Бекет Тұрғараев, қоғам қайраткері: «Назарбаевтың ескерткішін құлатқанмен, тарихтан жоя алмаймыз»
Қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевтан Түркістанда орнатылған Назарбаевтың ескерткіші жайлы пікірін сұрадық.
– Қазір еліміздің кейбір өңірлерінде тұңғыш Президенттің ескерткіштерін алып тастағанын білесіз. Рухани астанамыз Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің тағдыры туралы көп адам пікір айтып жүр. Тіпті, қоғам екіге бөлініп, бірі «алып тастау керек» десе, енді бірі «тұра берсін, ескерткішін алғанмен, тарихтан жоя алмаймыз» дейді. Сіз не дейсіз?
– Тарихтан жоя алмайтынымыз рас. Гитлерді, Македонскийді жойдық па? Жоя алмадық. Біреу жерге көк шығарып, біреу көкті өшіріп атын шығарады. Назарбаевтың халыққа сіңірген еңбегі орасан зор. Бірақ, қателігі де көп. Ол халықты өзінің жеке отбасындай басқарғысы келді. Алайда, халық отбасының шеңберінен үлкен. Ойына келгенін істегенін жасыра алмаймыз. Оны халық айтып та жүр.
Финляндияның астанасы Хельсинкиге барғанымда, Президент сарайының алдында тұрған ескерткішті көрдім. «Бұл кім?» дегенімде, «фашистік жүйені қолдаған адам» деді. «Фашистік ұғымдағы адамға неге ескерткіш қойылған? Неге алып тастамайды?» десем, «бұл тарихта бар адам. Ескерткішін алып тастағанмен тарихтан жоя алмаймыз» деді. Міне, солай.
Тұлға қайтыс болғаннан кейін, бес жыл өткен соң ғана көшенің атын беруге, ескеркішін орнатуға болады деген арнайы қабылданған заң бар. Сол заңға Президенттің өзі қол қойған. Заңнан аттауға, тіпті Президенттің де құқығы жоқ. Адамзат қанша мықты болса да заң астында, Алатау қанша биік болса да ай астында. Заңнан өзін жоғары қойған адам ең өрескел қателік жасаған болады. Заң – халық мүддесін қорғайтын қару. Кейбір жағымпаздар заңнан аттап, әр жерлерге ескерткіш орнатты. Қасымыздағы Өзбекстанның Президенті болған Ислам Каримов тірі кезінде өзіне ескерткіш қоюға қарсы болды. Ал, Назарбаевтың өзіне ескерткіш қойдырмауға, қарсы болуға рухы жетпеді. Адамға көзі тірісінде ескерткіш қою – қателік. Ал, енді орнатып қойғаннан кейін алып тастаудың қажеті жоқ. Ешкімге кедергі келтірмейді, тұра берсін. Расында да ескерткішін құлатқанмен, тарихтан жоя алмаймыз.
Әңгімелескен Аида ӨТЕП