осыған орай адамның өмірдегі миссиясы да — өз нәпсісін жаңағыдай қасиеттерден ажыратып, тәртіпті, парасатты ету, яғни жанын тазарту. «Әр адамның міндеті — тынымсыз ілім іздеу, яғни өзін-өзі тану. Жүрегіңді ғапылдықтан, жаныңды құмарлықтан, санаңды надандықтан сақта. Сонда сен тірілердің қатарында боласың»,- деген екен ғалым Жаффар ас-Сыддық. Ал тәрбие көрмей, бастапқы жабайы, көргенсіз деңгейде қалған жанының қалауымен өмір сүру адамды сөйлейтін және екі аяғымен жүретін, қысқаша айтқанда, әлеуметтік хайуан қалпында қалдырады. Мұндай өмір ізсіз кетпейді, адам жанында ауызы қанталаған жаралар қалады. Жазылмаған жаралар нешетүрлі рухани ауруға шалдықтырады, психикалық ауытқуға, тіпті біржола ақыл-есінен адасуға апарып соғуы мүмкін. Адам деген атқа лайық болу үшін өмірі күресуден тұратын әрбір кісі өзін басқару тағында отырған нәпсісін, яғни жанын тәрбиелеп, жоғары дәрежеге сүйреуге тиіс. Ақыл сол үшін берілген болса керек. Өз жүрегімізді тыңдасақ болғаны, ақ пен қараны өзі-ақ ажыратып тұрады, тек оның талғамына сәйкес әрекет етсек болды. Дене ашықса, ішек-қарын шұрылдап белгі береді, тамақтанғанша мазаны алып жібереді. Ал рух, байғұс, қанша жерден ашықса да қыңқ етпейді, оның аш екенін білмей жүре береміз. Кейде елегізіп, жанымыз бірдеңе іздейді, оны анадан көреміз, мынадан көреміз, махаббаттан іздейміз, әннен іздейміз. Іздегенді тапқандай боламыз, артынан қайтадан құлазимыз. Бұл, әрине, оқу оқып, тауқымет көріп, жабайы деңгейден сәл көтерілген адам жанының кешетін күйі. Деңгей демекші, шығыстық ғалымдар адам жанының тазару деңгейін бірнешеге бөлген. Алғашқы деңгейдегі жан тікелей жағымсыз істерге бұйырып тұрады, бұйырғанда да табанды түрде бұйырады. Өзінің арсыз қалауларын тояттатуды ғана көздейді, бірақ ешқашан тоймайды да дамылдамайды. Бірбеткейлік пен тәкаппарлықтан, өсек пен өтіріктен зор ләззат алады. Жаны мұндай деңгейдегі пенде ауру болып саналады, бақытсыздықтан құтылғысы келсе, оған шұғыл түрде емделу керек. Оның емі — өзінің ерік-жігері. Ондай адам ойланып-толғанып, рухани ізденіп, өз жанын өзі тәрбиелеуге көшуге тиіс. Осындай мақсатты еңбектің арқасында жан сәл тазарады да екінші деңгейге шығып, арсыздығы үшін ұят қысатын, өзін-өзі жазғыратын хәлге көшеді. Жүрек тыныш тауып, бақытқа бөленем деген адам тағы біршама еңбектенгенде жаны тікелей жақсылықтарға бұйыратын деңгейге шығады. Алайда қоғамдық пікірден қаймығып, жұрттың психологиялық қыспағына шыдай алмай жағымсыз істерге барып қоюы мүмкін. Одан әрі төртінші деңгей бар. Бұл сатының адамдары күні-түні айналасына жақсылық ойлаумен өмір кешеді. Өміріне енді ғана мән кіргенін аңғарады. Оны түсіне алмайтын жаны ластау жұрт «аңқау, аңғал» деп мазақ етсе де, алған бетінен қайтпайды. Бесінші деңгейде адам жаны өзгелерге байқалмайтын дүниенің сырларын сезе бастайды, тағдырындағы қуанышқа ғана емес, қайғыға да ризашылықпен қарайды. Ал тазарудың алтыншы деңгейіне жеткен жан біржола тыншып, өмір бойы бақытты күйде ғұмыр кешеді. Ондай жанның иесі ауада қалықтап ұшу, алыс жерге лезде барып қайту деген секілді ақылға сыймайтын кереметтер істей алатын болады. Бұған сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз еркіңіз. Алайда шындық сол — денеге енген соң нәпсіге айналған саф рух біржола өлген болмаса, өз қалауын таппайынша тыншымайды. Ал рухтың қалауы — ақиқат.

Бұлан ЖАМБЫЛ

Желкемізге жармасқан жалқаулық
Аглая Датешидзе: Өмірдің сапасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу