Бала сату бизнесі: Дәрігерлер мен АХАЖ қызметкерінің қылмысы дәлелденді

Oinet.kz 07-08-2019 1694

Screenshot_6.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында бала сатуды кәсіп еткен қылмыстық топтың ісі сотқа өтті. Күдіктілердің екеуі перинаталдық  орталықтың бөлім меңгерушісі мен акушер-гинекологы болса, олардың сыбайласы облыстық Әділет басқармасына қарасты АХАЖ бөлімінің қызметкері екен. Бұл туралы облыстық прокуратураның арнайы прокурорлар басқармасының аға прокуроры Нұрлан Көлбаев мәлімдеді.

Прокурорлар бала сатумен айналысып, табысқа кенеліп жүрген қылмыстық топқа қатысы бар 22 жайтқа тергеу-тексеру жұмыстарымен шұғылданған. Облыс прокурорының нұсқауымен жедел тергеу тобы құрылып, оған Н.Көлбаев жетекшілік еткен. Аталған атышулы қылмыстық істі тергеу-тексеру 2015 жылдың қазанында басталып, сегіз айға созылған. Облыстық ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Астана, Алматы, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Кентау қалалары мен Созақ, Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы аудандарында жедел іздестіру амалдарын жүргізген. 

Нәрестелердің, асырап алушылар мен биологиялық аналарының үлгілері алынып, соттық молекулярлық-геномдық сараптамалар жасалған. Жалған медициналық құжаттар соттық қолтаңбалық және соттық-техникалық сараптамалардан өткен. Ал дауыс үлгілеріне сот-фоноскопиялық сараптамалар жүргізілген. Облыстық соттың сараптамалар орталығы қызметкерлері бас-аяғы 100-ден астам сараптама жасаған. Қорытындысында қылмысы дәлелденген күдіктілердің екеуіне қатысты қылмыстық іс былтыр сотқа жолданып, олардың әрқайсысы 5 жылға бас бостандықтарынан  айырылды. Жазасын өтеп жатқандардың 150 мың теңге мен  3 мың АҚШ доллары аралығында пайда тапқаны белгілі болды. 

Атышулы іске қатысты тағы төртеудің ісі бүгінде облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Оның екеуі қылмыстарды жасау кезінде ұйымдасқан топ құрып, бірнеше рет жаңа туылған нәрестелерді белгілі бір қаражат  көлемінде сатып келген облыстық перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі мен акушер-гинекологы екен. Олар өзара сөз байласып, ұзын саны 21 нәрестені саудаға салған. Жеке пәтерлерде және босану орталықтарында туып, нәрестелерінен бас тартқан аналар туралы ақпарат жинап отырған. Ондай аналарға «делдалдарды» кедергісіз жолықтырып, бала үшін қомақты қаражат алып келген. Сөйтіп жүкті әйелдердің орнына басқа әйелдердің құжаттарын тіркеп, балаларды асырап алушылардың атына ауыстырған. Жалған медициналық анықтамалар жасап, босану тарихы мен жаңа туылған баланың ауру тарихын дайындаған. Енді айыпталушылар 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. 

Күдікке ілінгендердің тағы бірі облыстық АХАЖ бөлімінде жұмыс істеген. Ол жалған құжаттарды қабылдап, жалған құжаттар дайындаған. Көрсеткен қызметі үшін қомақты көлемде сыйақы алып келіпті. Қазіргі уақытта маманның 20 жайтқа қатыстылығы расталып, оған қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда. 

Безбүйректер мен азғындар саудаға салған нәрестелердің 90 пайызға жуығы аурушаң болып туылған екен. Десек те ана сүтін ембеген, мейірімін сезбеген сәбилердің асырап алған отбасыларда қалу, қалмауын сот шешеді... 

Асылбек Досалы, 

«Рейтинг» гаезіт №22, 9 маусым 2016 жыл

Таупістелі тағылымы – «Түркі тілдес, түгел бол»
Өзбекстан ауызашарға тыйым салса, шешен елі...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу