Оқырман өрендер – келешек кемелдер

Oinet.kz 30-05-2023 520

Қазақтың қайталанбас қаламгері Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзі бар. Адамның адам болып қалыптасуындағы кітап пен кітапхананың маңызын бір-ақ ауыз сөз түсінікті етіп тұрғандай. Жалпы, бүгінгі балалар кітапты қаншалықты оқиды? Балалар әдебиетінің оқылымы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеп, Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры, Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры Ақмарал Құдайбергеновамен сөйлестік. 

Screenshot_15.jpg

- Бүгінгі балалар әдебиетінің жай-күйі қалай? Оқырманы көп пе, аз ба? Жалпы, қазақтың әр баласы қандай кітаптарды оқып шығуы тиіс деп ойлайсыз?

-Бүгінде балалар әдебиеті толығымен жаңарып келеді. Олай дейтініміз, қазіргі заманда күн санап әдебиет алға жылжып келеді. Балаларға арналған шығармалардың барлығының атауы, тақырыптық ерекшеліктері, кейіпкерлерінің есімдері, барлығы, заманауи түрде түрленуде. Балалар әдебиетін іздеп жүріп оқитын балалар баршылық. Балалар, жастар мүлде кітап оқымайды, әдебиетке қызықпайды дегеннен аулақпын. Себебі, біздің кітапханамыздың өзіне күніне ең кемінде отыз-қырық бала келіп, кітап бетіне үңіледі. 

Кез-келген бала оқып шығуы тиіс кітап, меніңше Дәмеш Ахметтің «Көк тудың желбірегені» кітабы. Ол кітап хикаяттар мен эсселерден, ертегілерден тұрады. Мазмұны бай, тілі көркем кестеленген. Әртүрлі жанрда жазылған. Бүгінгі рухани жаңғыру мен шынайы жаңашылдыққа бет бұру заманындағы бақытты балалардың әрқилы әрекеті, өмірге құштарлығы, жаңашылдығы, тапқырлығы, толайым табыстары мен кейбір жетіспеушіліктері сөз болған. Сондықтан да, осы кітапты оқуға ұсынамын. 

- Балалар қазір не оқып жатыр? Не көріп жатыр? Оларға шын мәнінде қандай контент керек?

-Әлеуметтік желіге әуестеніп кеткен балалар баршылық. Тик-токты, инстаграмды, түрлі атыс-шабыс киноларды көреді. Қатыгездікке тәрбиелейтін онлайн ойындарды ойнайды. «Аурын жасырған өледі» дейді дана халқымыз. Жасыратыны жоқ, мұндай балалар бар. Оларды әлеуметтік желіден алыстатып, кітапқа тарту үшін көптеген жұмыстар атқарып келеміз. Жыл басынан бері «Оқырман өрендер – келешек кемелдер» жобасы аясында ең үздік, кітапты көп оқитын балаларды кітапханамызда қызыл кілем арқылы жүргізіп, өз ортасында жұлдыз етіп көрсетіп, төрге отырғызамыз. Осындай бенефис-шоу өткізіп келеміз. Сұхбаттасамыз, оқыған кітаптары мен шығармаларын талдап-талқылап сұраймыз. Шығарма кейіпкерлеріне мінездеме жасағанын тыңдаймыз. Осылайша, өзге де балаларға үлгі көрсетіп, жұлдыз болуға шақырамыз. Әлеуметтік желіде жариялап, олардың жұлдызын жарқыратуға үлес қосамыз. Бенефис-шоуға қатысқысы келетіндердің қатары көбейді. Бәрі де қызыл кілеммен жүріп, өз ортасында жұлдыз болғысы келеді. Біздің бір-ақ шартымыз бар. Ол – кітап оқу. Меніңше, балаларға осындай қызықты контенттер қажет сияқты. 

- Соңғы 20-30 жылда елімізде балаларға арналған ең үздік қай шығармаларды, туындыларды атап берер едіңіз?

- Балалармен қатар өзімізде балалар әдебиетін көптеп оқып тұрамыз. Ол бізге баланың сұранысын қанағаттандыру үшін міндетті түрде қажет болады. Балалар әдебиетінің ішінде үздік деп «Дана» орталығынан шыққан «Жетпіс палуан» атты комикс жанрындағы тарихи әңгімені атар едім. Көлемі шағын болса да, балалардың қызығушылығын тудыратын еңбек. Телефонның кері әсерінен арылып, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға ықпал етеді. Қазіргі заманға ең қажеттісі де осы ғой. Туған елдің тарихын танып, бойдағы күш-қайратты халықтың пайдасына жаратуға тәрбиелеуге бағытталған. Оқиға желісі есте сақтауға жеңіл болу үшін өлеңмен өріліп, көркем суреттермен әрленіп, комикс жанрында жазылған.

Оқиға телефоннан бас алмайтын баланы спорттық секцияға апарудан басталады. Жаттығуға шыдамаған баласына әкесі он тоғызыншы ғасырда болған, тарихи оқиғаның желісінде жазылған жетпіс палуанның ерлігі туралы кітап береді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл кітаптың соңында екі түрлі QR код қойылған. Оның бірінде кітаптың аудионұсқасы ұсынылса, екіншісі арқылы комикстің бейнежазбасын көруге болады. Кітап соңында әңгіме мазмұны бойынша суреттермен тапсырма берілген. Бұл да балаларды әдебиетке тарудың бір нұсқасы деп ойлаймын. Осы туындыны бүгінгі балалар әдебиетінің үздік шығармасы деп санаймын.

Аида Өтеп

«Қазақтың қаракөз қыздары төсектес болуға міндеттелген» - Белгілі заңгер
Масылдық – қоғам індеті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу