«Кедей болу – ұят» дейді Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков

Oinet.kz 04-06-2019 2178

Screenshot_4.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбековтың «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткізген брифингінде таулы аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігіне жан-жақты сипаттама берілді. 

Төлеби ауданының 2015 жылдың 6 айындағы аумақтық өнімі 30,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 254 миллион теңгеге артыпты. Бұл – адам басына шаққанда 262 мың теңге деген сөз. Ауданның бүгінгі күндегі ең өзекті мәселесі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Статистикалық мәлімет бойынша Төлеби ауданында 115712 адам тұрады, оның ішінде экономикалық белсенді халық – 52,2 мың адамды құрайды, жұмыспен қамтылғандары – 49,8 мың адам. Жұмыссыз ретінде тіркелген 1228 адамның 715 жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш – 58 пайызды құрап отыр. Жұмыссыздықты шешудің бүгіндегі төте жолы – кәсіпкерлікті дамыту. Төлеби ауданының кәсәпкерлік саласында бүгінде 15 мыңға жуық адам өз шаруасын дөңгелетіп келеді. Бұл – жымыспен қамтылған экономикалық белсенді халықтың дерлік үштен бірі деген сөз. Кәсіпкерлердің өндірген тауары мен көрсеткен қызметінің көлемі 20 миллиард теңгеге жуықтаған. Ал бұл көрсеткіш өз кезегінде аумақтық өнімнің тура екіден үш бөлігін құрап отыр. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлердің өндірген өнімі дерлік 1 миллиард теңгеге артқан. Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта бұл саланың іске қосылмаған мүмкіндіктері мен әлеуетіне ерекше басымдық берілетін болады.

Инвестиция тарту – Астанадан бастап ауданға дейінгі биліктің шешетін басты мәселелердің біріне айналды. Бүгінде инвестиция үшін қиянкескі күрес жүріп жатыр. Инвестицияны экокномиканың бойына қан жүгіртіп, тәніне қуат дарытатын қаржылық инструмент деуге болады. Осы жылдың 6 айында ауданға бағытталған инвестициялар көлемі 6 миллиард 729 миллион теңгені құрапты. Оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен – 1 миллиард 625 миллион теңге, ал қалғаны – кәсіпорындар, ұйымдар және халықтың өз қаржысы. Жеке инвестор – талғампаз инвестор, ол «жеті өлшеп, бір кеседі», ал сол жекеменшік институттардың инвестициясын аудан экономикасына тарта білу үлкен еңбек пен ыждыһаттылықты талап етіп отыр. 

Жергілікті биліктің өкілеттігіндегі бағыттардың бірі – елді ауыз су мен табиғи газбен қамтамасыз ету. Аудандағы 55 елді мекеннің 51-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағыт бойынша көрсеткіш – 92 пайызды құрап отыр. Ал табиғи газбен жыл аяғына дейін аудан халқының 95 706 тұрғыны, яғни 82 пайызы қамтамасыз етілетін болады. 

«Рейтинг» газетінің баламалы энергияны дамыту жайлы сауалына жауап бере келе аудан әкімі бұл мәселе бойынша бірқатар бағдарламалар қолға алынғанын айтты. Аудан әкімдігінің арнайы шешімі бойынша бюджеттік мекемелер энергия үнемдеуші лампалармен жабдықталған. Таулы аймақ болып табылатын Төлеби ауданында орта қуаттағы ГЭС-тер салуға болады. Бұл тұрғыда бірнеше жоба қолға алынбақ. Ал бүгінде Сайрамсу өзенінде «Ақсуқуат» компаниясы 2,5 мегаваттық ГЭС құрып жатыр. Бұл нысан келесі жылдың мамыр айында іске қосылады деп күтілуде. «Ал Ленгір қаласының маңынан 30 гектар жер бөлініп, онда күн сәулесінен электр қуатын өндіру жобасы қолға алынбақ. Сондай-ақ, Ақсу, Қасқасу өзендерінен шағын ГЭС-тер құру жобалары қолға алынбақ. Ілгеріде Өгем өзенін буып ГЭС салу жобасы қарастырылған болатын. Бірақ Өгем трансшекаралық өзен болғандықтан ГЭС құру үшін Өзбекстанның келісімі керек. Сондықтан бұл жоба жақын болашақта қолға алына қоймас» - дейді Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков. 

Брифинг барысында Ленгір қаласындағы «Достық» базарының жайы да сөз болды. Аудан әкімінің айтуынша, бұл 32 соттық жерде орналасқан сауда орнының 17 акционері бар екен. Меншік иелері базаршыларды дау-дамайға үндеп, Төтенше жағдай мен Санэпидстанса мекемелерінің базарды жабу жайлы шешімінің орындалуына кедергі болып отыр. Әуелхан Тұрғымбековтың айтуынша, құқық қорғау мекеемелері де осалдық танытып отыр. «Базар міндетті түрде көшіріледі, алақандай жерде 300-400 адамның сауда жасауы, қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуі мүмкін емес, ондағы антисанитариялық жағдай тіпті сын көтермейді, сондай-ақ, Ленгір қаласының даму жоспары бойынша салынған базарда сатушыларға да, тұтынушыларға да барлық жағдай жасалған, жергілікті билік тек тұрғындарға ыңғайлы болуын ойлайды. Ал меншік иелерінен бұл 32 соттық жерді ешкім тартып алмақ емес, олар қазіргі базардың орнында басқа нысан ашуы мүмкін» - дейді аудан әкімі.

«Төлеби ауданын – жер жаннаты деуге болады. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы, табиғаты жайлы, қыз бұрымындай өрілген өзендері бар жерде кедей болу – ұят тірлік. Тек үй іргелік жерге жоңышқа мен тікен емес, отбасының жегілік көкөнісін ексе, соның өзі адамды асырайды». Аудан әкімінің бұл ойларын бұрыс деу - әділетсіздік болар еді.  

Мұрағаттан, 2015 ж

Ұста дүкенi (Ағайынды Құлменовтер туралы толғаныс)
Шымкент Малайзия бола ала ма? Құда—мыңжылдық, ал әкімдік...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу