Түркістандық шеберлер туристерге қала тарихынанан сыр шертеді
Ренессанс дәуірі негізгі дәстүрлі зергерлік бағыттарды бекіткен ел аумағына әшекей бұйымдарды арнайы алу үшін келетіндердің қатары көп. Алтынның сапалы сынамасымен танымал Ресейдің де бұл индустрияда бәсі жоғары. Тарихпен астасқан тағлымның Түркістан аумағындағы деңгейін білгіміз келіп, зергер Нұрдәулет Аманқұлды сөзге тарттық.
- Түркістан әлемдік деңгейдегі қолөнершілер орталығына айналады деп күтілуде. Бұл фактор туризмнің дамуына ықпал жасары даусыз. Алайда, біздің шеберлердің ішкі мәдениеті халықаралық деңгейге дайын ба?
- Түркістан туристік қала болғандықтан 2009 жылы көшіп келдім. Қалада 2013 жылы желтоқсан айында балалар қолөнер мектебі ашылған. Сол жерде 30 шебер жұмыспен қамтылды. Мектеп ғимаратында 20 қолөнерші шеберханамен қамтамасыз етілді. Мен 2014 жылдан бері сол мектепте сабақ беремін. Ол жерде біз балаларға өнердің қыр-сырын меңгеруге жол көрсетеміз. Ақпарат аясы тар болғандықтан, көбі біле бермейді ғой. Түркістандық шеберлер республикалық, халықаралық деңгейде байқау-көрмелерде үздіктер қатарында. Шебердің потенциалын байқаумен өлшеуге келмейді, әрине. Біздің қолөнершілер бір-бірімен тығыз қатынаста. Жалқы жетілмей, бір жаңалық үйренсе, өзгелермен бөлісуге дайын тұрады.
- Кәдесый орталығында қандай заттарыңызға сұраныс жоғары екендігін қалай білесіз?
- Маған арнайы тапсырыс беріледі, сатушылардың сұранысын қанағаттандыруға тырысамын. Қолөнердің аясын кеңейтіп, тек бір бағытпен шектелмедім. Бейнет көрген адам, зейнетін де көреді ғой. Шетелдік туристер шеберханама іздеп келіп, туындыларыммен танысқанға құштар. Олар үшін менің шеберханам-музей іспетті. Малайзиядан 2017 жылы туристер келді. Кәдесыйлар дүкенінен менің қамшымды көздері шалып, ол жайлы барша мәліметті білгісі келеді. Туристерге атакәсіптің тарихын, шаруашылықта қолданылуы жайлы ақпарат бердім. Нәтижесінде әрқайсысы бір-бір қамшы ала кетті. Кәдесый орталығынан кім қандай зат алғандығы жөнінде нақты деректер жоқ. Менің өнерімнің жемісі-халыққа тиесілі.