Эван Портер: Білімді мұқият қуу керек
Америкалық жазушы Эван Портердің айтуынша, балаға айтқан әр сөздің маңызы зор. Кез келген ұсақ-түйек, әр ой, берілген кеңес, тіпті сыбырлап айтқан сөздің де өз мәні бар. Байқамай айтылған оғаш сөз баланың санасына мәңгілік жазылып қалуы да кәдік. Алайда қай сөз жазылып қалатыны беймәлім. Сондықтан бір нәрсе айтпас бұрын жақсылап ойланыңыз.
Эванның сыпайылығына сүйеніп пайымдауынша, ол нашар әке екен. Ол тіпті 14 тараудан тұратын тізім тізіпті. Осы тізімдегі нәрсені әр әке өз баласын үйретуі керек-мыс. Өзі сол міндеттердің әлі жартысына да жетпегенін айтады.
«Мен жүктімін» деген сөзді өмірімде бірінші рет естігенімде қолымда алты құты сыра бар еді. Ерте ме, кеш пе еститін сөзім еді, соны естідім. Осылай тез боп қалады деп күтпеп едім, бірақ. Қалай болғанда да естідім. Бұл жаңалықты қорытуға уақыт керек болды. Басқа бір тірі жан үшін жауапкершілік аламын дегенді сезініп көрмеген басым, қатты қорықтым. Бірден бүкіл өмірің туралы ойланып, барлық құндылықты басқа қырынан танисың. Ертең балама не айтам деп ойланасың. Сол үшін өмірлік маңызы бар тізім жасап алдым. Өзімнің бойымда жоқ қасиеттерді баламның бойынан көргім келеді. Соларға баулығым келеді.
1.Жұрттың бәріне жағуың шарт емес. Дұрыс екенін біліп тұрған сәтте бұқпанталамай нақты айтуды біл.
2.Достарыңа да шындықты айтып үйрен. Олар естігісі келмесе де айтып отыр. Есер қалжыңға өтірік күліп, бас шұлғыма. Тіпті әдепті болып көрінгің келсе де.
3.Білімді мұқият қуу керек. Мәселе, көп ақша табу мен «куәлік» көрсетіп мақтану үшін емес. Тек бір күні өткен өміріңе қайта қайырылып қараған кезде жинаған біліміңді мақтан тұтатын бол.
4.Бөлмеңді таза ұста. Төсектің басына артық киім іліп қою дағдысын жой. Сондай нәрсеге қарап адам қалай өзін жақсы сезінуі мүмкін? Бөлмедегі қарапайым тазалық пен ұқыптылық жанға жайлы болатынын біл.
5.Бастаған нәрсені бітіру шарт. Мен баламды гитарада жақсы ойнауға үйрете аламын. Сурет түсіруді, картамен фокус жасауды. Бірақ тек жақсы үйретем. Керемет емес. Сондықтан өз бойыңда талант барын сезсең, оны жылы жауып қоя салма. Көрсет. Бөліс. Жоғалтып, жойып алма.
6.Сырт әлпетіңе көп мән берме. Өзіңді қалай барсың, сол күйінше жақсы көріп үйрен. Субмәдениет деген жақсы, әсіресе жастық шақта. Дегенмен не нәрсеніңде шегінен шықпауды ойла. Тәжірибе жаса, тек шектен асып кетпе.
7.Гигиенаға терең мән бер. Тәніңді жаттықтыр. Тісіңді күнде шай. Газды су мен энергетик дегеннен аулақ бол. Тіс жегі емделмейтінін есте сақта.
8.Үнемі жаңа нәрсені біліп отыруға дағдылан. Шетелде оқыған балалар өздерін бір түрлі ұстайды. Дегенмен, бала жазғы демалысын керемет табиғаты сұлу жерде өткізгенін әңгімелегенде өзгелердің аузының суы құритыны рас. Қызғаныш орын алады. Сондықтан кереметті көруге, көрсетуге тырыс. Теледидар алдында отыра беру жөн емес.
9.Үйі жоқ адамдарға менсінбей қарама. Олар сені тонауға дайын тұрмаған болар. Мұндай қарым-қатынастан биік бол. Сыйла оларды. Бомжға нан алып бер. Тиын-тебенің болса, садақа бер.
10.Жаңалықтарға мән беріп тыңда. Әсіресе, саяси жаңалықтарға мұқият болу керек. Бос уақытыңды әлеуметтік желіде немесе теледидар алдында кинофильм, яки спорт бағдарламасын көруге жоғалтпа. Маңызды нәрселерге көңіл бөлу шарт. Міндетті түрде ақпараттарың соны, оқығаның тәуір дүние болсын.
11.Салқынқанды бол. Ағынмен бірге өлі балық та ағады. Өз кәсібіңді тауып, сол саланың майталманы атан. Өмірде Үлкен Арманы бар адамдар толып жатыр. Бірақ соған қарай қадам жасаудың орнына олар жақсы көре алмайтын жұмыста өмірін өткізуде. Солардың бірі болып қалудан сақтан.
12.Ешқашан. Естимісің? Ешқашан рөлде отырып СМС жазба. Бірнеше минут күтпейтіндей ештеңе жоқ. Рас айтам.
13.Отбасы әрдайым бірінші орында. Отбасыңа керек кезде үйден табыл. Әке-шешеңе барып келу үшін себеп іздеп әуре болудың керегі жоқ. Сенің барың солар ғой.
14.Ешқашан басқа адам болуды армандама. Айналаңдағы адамдарға қызғанышпен, көреалмаушылықпен қарама. «ТүҺ, соның орнында болсам ғой» деу ағаттық. Өз жеңілісіңді мойындай біл. Жеңілуді әр адам басынан кешіреді.
Бұл тізімдегінің бәрі қолыңыздан келмесе әбіржімеңіз. Есіңізде болсын, мен сені сүйем дейтін адам жаныңызда болса, онда бақыттысыз.
Аударған Шынар Әбілдә