Майданнан 10 ұлы да аман оралған ана
06-01-2024
Бұдан 70 жыл бұрын АҚШ-тың Әскери әуе күштері Жапонияның Нагасаки қаласын бомбылаған болатын. Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ мен Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ дүйсенбі күні өткен қаралы жиында сөз сөйлеп, алдағы уақытта да Күн шығыс елі «Ядролық қарусыз әлем үшін» күресті жалғастыра беретінін мәлімдеді. Осы оқиғаға орай арнайы үндеу хат жолдаған БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун: «Біз болашақта ядролық қарудың тағы да қолданылуына жол бере алмаймыз, мұндай катаклизмнің гуманитарлық салдары өте ауыр. Болашақта ешқандай Нагасакилер мен Хиросималар қайталанбауы керек!» депті.
Нагасакидегі қайта бой көтерген шіркеулерде ғибадаттар өтіп жатыр. Херосимадан соң үш күннен кейін бомбыланған Нагасакиде кемінде 70 мың адам қаза тапқан болатын. Бұл – бұрын-соңды болмаған соғыс қасіреті еді. Ядролық соғыстың қасіреті еді.
Тарихшылардың топшылауынша, Нагасаки бомбыланбауы да мүмкін еді. Американың Әскери әуе күштері Кокура қаласын бомбыламақ болған. Бұл қала бұлттан жақсы көрінбегендіктен янкилер Нагасаки қаласын бомбылай салған. Қалаға тасталған бомбылардан Нагасакидің үштен бірі қирап, бір сәттің өзінде мыңдаған адамдардың қырылып, тағы да мыңдаған адам сәулелену дертіне ұшырады. Арада көп уақыт өтпей, Жапония капитуляцияға, яғни тізе бүгу құжатына кол қойды. Бүгінге дейін тарихшылар «Нагасаки мен Хиросиманы бомбылау қаншалықты қажет еді?» деген мәселе төңірегінде дауласып келеді.
Сол бомбылаудан тірі қалғандардың бірі Тору Митне өз естеліктерінде: «Сол күні ауа ашық еді, кенеттен көзді шағылыстыратындай жарықтың жалыны көрінді. Алғашында бұл найзағайдың жарқылы ма деп ойладым, кейін ауаның шайдай ашық екенін көріп абдырып қалдым» деп еске алады әлігі жапон қарты. Ал 86 жасар Сумитеру Танигучи ақсақал: «Айналамдағылардың барлығы өліп кетті. Тек мен тірі қалдым, дұрысы – мені Құдай әдейі тірі қалдырған шығар, бірақ осы күнге дейін сол жарылыстың азабын тартып келемін» - дейді.
Соңғы кезде ядролық қару кім тарапынан және қалай қолданылуы мүмкін деген тақырып көп талқыланатын болды. Бүгінгі ядролық қару бұдан 70 жыл бұрынғы қаруға қарағанда қауіпті әрі кең масштабты жаппай қырғын қаруына айналды. Ядролық клуб мүшелерінің бірін-бірі қырып жойып жіберу мүмкіндігі аталған қарудың қолданылуына тосқауыл болып отыр. Ядролық қаруға қол жеткізу бүгінде біраз елдің арманына айналды. Біраз мемлекеттер – Израиль мен Пәкстан бұл қаруға қол жеткізді. «Алтылық» әупірімдеп жүріп, Иранның ядролық жобасын тоқтатуға қол жеткізді.
Ал Қазақстан – өз қалауымен ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекет. Ядролық державалар қазақ билігінің бұл шешімін қызу қолдап, Елбасыны АҚШ президенті бірнеше рет қабылдады, Ақ үйде естелік үшін бірге суретке де түсті. Жазылмаған заңдылыққа сәйкес, қайсы елдің басшысына да АҚШ президентінің қабылдауында болып, онымен суретке түсу – үлкен мәртебе, мемлекет басшысы ретіндегі легитимдігі, яғни өкілеттігінің заңды түрде мойындалуы. Клинтонмен суретке түсу мәртебесі үшін Ресейдің бұрынғы сыртқы істер министрі Андрей Козыревтің орыс әскерін өтеусіз Германиядан шығарғанын айтады.
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқаны үшін ядролық бестік (АҚШ, Ресей, Қытай, Британия және Франция) елімізді қорғау кепілдігін бергенін білеміз. Басшылықтың басқа тағы қандай жеңілдіктерге қол жеткізгені белгісіз. Жалпы біз бұл келісімнің егжей-тегжейін білмейміз, оны Парламент те білмейтін шығар. Бұл келісімдердің мазмұны мен мемлекет мүддесіне сәйкестігі – болашақтың еншісіндегі әңгіме деуге болады.
Мұрағаттан, 2015 ж